Академик Қаныш Сәтбаев іргетасын қалап кеткен Үлкен Жезқазғанның күре тамыры іспетті Жезқазған байыту фабрикасында алғашқы кен байытылғалы 70 жыл өтіпті. Бұл кәсіпорынның жылнамасында қаншама кезеңдер тарих қойнауына енді. Жаңарған, заманауи жүйеде жұмыс істейтін фабриканың негізгі мұрагерлері де – жас толқын. Аға буын салған жолды солар жалғастырып келеді.
Бір пенденің басынан өткерген ғұмырындай жасқа жеткен фабрика ұжымын «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы 70 жылдықта құрмет-қошеметтен кенде қылмады.
70 жылдық мерейтойдың ашылу салтанаты Жезқазған кен байыту фабрикасының өз шаңырағында бастау алды. Еңбек озаттарын марапаттау салтанаты өтіп, онда осы кәсіпорынның дамуына ерекше үлес қосқандарға марапаттар тапсырылды. «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы атынан, «КәсіпҚорған» кәсіподағынан және бірнеше ұйымдардың тарапынан үздіктерге ілтипат білдірілді.
«КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов ұжымды мерейтоймен құттықтап, бірқатар байытушыға «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» төсбелгісі мен Құрмет грамоталарын және Алғыс хаттарды тапсырды.
Байытушыларға деген құрметтің легі Жезқазған қаласындағы «Garden hall» мейрамханасында жалғасын тапты.
Өндіріс ардагерлері мен үздік қызметкерлер үшін «Қазақмыс» және Ұлытау облысы басшыларының қатысуымен салтанатты кешкі ас ұйымдастырылды.
Еңбек ұжымдары алдында басқарма төрағасы Нұрахмет Нүриев құттықтау сөз сөйледі. Ол Жезқазған байыту фабрикасы Ұлытау өңірі үшін де, жалпы Қазақстан үшін де жоғары сапа, бедел мен тарихи мұраның синонимі екенін атап өтті.
– Бүгінде Ұлытау облысының 2000-ға жуық тұрғыны – фабрика қызметкерлері: диірмен, флотация, конвейер машинистері, аппаратшылар, зертханашылар, байытушылар. Олардың көпшілігі еңбек әулеттерінің ізбасарлары. Жылдар жылжып, жұмысшылардың бір ұрпағы екіншісіне жол берді. Бірақ, іске деген көзқарас, дәстүрлерге, адамдарға және аймаққа құрмет – өзгеріссіз жоғары қалпында. Жезқазған байыту фабрикасының тарихы жаңа даңқты жеңістермен және жетістіктермен толықтырыла берсін. Баршаңызға өз еңбегіңіздің нәтижелерінен қанағаттануды, сенімді және табысты болашақ тілеймін. Барлық жоспарлар сәтті жүзеге асырылсын және әрбір жаңа бастама жемісті болсын, – деді Нұрахмет Нүриев өз құттықтауында.
Сондай-ақ, байытушыларды құттықтауға Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов және Сәтбаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмат Саухимов келіп, озаттарға сый-сияпат тапсырды.
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы өзінің құттықтауында 2024 жылы мерейтойды фабрика ғана емес, Ұлытаудың жүрегі – Жезқазған қаласы да атап өтуде екенін айта келіп, байыту өндірісінің өңіріміздің қалыптасуына қосқан ерекше үлесін атап өтті. ЖБФ қала құраушы кәсіпорын ретінде еліміздің тау-кен металлургия кешенінің флагманы болғанын еске салды.
Кештің басты бөлігі сыйлықтар мен медальдарды салтанатты түрде тапсыруға арналды. «Қазақмыстың» бас директоры Олег Копытов жеті құрметті ардагерге KIA Seltos жаңа автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Ал, фабриканың қырықтан астам үздік қызметкері Құрмет грамоталарымен, мерейтойлық медальдармен марапатталды.
– Бірінші кезекте ЖБФ ұжымына мінсіз еңбектері үшін алғыс айтқым келеді, ардагерлерімізге көп рахмет, өйткені бұл фабрика – ардагерлеріміздің қажырлы еңбегінің жарқын көрінісі. Бүгінгі таңда ЖБФ – бұл елдегі және облыстағы ең ірі кәсіпорын. Өзінің жасына қарамастан, ол қарқынды дамып, модернизациялануда, жаңа технологиялық шешімдер енгізілуде және осының арқасында кәсіпорын бүкіл әлем бойынша жаңа байыту кәсіпорындарымен бәсекелесе алатын деңгейге жетті. Мұның бәрі тұтас ұжымның еңбегі, – деп атап өтті Олег Копытов құттықтау сөзінде. Өңір өндірісінің алыбына баланған фабриканың 70 жылдық мерейтойы осылай әспеттелді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.