Жуырда Ұлытау ауданының «Өркен» бөбекжайында 5 жасқа жеткен бүлдіршіндерді балабақшадан шығарып салу салтанаты өтті. «Балалық шағымның мекені» атты қоштасу мерекелік іс-шарасына ата-аналар қатысты.
Сахна төріне шыққан түлектер бөбекжайдан үйренген өнерлерін көрсетіп, тәрбиешілер мен бөбекжай қызметкерлеріне тақпақтап алғыстарын білдірді. «Риза апай, ағайға», «Біз мектепке барамыз», «Қош бол, балабақша» деп ән салған балалар жаттаған тақпақтарын айтып, тәп-тәтті қылықтарымен көрермендерді сүйсіндірді.
Бүлдіршіндердің мерекелік кешін тамашалаған ата-аналары, ата-әжелері балалардың өнерлеріне риза болып, әріп танытып, санауды үйреткен тәрбиешілердің еңбегіне алғыстарын білдірді. «Ана», «Әке», «Бала» сөздерін құрастырған балғындар онға дейін санауды, кері санауды үйренгендерін көрсетті.
Өнерлі балдырғандар танго биін, қыздар «Стюардесса» биін, ұлдар «Пилот» билерін билеп көрермендердің көзайымына айналды. Әкелері қыздарымен вальс биін билеп көрермендерді ерекше сезімге бөледі.
Салтанат соңында бөбекжай түлектері мен ата-аналары, мақтау қағазы, Алғыс хат, дипломдармен мараппатталды.
Кеш соңында бөбекжай түлегі Әлинұр Аймағанбет «Қимай тұрмын» әнімен елдің көзіне жас үйірді.