Қарағанды құю-машина жасау зауытының базасында өткен республикалық олимпиадада Балқаштан қатысқан студент жеңімпаз болды. Олимпиадаға қатысуға еліміздің 11 өңірінен және жақын шетелден 200-ден астам оқушы, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері өтінім берді.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша финалға Астана, Алматы, Балқаш, Қарағанды, Семей, Шымкент және Орал қалаларынан келген 12 қатысушы өтті.
Негізгі турда олимпиадаға қатысушылар химия, физика, өнеркәсіптік қауіпсіздік, сызу, материалтану, металлургия және жалпы машина жасау бойынша сұрақтарға жауап берді. Содан соң, олар түйіндерді құрастыру, схемаларды сызу және цифрлік бағдарламалық басқаруда қабілеттерін көрсетті.
Олимпиада қорытындысы бойынша Балқаш политехникалық колледжінің төртінші курс студенті Аспандияр Самратұлы жеңіске жетті. Болашақ техник-механик олимпиадаға екі аптадан астам уақыт дайындалды. Ол А. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Машина жасау» мамандығы бойынша оқу грантын жеңіп алды.
– Мен инженер болуды армандаймын, бірінші орынға ие болғаныма өте қуаныштымын. Олимпиада оңай болған жоқ. Барлық қатысушылар мықты қарсылас болды. Ең қиыны – интеллектуалды кезеңдегі сұрақтар. Бірақ жақсы дайындық арқасында жеңіске жеттім, – деп бөлісті Аспандияр Самратұлы.
Ұпай саны бойынша екінші орынға ҚарТУ инновациялық технологиялар колледжінің студенті Даниял Оспанов ие болды. Ол бір жылдық стипендиямен марапатталды.
– Мен инженер-конструктор болғым келеді, болашақ мамандығымды өзім таңдадым. Маған машина жасау саласы ұнайды, бұл біздің экономикамыздың өте маңызды саласы. Мен еліміздің игілігі үшін жұмыс істегім келеді, – деді Даниял Оспанов.
Орал қаласынан келген Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Дана Тажмұқан үшінші орынға ие болды. 16 жастағы мектеп оқушысы аэроғарыш инженері болуды армандайды. Үшінші орын үшін оған Apple MacBook берілді.
– Мен инженер болып, аэроғарыш саласында мансап құрғым келеді. Ол мені бала кезімнен қызықтырады. Мен 16 жастамын. Физика-математикалық бағыттағы конкурстардағы менің жетістіктерім жақсы университетке түсуге және машина жасаушы мансабында жетістіктерге жетуге жақсы мүмкіндіктер жасайды деп санаймын, – деді Дана.
Машина жасау бойынша олимпиаданы алғаш рет Қарағанды құю-машина жасау зауыты А. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен бірлесіп ұйымдастырды.
Олимпиаданың мақсаты – машина жасау саласындағы мамандықтарды дәріптеу, жастарды тарту, сондай-ақ олардың ең дарындыларын анықтау. Қазір жастар жұмысшы мамандықтарын көп таңдамайды, бұл кадрлар тапшылығының қалыптасуына себеп болуда.
Бүгінгі таңда ҚҚМЖЗ-да ең көп сұранысқа ие мамандар – токарьлар, электр-газ дәнекерлеушілер және металл конструкцияларын құрастыру бойынша слесарьлар.
Қарағанды құю-машина жасау зауытында барлығы 850 адам жұмыс істейді. Жыл сайын кәсіпорындағы әйелдер саны артып келеді, – дейді ҚҚМЖЗ коммерциялық директоры Светлана Алексеева.
– Бастапқыда машина жасау әйелдер мамандығы емес деп есептелді. Бірақ әйелдер бұл салада жұмыс істегісі келеді және жұмыс істей алады. Біздің зауыттың бір мысалы, бүгінгі таңда зауытта 250 нәзік жан еңбек етуде.
Биылғы жылы машина жасау саласында әйелдер қауымдастығы тіркелді, бұл жас және перспективасы бар қыздар арасында жұмысшы мамандықтарын танымал етуге көмектеседі деп санаймын. Біздің кәсіпорын – жоғары білікті кадрлары бар заманауи, жаңғыртылған кәсіпорын. Машина жасау өте маңызды сала, сондықтан біз жастарды осы саланы таңдап, жұмысшы мамандықтарын игерулерін қалаймыз, – дейді Светлана Алексеева.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі.