«КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы мен «Қазақмыс» корпорациясы еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағы бірлескен спартакиада аясында шағын футболдан үздіктер анықталды.
Дәстүрлі спорт додасына корпорацияның өңірдегі өндірістік құрылымдарынан жасақталған командалар қатысты. Екі аптадан аса өткен іріктеу кезеңінде ақтық мәреге үздік үш команда шықты. Жезқазған байыту фабрикасының, «Транко Жез» ЖШС және «Батыс» кенішінің командалары қорытынды ойында бақ сынады.
Ала доп бәсекесінде аталған үш команда да бір-біріне оңайлықпен дес бере қоймады. Финалдық кездесуде үштіктің ішінен суырылып алға шыққан Жезқазған байыту фабрикасы спартакиаданың жеңімпазы атанса, екінші орынды «Транко Жез» ЖШС командасы еншіледі.
«Батыс» кенішіне үшінші орынның жүлдесі бұйырды. Осы жылғы ойында байытушылар ала доп бәсекесінің чемпионы атанды. Жеңімпаздар кәсіподақ пен Жастар одағы атынан 200 000, 150 000 және 100 000 теңге көлемінде ақшалай марапатқа ие болды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.