Екеуміздің таныс-білістігімізге жиырма жылға жуықтап қалыпты. Осы уақытта оның орынсыз өкпелегенін немесе ретсіз ренжігенін көрмеппін. Қашанда жүзінен жылылықтың жеңіл желі есіп, жымиып тұрғаны. Бейнебір байсалдылықтың безбені сияқты. Әңгіме облыстық ауруханадағы урология бөлімшесінің басшысы Боранбай Әбенов туралы.
Ол – Ұлытаудың ұлы. Онысын орынды мақтан етіп қана қоймай, зор жауапкершілік екенін де түсінеді. Жастайынан солай сезініп, ер жетті. Орта мектепті бітіргесін арман арқалап қасиетті Ұлытаудың баурайынан көмірлі Қарағандыға аттанды. Мақсаты – басы ауырып, балтыры сыздаған адамға қуаныш сыйлайтын ақжелеңді азамат атану еді.
Әттең, жолы болмады, байқаудан өтуге балы жетпей қалды. Бірақ, бұл талапты жастың тауын шаға алмады. Бір жылдай жолаушылар тасымалдау кәсіпорнында жұмыс істеп, құжатын Қарағанды медицина институтына тағы тапсырды. Бір жыл дайындық курсында оқыды, сосын алты жыл институт қабырғасында дәріс алды.
Сегіз жыл соңына түскен диплом қолына тиген жас маман аттың басын бірден Жезқазғанға бұрды. Бір жыл интернатурадан өтіп, 1,5 жыл Жезді аудандық ауруханасында оташы болып істеп, 1989 жылы сәуірде Жезқазғанда көпбейінді аурухана ашылғанда урология бөлімшесіне ауысып келеді.
Алғашқы тәлімгері, бөлімше меңгерушісі Назымбек Хамзиннен көп нәрсе үйренді. Үйреніп қана қоймай, көзбен көріп, көңілге түйгенін сырқатты айықтыруда тиімді пайдалануға машықтанды. 1995 жылы урология бөлімшесіне өзі меңгеруші болып тағайындалғанда соның көп пайдасын көрді.
Ұжым тізгінін ұстаған отыз жылға жуық уақытта Бөкең бөлімшеде білімді дәрігер мен мейірімді медбикені ұйыстыра білген білікті басшы екенін көрсетті. Қолы жеңіл, емі шипалы ол талай адамды ауруынан айықтырып, көл-көсір қуаныш сыйлады, көпшіліктің алғысын арқалап, абыройға бөленді.
Қабілеті қарымды білікті басшының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Жұртшылықтан алған алғысының айғағындай бұдан жеті жыл бұрын «ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі» атанды. Көпке тиген шапағатының куәсіндей былтыр омырауына «Шапағат» медалін тақты.
Боранбай Әбеновті бұл аймақта білмейтіндер сирек шығар?! Бетпе-бет кездесіп, табақтас болмаса да, сырттай атына қанық екені анық. Оған өзіміз куә болып жүрміз.
Әлібек ӘБДІРАШ.