«Қазақмыс» компаниясының кен байыту кешені кенді байытудың межелі жоспарын жыл сайын нәтижелі орындап келеді. Келер жылы құрылғанына жетпіс жыл толатын Жезқазған кен байыту фабрикасының да оған қосқан үлесі қомақты.
Білікті де іскер басшы Мұрат Бөрібаевтың басшылығындағы өндіріс ошағының биылғы жылғы өндірістік көрсеткіштегі, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі саясатын орындаудағы көрсеткіштері көңілге қонады.
Он айдың нәтижесін саралаған жиында фабрика директоры Мұрат Бөрібаев өндірістік көрсеткіштер мен қауіпсіздік саясатындағы нәтижелерге тоқталып, ұжымды алдағы кезеңдерде де осы қарқынмен жұмыс жасауға үндеді.
– Біздің ортақ табысымыз осындағы мыңдаған еңбеккердің өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін арқасында деп айтуға болады. Межелі міндетте жетуден бұрын, адам өміріне қауіп төндіретін қатерлердің алдын алуымыз маңызды. Байыту фабрикасының ұжымы осы талаптарды ескере отырып, биылғы жылдың өндірістік жоспардағы және қауіпсіздік саясатындағы көзделген деңгейге жетті. Бұл ұжым үшін жетістік Жалпы алғанда, байытушылар биыл да өздерінің бабында екендіктерін байқатты, – деді Мұрат Ерболатұлы.
Өндіріске қатысты мәселелер көтерілген жиында фабрика директоры еңбеккерлердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, Мұрат Ерболатұлы фабрикадағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Майра Әлбаттинамен бірге зейнет жасына жеткен және мерейтой иелерін құттықтап, марапаттады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.