Сәрсенбі күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесі өндірістің әр буынында еңбек еткен ардагерлер арасында Ұлытаудың тумасы, жазушы, публицист, Ұлы Отан соғысының майдангері Баубек Бұлқышев атындағы «Белка» ойынын ұйымдастырды.
Жыл сайынғы дәстүрлі ойынға биыл 20-ға жуық ардагер қатысты. Кеңестің Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров «Белка» ойынына қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Төлеген Нұрмағанбетұлы күні кеше ғана аталып өтілген Жеңіс күніне орай Жезқазған мыс қорыту зауытында еңбек еткен, тыл ардагері Мұқаш Жанділдинге «Ардагерлер ұйымы» республикалық ҚБ «Құрмет белгісі» төсбелгісін табыс етті.
Атап өтейік, ойынға қатысқан әрбір ардагерге ынталандыру сыйлықтарына және жүлдегерлерге ақшалай жүлдемен және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС демеушілігімен жарық көрген Баубек Бұлқышевтың «Өмір сүргім келеді» және Бауыржан Момышұлының «Мен – халқымның Бауыржанымын» кітаптары табысталды.
Баубек Бұлқышевқа арналған «Белка» ойынында І орынға тігілген 20 мың теңгені Серікбай Аманбаев пен Ерғали Ережепов теңдей бөлісті. ІІ орынға тігілген 15 мың теңгені Хасен Дүйсенбаев пен Рахметжан Мұханбеджанов еншіледі. ІІІ орынның 10 мың теңгесі Оттан Туғанбаев пен Зейнеш Мырзамсейтованың үлесіне тиді. Ынталандыру сыйлығына тағайындалған 7 мың теңге ойынға қатысқан ардагерлерге берілді.
Алда ардагерлер дартс және шахматтан жарысқа түседі. Бұл ойындар да Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.