Дана халқымыз: «Жау жоқ деме жар астында бөрі жоқ деме бөрік астында» деген мақалды бекер айтпаса керек. Елдің есінен кетпес 2022 жылғы қанды қаңтарда ел арасына бүлік салып, мемлекетіміздің шаңырағын шайқалтпақ болған кейбіреулердің іс-әрекеті адам тағдырын қиып, бейбіт елдің берекесін қашырды. Алматыдағы бейбіт шеруді өз мүдделеріне пайдаланбақ болған топтың іс-әрекетін басуға еліміздің ішкі әскері жұмылдырылды.
Айдың-күннің аманында ел тыныштығын бұзғандарды ауыздықтауға аттанғандардың қатарында өрімдей жас жігіттер мемлекет мүддесі үшін қасқая қарсы тұрды. 2021-2022 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардияның Алматы қаласындағы №5571 әскери бөлімінде әскери міндетін атқарған Ержігіт Мұхитов сол қаралы қаңтардың ортасында болғандардың бірі. Ержігіт – Сәтбаев қаласының тумасы. Кеншілер қаласындағы білімнің қарашаңырағы №27 орта мектептің түлегі. 2017 жылы 9-сыныпты тәмамдап, Жезқазған политехникалық колледжіне автокөлікті пайдалану және жөндеу, техникалық қызмет көрсету мамындығы бойынша оқуға түсіп, 2021 жылы әскер қатарына шақырылды.
– Әскери міндетті атқарғанда өмірімде естен кетпес қақтығысқа қатысамын деген ой мүлде болмады. Сол жылғы қаралы да ызғарлы қаңтардың оқиғасы әлі көз алдымда. Оны есіме түсіріп, айта бергімде келмейді. Әскери бұйрықты орындадық. Отанымыздың тұтастығы мен бейбіт күннің жарығы үшін сапқа тұрдық. Сонда іштей бұл қақтығыс тоқтап, жас мемлекетіміздің гүлденуін, тыныштығын тіледім. Ел мүддесіне қарсы жұмыс жасаған мұндай топтардың кесірі бейбіт халыққа қаншама зиян екенін сол сәтте ұғындым, – дейді Ержігіт.
Атына лайықты Ержігіттің Отан тыныштығын қорғаудағы ерлігін №5571 әскери бөлімінің командирі Б.Оспанов Ержігіттің ата-анасы Сұлтан Әлкебаев пен Айман Сыздықоваға жолдаған Алғыс хатынан анық аңғаруға болады.
Алғыс хат мәтініне көз жүгіртсек: «Құрметті Әлкебаев Сұлтан және Айман Сыздықова! №5571 әскери бөлімінің қолбасшылығы Сіздің ұлыңыз Ержігіт «нағыз жауынгер» екенін мақтанышпен хабарлайды. Алматы қаласындағы бейбіт шеру қарақшылар мен террористерге қарсы арандатушылық күш қолданылған жаппай тәртіпсіздікке ұласып, құқық бұзушылардың конституцияға қарсы іс-әрекеттерін орындау кезінде Сіздің ұлыңыз жаппай тәртіпсіздік жасаған қарақшылардың жолына түсіп, әскери антқа адал бола отырып, Отан алдындағы әскери борышын орындады. Сіздер оны нағыз ер адамға тән қасиеттермен тәрбиеледіңіздер, оны мақтан тұта алсыздар. Нағыз Отан қорғаушыны тәрбиелегендеріңіз үшін алғыс айтамын!» деп алғыс жарияланған.
Ата-ана үшін баласының мұндай жетістігі олардың абыройын асқақтатқаны шын. Бейбіт заманда елдің берекесін алып, ынтымағын ыдыратқысы келгендердің жолын кескен Ержігіт Мұхитов әскери борышын адалдықпен атқарып, абыроймен оралды. Ержігіт білім алған №27 орта мектептің педагогикалық ұжымы да өздерінен түлеп ұшқан түлегінің Отанға деген сүйсіпеншілігін мақтан тұтамыз дейді.
Ержігіт қазіргі таңда Шығыс Жезқазған кеніші №57 шахтаның №15 телімінде механик болып еңбек етуде. Ержігіттің Отан алдындағы ерлігі әскер қатарына қабылданар жас сарбаздарға үлгі болмақ.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.