Өндірістің өңірдің тарихын қалыптастырып, өзі де тарихи тұлғаға айналған азаматтардан аймағымыз кенде емес. Түсті металлургияның отанына айналған Жезқазғанның шежіресін қалыптастырғандардың қатарында Игнатий Лидің есімі де, еңбегі де тарихта қатталып қалды. Жүрегі өзінің азамат болып қалыптасқан ортасы – Қазақстан деп соққан тұлғаға қатарластары риза болатын. Еңбегімен елге елеулі болған Игнатий Евгеньевичтің 10 тамызда туғанына 100 жыл толды.
Игнатий Ли 1923 жылы Приморск өлкесінде өмірге келген. 1947 жылы сол кездегі Алматыдағы Қазақ тау-кен-металлургия институтын (қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) металлург мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен Жезқазғанға келді.
Жезқазған мыс қорыту зауытының іргетасын қалап, алғашқы директоры болған Игантий Ли жайында қатар жүрген әріптестерінің естеліктерін тыңдасаңыз, оның қарапайымдылығы мен еңбексүйгіштігін, басшылық қызметте болса да жұмысшының мұң-мұқтажына құлақ асып, қолұшын созуға дайын тұратын азамат болғанын айтады. Өмірін өндіріске арнаған азаматпен бірге еңбек етіп, Жезқазған мыс қорыту зауытының қалыптасуына атсалысқан, жарты ғасыр түсті металлургияға еңбегі сіңген ардагер металлург, КСРО Министрлер кеңесі сыйлығының лауреаты Нығымет Ілиясов алдында асқар таудай ағасындай болған Игнатий Евгеньевич жайында былайша толғанды:
– Мен Игнатий Евгеньевичті 1958 жылдан бері білемін. Сол жылы Жезқазған тау-кен комбинаты ұйымдастырылды. Ол кезде мен Қарсақбай мыс қорыту зауытында өндірістік-техникалық бөлімде басшы болып еңбек еттім. Зауытты тау-кен комбинатының құрамына енгізу туралы шешім қабылданып, комбинатқа жиі келіп тұратын болдым. Ол кезде комбинаттың ғимараты Жезқазған байыту фабрикасының қасындағы екі қабатты үйде орналасқан еді. Комбинатқа келіп жүрген сәттің бірінде Игнатий Евгеньевичпен жүздесудің сәті түсті. Сол кездесуден кейін қызмет бабымен тығыз қарым-қатынаста болдық. 1959 жылы Жезқазған мыс қорыту зауытының жобасын әзірлеу жұмыстары басталды. Комбинаттың бас жобалаушысы Ресейдің «Гипроцветмет» ғылыми-зерттеу институты болды.
Жобалу жұмыстары барысында жаңадан салынатын зауытта мыс балқымасын алудың жаңа әдіс-тәсілдерін қарастыру керек болды. Қарсақбайдағы және Балқаштағы зауыттар ол кезде мысты көмірмен балқытатын. Жезқазғанның шикізатының құрамында күкірт, темір аз, есесіне кремний көп болды. Қиын балқытылатындықтан әуелі оның технологиясын зерттеп алу керек болды. Зауыттың құрылысы басталып, іске қосылатыны белгілі болғандықтан мен 1959 жылы Жезқазғанға келдім. Игнатий Евгеньевич зауыттың технологиясын әзірлеуге мамандарды жұмылдырды. Оннан аса әдіс-тәсілдер қаралды. Соның ішінен электрпеште балқыту технологиясы таңдалды. Бастапқы жобаны «Гипроцветмет» қайта әзірлеуге жіберіп, электрпеште балқыту таңдалды. 1966 жылы зауыт орналасатын жерді белгіледік. Қазіргі тұрған аумағында тұтқындар лагерінің офицерлік қалашығы болды. Барактар орналасқан екен. Төрт, бес ағаш үй қатар тұрды. Алғашында сол үйлерді зауыт басқармасының ғимараты ретінде пайдаландық. Сол жылы жазда аумақта маркшейдерлер мен геодезистер жұмыс жасады.
1968 жылы зауыттың құрылыс жұмысы басталып кетті. Нысанның құрылысын «Казмедьстрой» тресі жүргізді. Игнатий Ли директорлыққа тағайындалды. Содан цехтардың басшылары бекітіліп, құрылыстың басы-қасында жүрді. Игнатий Евгеньевич цех басшыларынан бөлек, бас инженер, бас механик, техникалық бөлім басшыларын құрылысқа тартты. Ондағы ойы құрылыстың қалай жүргізіліп жатқанына цех басшылары куә болып, кем-кетігін реттеуге атсалыссын дегені болатын. Зауыт қалыптаса бастады. Жан-жақтан білікті кадрлар шақыртылды. Орал, Норильск сынды қалаларға мамандар тәжірибе алмасуға жарты жылдан екі жылға дейін жіберілді. Осылайша 1971 жылы зауыттың мысты электролиздеу цехының жұмысы басталды. Негізгі төрт цех бірте-бірте іске қосылды. Өңірде алғаш рет электрпеште балқыма алынды. Осының барлығының басы-қасынан Игнатий Ли табылып, іскерлікпен басшылық жасады. Игнатий Евгеньевичтің қарапайым еңбек адамына деген ықыласы ерекше болатын. Зауыт жаңадан құрылып, жұмысын бастап жатса да қиындыққа қарамай, жұмысшыларға баспана беру ісін қолға алды. Зауыттың көп еңбеккері алғашқы директордың арқасында баспаналы болды.
Бір жиында Игнатий Евгеньевич зауыт жұмысшыларына арналған саяжай салу мәселесін көтерді. Саяжайға ыңғайлы жерді аралап, өзі таңдады. Содан Кеңгір жағасынан саяжай салынатын болып, шешілді. Оған құрылысшылардан бөлек, зауыт жұмысшылары да қатысты. Бұл алғашқы директордың майталман металлург ғана емес, іскер басшы бола білгенінің айғағы.
Игнатий Ли ізінен шәкірттер қалыптастыра білді. Солардың көбі басшылық құрамда қызмет етті. Зауыт директоры болған Қайсар Телешов, Төлеген Бүкіров сынды металлургтер Игнатий Евгеньевичтің тәлімін көрді. Жан баласына ұрсып сөйлегенін көрген емеспін. Жұмыс бабын баппен түсіндіретін еді.
Ол өзі іргетасын қалаған зауытта 1996 жылға дейін еңбек етіп, кейін «Самсунг» компаниясы келгенде кеңесші болып сонда қызмет жасады.
Біздің таныстығымыз 1958 жылдан 2013 жылға дейін жалғасты. Қызметтен бөлек, ағалы-інідей араластық. Тоқсан жасқа жетіп, дүркіретіп той жасады. Бірақ, сол тойынан кейін көп ұзамай өмірден өтті. Тағдырдың жазуымен 14 жасында отанынан отбасымен депортацияланып, қазақ жеріне келген Игнатий Евгеньевич ақтық демі шыққанша қазақ халқын қадірлеп өтті, – деп жарқын естелігімен бөлісті ақсақал.
Бар ғұмырын өндіріске арнаған Игнатий Ли еңбегімен ел есінде қалды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.