Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен қалалық емханада ашық есік күні ұйымдастырылды. «Қазақстан балалары», «Балалардың сенімді дәрігері» тақырыбында өткен шарада мекеме қызметкерлері белсене қатысты.
Биылғы жылдың 22 мамыр мен 1 маусым аралығында елімізде алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны басталған болатын. Аталмыш науқан аясында мамандар қабылдау жұмыстарын жүргізіп, «Баланы дамыту кабинетінде» аудиологиялық скрининг және антропометриялық өлшеулер жасады. Емханаға тіркелген балғындар үшін арнайы консультациялық-диагностикалық көмек ұйымдастырылып, аурудың алдын алу және оңалту бойынша ата-аналарға қажетті ақпараттар айтылып, тегін кеңестер берілді. Жезқазған қалалық емханасының психологі Гүлнұр Беспаеваны әңгімеге тартқанымызда:
– Бұл ретте біз балалардың ата-аналарын, балаларды өзіміздің қамқорлығымызға алып және де олардың жыл сайынғы өткізілетін иммундау жүйесіне, жыл сайынғы тексерістен өтуіне біздің қандай да бір үлесімізді қосу болып табылады. Жалпы Жезқазған қаласының емханасында 1 136 жаңа туған нәресте бар 3 жасқа дейінгі. 6 жасқа дейін 2078 бала тіркелген және 17 жасқа дейін бізде 5025 жас жеткіншек тіркеуде тұрғанын айтты. Сондай-ақ, емхана жанында «Жастар денсаулығы орталығы» жұмыс істейді. Онда 10 жас пен 29 жас аралығындағы жастар психологиялық, медициналық көмекке жүгіне алады, – деді.
Гүлім Маратқызы.