Жаңаарқа ауданындағы Ақтүбек ауылы ежелден белгілі елді мекендердің бірі. Сарысудың сағасындағы халықтың құтты қонысы болған бұл өлке тағдырдың талай сынын бастан өткерген. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманының да ізі бар бұл өңірде. Сол кезеңнен жеткен ел билеген көсемдер, ділмарлығымен дараланған шешендер, еліне қорған болған батырлар туралы ел ішінде әңгімедеректер аз емес. Солардың бірі – Қоқан хандығының езгісіне қарсы көтерілген қазақ жасақтары арасында ерлік ісімен танылған Бәйеш батыр. Ақтүбектің солтүстігіндегі 5 шақырымдай жердегі шоқыны жергілікті жұрт қадыр тұтып Бәйешекең дейді. Биіктігі 509 метр болатын осы биік төбенің басындағы күмбезделіп көтерілген шошақ бейіттің салынғанына 173 жыл болыпты. Халқы қадірлеген Бәйеш батырдың бейіті осы.
Қазақ халқының басынан өткен аласапыран кезеңдер мен азаттығын сақтау жолындағы күресте жоңғарлармен болған соғыс жайлы кеңінен айтылады да Қоқан хандығымен арадағы ұрыстарымыз төңірегінде аса көп ашып айтыла бермейді. Бәйеш батыр туралы жазбамызда тарихтың осы бір тұстарын да таразылап, шола кетуді жөн көрдік. Өткен тарихқа көз салсақ, Қоқан хандығы Ферғана жазығында ХVIIIХIХ ғасырларда болған мемлекет екенін білеміз. Қоқандықтар өздерін Шыңғыс ханның ұрпағымыз деп санаған. Бұл хандықтың негізін салушы Шахрух би 1710 жыл шамасында Бұхар хандығынан тәуелсіз болу ниетімен алғашқыда кішігірім иелік құрады. Кейін оның немересі Ерденбек би тұсында жүргізілген жаулап алушылық нәтижесінде Қоқан хандығының құрамына Әндіжан, Наманган, Маргелан иеліктері қосылады. Бұхар хандығы 1758 жылдан бастап бұларды мүлдем дербес мемлекет деп қарады. Қоқан хандығы ХІХ ғасырдың бірінші жартысында билеушісі Әлім хан, кейінірек Омар хан болған, одан соң Мұхаммед Әлі (Мәделі) хан тұсында дәуірлеп тұрды. Саяси жағынан нығаюмен қатар, аумағын ұлғайтып, Ташкент, Ходжент, Дарбаза, Куляб, Алай өңірлерін өзіне қаратып алған еді. Жойқын ұрыс сала жүріп Қоқан хандығы 1808-1815 жылдары Абылай хан ұрпақтарының қарамағындағы Шымкент, Түркістан қалаларын да жаулап алды. Қоқандықтар ХІХ ғасырдың 1820 жылына қарай орта жүз бен кіші жүз қазақтары қоныстанған Арал теңізінен бергі Шу, Іле өзендеріне дейінгі аралықты да басып алып, өздеріне қарауға мәжбүр етті. Сырдария бойында Дінқорған, Қошқорған, Жаңақорған, Шымқорған, Шудың бойында Тоқмақ, Пішпек, Меркі, Сарысуда – Қаражар, Төртқұман, Ұлытау бекіністерін салдырды. 1826 жылы Әулиеата бекінісінің негізі қаланды. Қоқан билеушілері осы бекіністерінің төңірегінде көшіп-қонып жүрген қазақ ауылдарына алым-салық төлеткізетін болды. Мәселен, қазақтар жылына түңлік басы 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, 100 бау қамыс тапсыруға міндетті болды. Ал, егіншілер егін өнімінің үштен бірін Қоқан хандығының қазынасына төлеуге тиісті еді. Сонымен қатар, қару ұстауға жарайтын әрбір қазақ қоқан бектерінің қол астында әскери қызмет атқаруға міндеттелді. Осындай езгіге қарсы қазақ халқы талай рет бас көтергенмен, дұрыс ұйымдастырылмағандықтан жеңіліске ұшырап жүрді. Мәделі ханның билігі кезеңінде халық наразылығы тіпті күшейе түскен еді. Осы кезде Арқа қазақтары да бірлесе ұйысып, батырларын сайлап жауға қарсы аттанады. Біз сөз еткелі отырған Бәйеш Есенкелдіұлы да алпыс шақты сарбазды бастап барып, қоқандықтарға қарсы ұрыстардың белортасында болады. Әкесі Есенкелді жау қолынан қаза тапқанда Бәйеш 14 жаста екен. Қолдағы деректер бойынша ол 1809 жылы туған. Әкесі Есенкелді Ізбасарұлы Алсай болысының биі мен старшыны атанған, өте бай адам болған. Бәйеш те ел билігіне ерте араласып, Алтай – Алсай болысындағы Бигелді руының старшыны қызметін атқарса, бұдан бір-екі жас үлкен ағасы Ақпан сол рудың биі болған көрінеді. Ел арасында Ақпан, Бәйеш есімдері қатар, үлкен құрметпен аталады. Бәйеш 1837 жылдың 18 қыркүйегінде болыс билеушісі болып сайланады. Архив деректері бойынша 20 жылдай билік құрған Мәделі ханның кезінде Қоқан хандығының иелігінде 150 мыңдай қазақ отбасы болыпты. Қоқан хандығының езгісіне қарсы Сырдария, Шу, Сарысу бойындағы өңірлерден қол бастап шыққан қазақ батырларының арасында Бәйеш батыр да ерекше батылдығымен көзге түсіп, бірнеше қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Беріспей шайқасып, жау шебін ығыстыра түседі. Оңтүстік өңірдегі осындай ұрыстардың бірінде ол ауыр жараланады. Өзінің енді қатарға қосыларынан үмітін үзген батыр айбалтасымен бір саусағын шауып жіберіп бірге келген сарбаздарына аманаттапты. «Мына саусақ сендерге аманат, туған жерге апарып мен деп жерлеңдер. Бәрібір бұл жерден денемді елге дейін жеткізе алмайсыңдар», – депті деген аңыз бар. «Ерліктерің мен бірліктеріңді сақтаңдар» деп өлер алдында Бәйеш батыр өсиет айтыпты деген де сөз бар. Жаздың ыстық күндері болса керек. Батырдың денесін алыс жерден жеткізу мүмкін болмағандықтан сол жақта жерлейді де Арқа жерінен барған сарбаздар батырдың аманат саусағын туған жеріндегі ең биік шоқының басына әкеліп қояды. Құйған кірпіштен күмбездеп бейіт тұрғызады. Жазықта өскен біз бұл шоқыны бала кезімізде тау дейтінбіз. Биіктігі 509метр болатын осы төбеден Сарысу өзені төрт шақырымдай қашықтықта. Сол заманда ешкі сүті мен қыл қосылып құйылған кірпішті биік шоқының төбесіне дейін тізбектеліп тұрған халық бір-біріне қолдан қолға беріп, мәнерлеп қалаған дейді. Содан бері екі ғасырға жуық уақыт өтсе де батыр жатқан төбені қастерлеп құрметтейтін ел-жұрт бұл жерді «Бәйешекең» дейді. Өткен жылдың күзінде Бәйешекең басына барып құран бағыштап, бейітін суретке түсірген едім. Жарықтық батырдың мәңгілік мекені қаншама жылдан бері жаңбыр мен желдің өтінде тұрғанымен, күмбезінің бір жақ шетінің құлағаны болмаса негізгі кейіпін әлі де сақтап тұр екен. «Бәйеш Есенгелдіұлы 1809-1849. Арғын – Алтай – Алсай. Ізбасар батыр немересі. Ол – ел үшін туған ер, халқына қорған болған батыр» деп жазылыпты бейіт басындағы көктасында. Дегенмен, белгілі тұлғаның бейітінің тозығы жетіп тұрғаны ойландырады.
Міне, қазақ халқы өткен ғасырларда осындай аласапыран заманның талайын бастан өткергені тарихи оқиғалардан мәлім. Бір бүйірден сүлікше қадалған Қоқан хандығы да қазақ жеріне айтарлықтай ауыртпалық әкеліп, халықтың бұл езгіге қарсы жиі-жиі бас көтеруіне ұласса, ақырында арғы жақтан Бұхар әмірінің соққысы, бергі жақтан Орта Азия хандықтарын бағындыруға келген Ресей әскерлерінің араласуымен басқыншы-билеушілер әлсіреп тынған болатын. Елі үшін, атамекен жері үшін болған шайқастарда ел ішінен дараланып көрінген батырларымыз да аз емес. Халқы қадірлеп өткен Бәйеш батыр солардың бірі. Ендігі кезекте көңілге кептелген ой – тарихымызды түгендеп, рухани жаңғыру амалдарын жасар болсақ, батыр баба бейітін жаңартып жөндеп, келісті кесенеге айналдырған жөн сияқты. Бұл жөнінде жергілікті жердегі қоғамдық ұйымдар қозғау салып, сауапты істі ұйымдастыруға атсалысса артық болмас деп ойлаймыз.
Амандық РАХҰЛЫ.