Кеншілер қаласының білім бөліміндегі 9 жалпы білім беретін, 4 инновациялық бағыттағы мектепте 12262 бала оқиды. 1204 ұстаз сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Олардың қатарында 4 педагогшебер, 168 педагог-зерттеуші, 48 магистр, 2 PhD доктор бар. Биыл жаңа оқу жылында ұстаздар қатарына 25 жас маман қосылды.
Сондай-ақ, 14 балабақша, 3 қосымша білім беру мекемесі бар.
– Берік Базылұлы, биылғы жаңа оқу жылы кеншілер қаласының ұстаздар қауымы үшін «жүлде жауған» сәт ретінде есте қалатын шығар…
– Нені мегзеп отырғаныңызды түсіндім. Ұстаздар мерекесінде облыста өткен салтанатты жиыннан қанжығамыз майланып, олжалы оралдық: «Үздік директор» аталымында Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-лицей директоры Жанар Жаманғарина – ІІ (300 мың теңге), «Үздік директор орынбасары» аталымында С. Сейфуллин атындағы гимназия директорының орынбасары Фарида Оразалина – ІІІ (150 мың теңге), «Үздік әдіскер» аталымында қалалық білім бөлімінің әдіскері Айсұлу Шакина – І (600 мың теңге), «Үздік әлеуметтік педагог» аталымында Абай атындағы № 4 мектеп-лицейінің әлеуметтік педагогі Жазира Ашабекова – І (600 мың теңге), «Үздік арнайы білім беру педагогі» аталымында № 7 жалпы білім беретін мектеп педагогі Әсел Алдабергенова – ІІІ (150 мың теңге), «Үздік психолог» аталымында Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының психологі Әзиза Әбішева – ІІ (300 мың теңге), «Үздік әдістемелік кабинет» аталымында қалалық білім бөлімі – І (1 млн. теңге), «Үздік қосымша білім беру ұйымы» аталымында қалалық оқушылар сарайы – І (1 млн. теңге), «Үздік музей» аталымында № 27 жалпы білім беретін мектептің Қ. Сәтбаев атындағы мұражайы – І (1 млн. теңге), «Үздік мектепке дейінгі білім беретін ұйым» аталымында «Нұрбөбек» бөбекжайы – ІІ (600 мың теңге), «Үздік білім беру ұйымы» аталымында Абай атындағы № 4 мектеп-лицейі – І орын (1 млн. теңге) иеленді. Былтырғы оқу жылында да «Үздік білім беру ұйымы» аталымында жеңімпаз атанып, С. Сейфуллин атындағы гимназия сыйға панель алған еді.
– Енді білім беру саласында қалыптасқан ахуалға қарай ойыссақ...
– Бүгінде мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту – аса маңызды мәселе. Осы орайда мектеп инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Былтырдан бері 5 мектеп оптоталшықты, жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылса, 2 мектепке спутниктік Starlink желісі тартылды. ҚР Үкіметі бекіткен 2023 жылғы 28 наурыздағы № 249 қаулыға сәйкес мектептерді заманауи оқу кабинетімен жабдықтау қарқынды жүзеге асырылуда. Өткен оқу жылында 4 мектеп – STEM, 3 мектеп – физика, 1 мектеп – биология, 3 мектеп химия кабинетімен қамтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің болашағы толығымен біздің сөзсіз жаһандық цифрландыруға бейімделу қабілетімізге байланысты» деп атап өтті. Біз келешекте мектепті жаңа үлгідегі кабинетпен одан әрі жабдықтау жұмысын жоспарлаудамыз. Мектептерде оқушылардың ақпаратқа еркін қол жеткізуіне және педагогтердің оқыту әдістерін жаңғыртуына қажетті барлық жағдай жасалуда. Биыл маусымда С. Сейфуллин атындағы гимназия институционалдық аккредиттеуден, 4 мектеп пен 7 мектепке дейінгі мекеме мемлекеттік аттестаттаудан өтті.
2023 – 2024 оқу жылында 322 түлек ҰБТ тапсырды. Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Іңкәр Жүсіпбек ең жоғары – 131 балл алды. Жалпы 47 түлек 100-ден жоғары балл жинады. 9 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. 25 оқушыға үздік аттестат табысталды. Оқуға түскендердің 157-сі грант иеленді. Оқушылардың жеке санаттарына жаңа оқу жылына дайындалу мақсатында мемлекеттен бір реттік 43407 теңге қаржылай және материалдық көмек қарастырылған. Ағымдағы жылы 892 жеке санаттағы оқушылар қамтылды.
14 мемлекеттік балабақшаның 3-еуі мемлекеттік тілде, 11-і аралас балабақша. Бөбекжайларда барлығы 2639 бүлдіршін тәрбиеленсе, оның 2002–сі қазақ тілді топтарда. Мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілді топ ашу жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Айналайын» бөбекжайы күрделі жөндеуден өтіп, 1 қазанда бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Сонымен қатар күрделі жөндеуден кейін «Ақбота» бөбекжайында мемлекеттік тілде 1 топ ашылып, қосымша 25 бүлдіршін қамтылатын болады. Қазіргі уақытта indigo24.kz бағдарламасы бойынша 2249 бала кезекте тұр.
– Инклюзивті білім беру жүйесі қалай жолға қойылған?
– Инклюзивті білім беру – сапалы білім алуға қолжетімді жағдай қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесінің өзгерген үдерісінің бірі. Қаланың жалпы білім беретін мектептерінде инклюзивті білім беруді дамыту үшін жағдай жасау көрсеткіші – 84,6, мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиелеу мен оқыту жағдайын жасау 78,5 %. Инклюзивті білім беруді жүзеге асыруда 2014 жылдан бастап № 7 жалпы білім беретін мектеп «тәжірибелік инклюзивті колледж» республикалық пилоттық жобасына сәйкес 11 магниттік мектеппен жұмыс істейді.
Білім беруде ерекше қажеттілігі бар бала – 321. 76 оқушы – үйде, 207 бала қалыпты балалармен сыныпта және 38 бала № 7 жалпы білім беретін мектептің арнайы сыныптарында білім алуда. Мектеп жасындағы мүгедек бала – 101. 2023 – 2024 оқу жылымен салыстырғанда биыл 40 балаға көбейді. № 7 жалпы білім беретін мектепте 7 арнайы сынып бар. Бес сыныпта балалар психикалық дамуы тежелген диагнозбен отыр. Биылғы оқу жылында жеңіл және орташа ақыл-есі диагнозымен екі 1-сынып ашылды. 2 логопункт Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы мен № 7 мектепте орналасқан.
Жылда өтетін «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылық фестиваліне балалар қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Мәселен, № 27 мектептің 8-сынып оқушысы «Хореография» аталымында ІІІ орын иеленсе, Ә. Марғұлан атындағы жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Ұлттық инклюзивті ойындардың республикалық кезеңінде «Тоғызқұмалақтан» ІІ орынды жеңіп алды. Білімге ерекше қажеттілігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында биыл Ә. Марғұлан атындағы жалпы білім беретін мектеп пен № 3 жалпы білім беретін мектепте инклюзивті қолдау кабинетін ашу жоспарланған.
– Педагогтар қауымына қатысты пайым-пікіріңізді тыңдасақ…
– Тапшылықтың тауқыметін білім беру саласы да бастан өткеруде. Орыс сыныптарына математика, физика пәнінен сабақ беретін мұғалімдер, бастауыш сынып мұғалімдері, сондай-ақ, логопед, дефектолог, балабақшада тәрбиешілер жетіспейді. Бүгінде бұл қажеттілік мұғалімдер жүктемесін қосымша көбейту және қос қызметтілікке педагог қабылдау арқылы шешіліп отыр. Бос орындар enbek.kz сайтында жарияланады. Кадр тапшылығын шешу мақсатында ЖезУ, ҚарМУ және педагогикалық колледждермен келісім-шарт жасалған.
Жалпы педагогтарды ынталандыру, қолдау, білім беру ұйымдарының үздік тәжірибесін анықтау, шығармашылық әлеуетін дамыту және озық педагогикалық тәжірибені тарату мақсатында кәсіподақ ұйымымен бірлесіп бірқатар іс-шара өткізілуде. Атап айтсақ, «Үздік бейнесабақ» байқауы, «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Үздік авторлық бағдарлама», «Математикалық регата», «Мектепке дейінгі мекеменің үздік педагогі», «Әдістемелік қоржын» байқаулары. Мұғалімдеріміз – бұл байқаулардың облыстық, республикалық кезеңдерінің жеңімпаздары.
Ұстазды ұлықтау мақсатында Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ұстаздардың ұстазы Бейсенбекова Шабал апай атындағы педагогикалық оқуды 2021 жылдан бері облыстық деңгейде өткізіп келеміз. Республикалық деңгейдегі «Үздік педагог» байқауында биіктен көрініп жүрген ұстаздар баршылық. 2022 жылы Абай атындағы № 4 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсім Баяхметова, С. Сейфуллин атындағы гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Виктория Анатольевна Ульянова, Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі Света Кенжеғозина, 2023 жылы Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әлия Құрманова, 2024 жылы С. Сейфуллин атындағы гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Амангелді Бұқар, Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның география пәні мұғалімі Айнұр Жүнісова облыстық кезеңнің жеңімпазы атанса, 2022 жылы Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі Бақыткүл Қалмекеева, биыл Республика күні қарсаңында С. Сейфуллин атындағы гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Арайлым Қазиева республикалық кезеңнің жеңімпазы болды, «Білім беру саласының үздік педагогі» төсбелгісі мен 1000 АЕК көлемінде сыйақы алды.
Білім беру саласында үздік нәтижеге жеткен, педагогикалық қызметте жоғары жетістігі бар педагогтарға сый-сияпат көрсету үшін 2022 жылдан бері «Жыл үздігі» байқауын өткізу дәстүрге айналды. Сәтбаев қаласы білім бөлімінің атынан әр жеңімпазға 100 000 теңге ынталандыру сыйақысы және диплом қоса табысталады. Бұл байқауға 3 жылда жалпы 121 үміткер қатысып, 39-ы жеңімпаз атанды.
«Ұлытау облысының білім беру жүйесін дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған Жол картасына» сәйкес «Ұстаз-Ұлытау» қоры оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында «Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі» технологиясын енгізіп, республикалық жоба іске асты, нәтижесінде 5 педагог ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл технологияны енгізуді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ж. Караев бастаған ғалым-әдіскерлердің жұмыс тобы жүзеге асырды.
Сондай-ақ, 5-9-сынып оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында «Зерде» қалалық әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Жоба жұмысын жандандыру үшін пән мұғалімдеріне онлайн және офлайн форматта іс-тәжірибе таратылып, шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Жобаның нәтижесінде қаланың 50 жылдығына орай әр пәннен 50 тапсырма жинақталып, пән мұғалімдеріне әдістемелік көмекші құрал ретінде ұсынылды.
Дарынды балалармен жұмыс жүйелі жүргізіледі. Оқушылардың пән олимпиадасы, ғылыми жоба, «Алтын қазына», «Менің кіші Отаным», «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобасы, «ProEco» республикалық экологиялық жобалар байқауы, «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық форумы, тағы басқа тақырыптық зияткерлік, шығармашылық байқауларға оқушыларымыз белсене қатысып, жүлделі оралып жүр.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Әлібек ӘБДІРАШ.