«Казгипроград» жобалау институты жасаған Жезқазғанның 2035 жылға дейінгі мерзімді қамтитын жаңғыртылған, нақтыланған бас жоспары Қарағанды облыстық мәслихатының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы шешімімен бекітілді. Металлургтер мекенін дамытудың негізгі аумағы айқындалған бас құжаттың басты мақсаты – тұрғындардың тұрмысына қауіпсіз, жайлы, қолайлы орта қалыптастыру.
Ұлытау облысының құрылуына орай қаланың бас жоспарына ішінара өзгеріс енгізілетіні анық. Алайда, бастапқы бағыт өркендеу өзегі болып қалатыны сөзсіз. Сондықтан, қаланың құрылыс саласына сонны серпін керек.
Шырайлы шаһар бос жатқан батыс беткейдің солтүстігіне қарай кереге кеңейтеді. Оның тұтастығын сақтау үшін бұрынғы бөлігі мен жаңадан жобаланған жағын көңілге қонымды қылып ұштастыру қарастырылған. Жобаланған және қазіргі тұрғын аумақты Алашахан даңғылы байланыстырады. Магистралдық көшелер одан әрі дамиды. Транзиттік қозғалысты жеңілдету мақсатында айналма жол салу көзделген.
Бас жоспарда жаңадан жобаланған тұрғын аумақты батыс беткейде бос жатқан аймаққа орналастыру қарастырылған. Ол оңтүстігінде – «Бек бұлақ сай» шығанағымен, солтүстігінде – болашақ қала орталығымен, батысында – Алашахан даңғылының жалғасымен, шығысында кербез Кеңгірдің жасыл желекті жағалауы меншектеседі. Жаңа тұрғын аймақтың архитектурасы мейлінше тұрмысқа қолайлы микроклимат қалыптастыратын жасыл желек және су кеңістігімен табиғи оқайласқан.
Қазір жобада қарастырылған аумақ негізінен бос жатқанмен, бой көтерген бірнеше нысан да бар. Соның сүйектісі – «Самсунг» медициналық орталығы мен оның оңтүстігіне орналасқан өрт сөндіру депосы. Көп бейінді орталық аурухана мен Қарттар үйі де шектесіп жатыр. Кейінгісінің батысына қарай, Иманжанов пен Марғұлан көшесінің қиылысында жекеменшік коттедждердің шағын орамы орналасқан. Иманжанов көшесіндегі орталық аурухананың қарсы бетінде қасқайып еңселі «Тұран» мейрамханасы тұр.
Су қоймасын бойлай бой көтеретін ықшам ауданда негізінен көпқабатты тұрғын үй тұрғызылады, сондай-ақ, жекеменшік жер үйлер салу жоспарланған. ҚР Жер кодексіне сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері азаматтарға кезек тәртібімен және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы (электрмен жабдықтау және су құбыры желілері) жүргізілген алаңның дайын болуына қарай тегін беріледі. «Батыс» аймақта бірінші кезекте – 518, ал екінші кезекте 501 жер телімін дайындау көзделген.
Қазір 150 жекеменшік үй тұрғындардың игілігіне айналған. Бұл біреуге аз, біреуге көп көрінуі мүмкін. Ал, сәулет және қала құрылысы бөлімінде жекеменшік үй салу үшін жер телімін алуға 4020 адамның өтініші жатқанын ескерсек, қалыптасқан жағдайдың қаншалықты деңгейде екенін өзіңіз-ақ безбендей беріңіз. Мұндай берекесіздік белең алуына үй салатын аумақты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде оралымсыздық, тіпті жауапсыздық орын алғанын мойындаукерек.
Бастапқы кезде қыруар қаражатқа алты жүзден астам жертеліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды. Амал не, тиісті қадағалау мен бақылаудың болмауынан ұрлық-қарлыққа жол берілген, көзге көрінгенін сындырып-үзіп кеткен, трансформаторлық көмекші стансаның ішіндегі мүлік қолды болған. Ал, зардабын жеке үй салып, жайлы тұрмыс құрамыз деген адамдар тартқан. Жергілікті билік пен прокуратураның табалдырығын тоздырып, көңілі қалған олардың бейне жазбамен үндеу жариялап, әлеуметтік желіні қалай шулатқанын көз көрді.
Үй саламын деп сергелдеңге түскендердің соңғы кезде ғана көзі ашылып келе жатыр. Бұрнағы жылы су құбыры қалпына келтірілді. Былтыр жылдың аяғында «Қазақмыс» компаниясының демеушілігі мен электр желілері бір жобаға келді. Алайда, арқаны кеңге салудың ауылы алыс. «Ұлы сөздің ұяттығы жоқ» дейді, көптеген үйдің ауласынан дәретхана көзге түседі. Себебі, орталық кәріз желісіне қосылмаған. Көмір жағып, күл шығарып жүргендер де баршылық.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы жеке тұрғын үй салу ісі баяу жүріп жатқанына назараударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында оның басты себебін көрсете келіп: «Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік жер үйлер салынатын учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін жеделдетуі қажет. Бұл ретте, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті де қолданған жөн» деп, қадап айтты. Әлеуметтік маңызы зор осы мәселені шешуде депутаттар да белсенділік танытса, артық болмас еді.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Жезқазғанқаласы.