1992 жылдың 17 қазанында қаладан барған балықшылар Жезқазғаннан 70 км қашықтықтағы «Баймырза» елдімекені тұсындағы Сарысу өзенінің жағалауынан белгісіз ер адамның денесін көргендерін хабарлады.
(Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының тәуліктік жедел ақпаратынан).
Жезқазған облысының қылмысты іздестіру басқармасының бастығы, милиция полковнигі Аманжолов оқиға болған жерге жедел топпен бірге аға жедел уәкілдері Бектұрсын мен Амантай екеуінің баруына пәрмен берді.
Өліктің кеудесі белуарынан төменде де, ал екі аяғы сірескен қалпы су бетінде қалқып тұр екен. Бектұрсын мен Амантай күздің салқынына қарамастан су кешіп, жағалаудағы мүк пен балдырды арши екеулеп ер адамның мәйітін алып шығып, жағаға жатқызды. Сол маңайды қоршауға алып, айғақ заттарды іздеуге кірісті. Олар бірақ мардымды ештеңе таппады. Бар болғаны – жағаға жақын жердегі екі ересек адамның аяқкиім іздері мен жеңіл автокөлік доңғалағының таңбалары. Шамамен осыдан үш-төрт күн бұрынғы жауған жауыннан кейінгі батпақта қалған іздер болса керек. Әдетте қылмыстық оқиға болған жерде қалар жыртылған киім қалдығы, үзілген түйме, жұлынған шаш, төгілген қан тәрізді жанталаса айқастан қалар белгінің бірі жоқ. Өлтірген қару да табылмады.
Марқұмның кескін-келбетіне қарап 45-50 жас шамасында дерліктей. Ұзын бойлы, арық келген, ұлты – европалық. Үлкен тас ақ жіппен мойнынан байланған.
Сот сарапшысы бассүйек жарақаты барын хабарлады. Дене жарақаты тек осы ғана екен.
Бектұрсын кәсіби түйсікпен бұл өлім өзін-өзі өлтіру емес деген ой түйді. Егер ол өзін-өзі өлтірмек болса, онда басын жарақаттамас еді, мойнына тас байламас еді, жай суға батып-ақ жан тапсырса керек. Әрі өз жанын өзі қиюға бекінсе, мұнда жаяу жету мүмкін емес, ал мініп келген көлігі және жоқ. Ендеше қастандық жасалғаны сөзсіз.
– Оның өлгеніне бірнеше күн болған, – деді Амантай марқұмның бет-жүзін көзбен шолып тұрып.
– Күн болса салқын… ал неге сырт киімсіз? – деді күбірлей Бектұрсын. – Тонаған дейтіндей қымбат киім киген адамға ұқсамайды. Үстіндегілері арзанқол дүниелер. Әлде таксист пе екен? Олар бірнеше сағат бойы жеңіл киіммен отыра береді ғой…
Өлікті тінту де еш нәтиже бермеді: ешқандай құжат, жазба, хат табылмады.
«Бұл қалай? – деп ойлады Бектұрсын. – Кім ол, немен айналысқан, мұнда неге келген, қасында кім болған, бұл жаққа немен келген? Өзінің жекеменшік машинасымен келген бе екен, әлде өзенге дейін біреу жеткізіп тастады ма? Бір ғана нәрсе мәлім: марқұмның басына соққы кенеттен тиген, бір ұрып жан тапсыртқан. Мұндай әрекет әккі қарақшыға ғана тән».
Амантай да осыны ойлап тұр екен.
– Өлтірген адам күші тасып тұрған жас болса керек. Басындағы жараға қарашы… Соққы тым қатты болған. Ер адам екені сөзсіз. Мойнындағы жіп те қатты байланған, аса күш иесі екенін аңғартып тұр, – деді Амантай.
– Сірә, кім болса да өлікті жасырмақ болған, – деді Бектұрсын.
– Не дейсің? – деді Амантай өз ойынан арыла алмай тұрып.
– Менің ойымша, өлікті қалайда жасырмақ болған. Неге? Жағада қалдырса да болар еді ғой. Бұл маң онсыз да көзден таса жер. Күз мезгілінде мұнда ешкім де келмек емес.
– Өлікті жасыру әккі қанішерге ғана тән, – деді сенімді үнмен Амантай.
– Әйткенмен дұрыс жасыра алмаған… Асығыстыққа бой алдырған тәрізді.
– Мүмкін жүйкесінде ақауы бар адам шығар? Олардың көктемде және күзде науқасы қозады ғой…
– Жо-жоқ, ол жүйке ауруына шалдыққан жан емес. Бір ғана соққымен сұлатып салу екінің бірінің қолынан келмесі анық.
***
Ертеңіне таңертең қылмысты іздестіру басқармасының бастығында өткен лездемеде өзеннен табылған өлік төңірегінде әңгіме болды. Бастық қысқа өткізген мәжілісінде бұл істі Бектұрсын мен Амантайға жүктей келіп, нақты тапсырмалар берді.
Алдымен жәбірленушінің жеке басын анықтауды қолға алды. Осы мақсатта соңғы екі апта көлемінде хабар-ошарсыз кеткендер туралы барлық өтініштерді сүзіп шықты. Әсіресе біреуі аға жедел уәкілдердің назарын аудартты. Бір аптадан бері туған-туыстары шарқ ұрып, іздеп жүрген адамы Афанасьев Алексей екен. 1942 жылы туған, ұлты – орыс. Жоғалған күні «ВАЗ-2108» маркалы 1992 жылғы жеңіл автокөлігімен үйінен шығып кеткеннен қайтып оралмапты. Су жаңа көлігінің түсі «мокрый асфальт» көрінеді.
Хабарсыз кеткен Афанасьевтің сыртқы түр-тұлғасы мен жеңіл киімдері өзен жағасынан табылған өлікке ұқсас келді. Болжам шындыққа айналды. Өтініш иелері мүрдені көргенде жоғалған Афанасьев екенін таныды.
Афанасьевтің отбасы қарапайым еңбек адамдары екен. Марқұм бұрын кенші болып жұмыс істепті, екінші топтағы мүгедек көрінеді. Шағын отбасының иесі болған.
Қайғы жұтқан отбасымен әңгіме былайша өрбіді:
– Ол сол күні тым асығыстық танытты. Таңғы асын бейне біреу қуып келе жатқандай жылдам ішті. Тіпті соншалықты асығуының еш реті жоқ еді. Таксистің өз еркі өзінде ғой… Кеншіліктен қош айтысқан. Шахтадан аман-есен шыққанына қуанып жүретін. Енді келіп таксист болып жүргенінде өмірі қиылғанына не дерсің… Ешкіммен жүз шайысып көрген емес. Жанжалдасқан, ашу-ызаға ерік берген кезін көргеніміз жоқ. Отбасымызда тату-тәтті өмір сүрдік…
– Қымбат заттары болды ма?
– Жоқ, ол әрқашан қарапайым киінетін. Тек саусағындағы неке жүзігінен басқа. Алтын.
– Ол әдетте қай бағытта такси жүргізуші еді?
– Жезқазған – Сәтбаев.
– Машинаны қашан сатып алып еді?
– Ол оны сатып алған жоқ. Корпорация кеншілерге сыйға берген. Өткен тамыз айында ғана.
– Ал құжаттарын өзімен бірге алып жүруші ме еді?
– Өзімен бірге техпаспортын ғана алатын.
– Сол күні кімге баратынын, әйтпесе кімді бір жаққа апаратынын айтпады ма?
– Жоқ.
Не керек, тек отбасы ғана емес, әрі туған-туыстары да, жақын таныстары да, көршілері де күдік тудырарлықтай ештеңе айтпады. Отбасы зорлық-зомбылығы тұрғысында сезіктенер ешнәрсе байқалмады.
Афанасьевтің жоғалған автокөлігіне қатысты іздеу салу МАИ-ға және басқа құқық қорғау органдарына жолданды. Жан-жаққа әрі көрші облыстарға сұрау салынды.
Айналып келгенде, Афанасьев табылды, ал оның автомобилі жоқ. Афанасьевтің жоғалған автокөлігі қылмыстық істің басты себепкері болса керек. Бектұрсын мен Амантай осындай ұйғарым жасады.
***
Қылмысты іздестірудің екінші күні түстен кейін-ақ Бектұрсын мен Амантай жолға шықты. Өзен жағалап жүрген балықшылар мен аңшылардан жауап алды. Жезқазған – Қызылорда жолы бағытындағы шайханаларға, күздікте отырған малшы ауылдарға соғып, дерек жинады. Әрине, кез-келген тергеуге тұрғындардың тигізер көмегі айтарлықтай. Біреу болмаса біреу күдікті бір жайттан хабар беруі мүмкін. Мұның өзі күдіктінің ізіне түсуге ықпал болмақ. Осылайша тергеушілердің жолы болып жатса жақсы ғой. Кейде өкінішке орай, – «Көрмедім» деген бір-ақ сөз, «көрдім» деген көп сөз, пәлесінен аулақ», – деп шешіліп сөйлеспейтін тұрғындар болатыны қынжылтарлық. Уақыт жылжып зымырап өткен сайын қауіпті екенін әркім түсіне бермес еді. Ал қауіпті қылмыскер бұл уақытта және бір өлімді ойластырып жатса ше…
Өлік табылғаннан бері арада бір аптаға жуық уақыт өтсе де үміт ақталар емес. Осындай сәтте көз алдыңа Афанасьевтің автокөлігі елестер еді, оның ішінде, әрине, қаныпезерлер… Амал не, дала төсінде Амантай мен Бектұрсын мінген жалғыз «УАЗ» ғана.
Олар жолға шыққалы үшінші күні кештете кезекті үш киіз үйге келіп жеткен. Қонақ бұл жаққа сирек келері анық. Сондықтан да иттері үре қарсы алды. Ауыл адамдары аңтарыла қарап тұр. «УАЗ» шеткі киіз үйдің қасында қолында құрығы бар қартқа жақындап тұра қалды. Амантай мен Бектұрсын үлкен кісіге жарыса сәлем берді. Қарт бірден қонақжайлық танытып, әдеттегідей үйге шақырды. Ол кісіге рахметін айтып, бірден үйреншікті сұрақты қойып, әңгімеге тартты.
Гүлназ ОМАРОВА,
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.
(Жалғасы бар).