Ел Тәуелсіздігінің арқасында жүзеге асырылып жатқан асқаралы асулар жайлы айтқан кезде Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, Шығыс пен Батысты жалғастырған Жезқазған – Бейнеу теміржолы туралы ауызға алмау мүмкін емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған ауқымды жобаның іске асып, өмір шындығына айналғанына биыл 7 жыл болды. Бұл – бұрын теміржол тұйығында қалған қала саналатын Жезқазғанның тыныс-тірші-
лігіне тың серпіліс бергені анық. Жапан дала жаңғырып, бұйығы жатқан ауылдар жаңа жолдың келуімен жанданып, өңірдегі тіршілік қайнай түсуде.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенді өңірге 2014 жылғы тамыз айындағы жұмыс сапары кезінде өз қолымен Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржолдарын іске қосуы жалғыз осы аймақ емес, ел өміріндегі айтулы оқиға болған еді. «Еліміздің экономикасы ілгерілеп, 500 миллиард теңге ақша бөлетін жағдайға жеткеннен кейін осындай 1200 шақырымдық теміржол салынып отыр. Бұл – айта салуға ғана оңай. Ал, маңызына келсек, 50-100 жылда пайдаланатын игілігіміз», – дей келіп, Елбасы Арқа төсін көктеп өтетін магистральды Каспий арқылы Таяу Шығыс елдеріне, Кавказбен
Еуропаға асуға, ал, шығыста Ляньюньган порты арқылы Тынық мұхитқа шығуға мүмкіндік беретін ежелгі Жібек жолының жаңартылуына балағаны есімізде. Жаңа желі содан бергі жеті жылдың ішінде Жезқазған – Ұлытау өңірі мен еліміздің батыс аймағына соны леп әкелді. Бейнеу магистралінің іске қосылуы Қытайдан оңтүстік-батыс бағытындағы жүк тасымалы жолының бұрынғыға қарағанда 752 шақырымға қысқаруына мүмкіндік берді.
Көлік-логистикасының перспективасы бойынша еліміз Ақтаудағы теңіз портын жаңарту арқылы 2020 жылы оның жүк айналымын 25 млн. тоннаға жеткізуді көздеген еді. Міне, осы тасымалдың елеулі бөлігі Бейнеу теміржолы арқылы жүзеге асу үстінде. Қытайдың Батысқа жөнелтетін транзиттік жүктері де Ақтауға осы жолмен жеткізіледі. Одан әрі Ұлы Жібек жолының бұл бағыты салынып жатқан Баку-Тбилиси – Карс теміржолымен жалғасып, Түркия арқылы Еуропа елдеріне жол тартады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жол жүк тасымалын 30 күннен 7-9 күнге дейін қысқартады екен. Ал, Түркменстан арқылы Иран мен Парсы шығанағы елдеріне шығу жобасының бастауында да Жезқазған – Бейнеу жолы тұрғаны айтылып жүр. Бұл енді еліміздің сыртқы елдермен байланысы мен экспорттық әлеуетін күшейтуге қатысты қадамдар болса, Арқа төсін көктей өткен Жібек жолының мысты өлкемен қатар Сыр мен Батыс өңірлеріндегі елді мекендерге де жаңа леп, қайнаған тіршілік әкелгенін атап айту керек.
Шығыс пен Батысты жалғаған 988 шақырымдық Жезқазған – Бейнеу болат жолының бойында 18 станса мен 39 разъезд іске қосылды. Жапандағы дала жанданып, елді мекендердің тамырына қан жүгірді. Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары арқылы тікелей Каспий теңізіне шығатын жаңа жолдың 142 шақырымы Маңғыстау облысын басып өтсе, басым бөлігі біздің аймақта. Жезқазғаннан Сексеуілге бет түзеген болат жолдың 374 шақырымы облысымызға тиесілі аумақтан өтеді. Жезқазғанға қатысты бөлігінде Қарсақбай, Байқоңыр, Көктал, Қоскөл стансалары бой көтеріп, 18 жолайрық бекеттері салынды. Ол жерлерде өндірістік нысандар, теміржолшылар үшін тұрғын үйлер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Өңір тұрғындары жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Бізге қатысты теміржол телімдерінде 400 теміржолшы еңбек етуде. Қоскөл, Көктал, Байқоңыр, Қарсақбай стансаларының барлығында 50 жолаушыға арналған жаңа вокзал ғимараттары, екі пәтерлік 8 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Қоскөл стансасында өрт сөндіру депосы, локомотив машинистерінің үйі, шеберхана, кәріз жүйесі салынды. Жезқазғанда да теміржолшыларға арналған 30 пәтерлік үйлер салынып, біразы пайдалануға берілді. Рас, бұл игі жобалардың аяғына дейін жеткізілмей, тоқтап қалған тұстары да баршылық. Ол енді басқа тақырыптың өзегі бола жатар. Мұның шет жағасын жақында сөйлескенімізде Қоскөл ауылының әкімі де айтып қалған еді.
– Қоскөл стансасындағы шеберхана мен депо әлі іске қосылмай тұр. Кәріз жүйесі де толық аяқталмай, лас суы далаға ағуда. Қарағанды теміржол бөлімшесі басшыларымен осы шаруаларды тиянақтау жөнінде жұмыс жүргізіп, мәселе көтерудеміз. Ал, енді Бейнеу жолының салынуы шалғайдағы ауыл тіршілігін жандандыра түскенін ешкім жоққа шығармайды. Тұрғындардың жолаушылар пойызына отырып, қалаған жағына қиналмай жетуіне оңтайлы мүмкіндік жасалды. Ауылдық округте жалпы 616 тұр-
ғын болса, соның 400-ден астамы орталықта тұрады. Әр үйден бір-бір адам теміржолдан нәпақа тауып отыр десек болады. Қазір ауылдың 70 адамы осы салада жұмыс істейді. Соның арқасында халықтың туған жерде тұрақтап, орнығып қалуы ойдағыдай. Мектепте 104 бала оқиды. Мектеп жанындағы шағын орталыққа баратын бүлдіршіндер сыймай қалып еді, жаңадан «Ертөстік» балабақшасы салынды. Онда қазір 40 бала тәрбиеленуде. Жалпы ауыл тұрғындарының әлеуметтік ахуалы мен тұрмыстық жағдайы жыл сайын жақсарып келеді, – дейді Қоскөл ауылдық округінің әкімі Қалдыбек Кәкімжанов.
Теміржол стансасы іргелес орналасқан Байқоңыр ауылының әкімі Шәріп Бекетов те халықтың ауылға тұрақтануы жақсарғанын, пойыз арқылы жан-жаққа жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғанын тілге тиек етті. Бүгінде 570 тұрғыны бар ауылдың 30 адамы теміржол бойында еңбек етеді екен. Жастар арасында теміржолшы мамандығын алуға жақсы бетбұрыс бар. Бұл орайда Жезқазған бизнес-көлік колледжінде теміржол мамандарын даярлау жолға қойылғанын атап өтуге болады.
Жезқазған – Бейнеу жолымен қазірде тәулігіне 32 жүк және контейнерлік пойызы жүріп жатыр. Мәселен, Құлсары мұнайы Қытай-
ға қарай жол тартса, «Арселор Миттал» компаниясының болат қа-
ңылтырлары Иранға жөңелтілуде. Болашақта ашық вагондардан бас тартып, логистиканың талабы бойынша контейнерлік тасымалдауға көшу көзделуде. Осыған байланыс-
ты контейнерлік пойыздар көбейеді. Жолаушылар тасымалының ауқымы да кеңейе бастады. «Экспо» халықаралық көрмесі кезінде осы жол арқылы Душанбе-Астана жолаушылар пойызы жүрген болатын. Қазіргі таңда Қызылорда – Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызы күнара жүріп, барыс-келіс жиілей түсуде. Алдағы уақытта басқа да бағыттар ашылады деген ел үміті бар. Теміржолдың жүк және жолаушылар тасымалдау пойыздарын өткізу мүмкіндігін одан әрі арттыру бағытындағы жоспарлы жұмыстар әлі де жалғасу үстінде. Рельс табанындағы ағаш шпалдар бетонға айырбасталуда. Жолдың беріктігі мен өткізу мүмкіндігі толықтай қамтамасыз етілген соң локомотивтердің жүру жылдамдығы артады.
Болашақта Бейнеу жолы арқылы жылына 21-22 млн. тонна жүк тасымалданады деп жоспарлануда. Ел арманы жүзеге асып, тұйықтан шыққан Жезқазған-Ұлытау өңірі енді еңселене түсіп, тоғыз жолдың торабында түлеген құстай еркін тыныстайтын кезі келді. Болат жолдың бойындағы тіршілік те уақыт өткен сайын қайнай түсуде. Өңір жұртшылығы бүгінде теміржолдың өмір жолына айналғанына шынайы ризашылығын білдіріп отыр.
Амандық РАХҰЛЫ.