Тарихымызды зерделеп отырсақ, қазақ елінің мамыражай тірлік кешкен заманы жоқ сияқты. Айқас пен шайқастан, қуғын мен сүргіннен қазақ көз ашпағандай болады. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың жанкешті жайсаңдарының кесек тұлғалары көз алдымызға керемет көріністер әкеліп, саңылауы бар кеудені сәулеге толтырады.
Ұлытау төңірегіндегі аласапыран оқиғалар жайлы әңгіме өрбіткенде, ел жадында есімі ескірмей, келбеті көмескіленбей, айбыны аласармай келе жатқан тарихи тұлғалар, барыстай батыл батырлар қазақ тарихында жеткілікті. Сондай ердің бірі де бірегейі – «Бағаналы батыр» деген атпен ел аузында қалған Сағындық батыр.
Сағындық батыр «Бұланты-Білеуті» шайқасында көзсіз ерлік көрсетіп, жаудың бетін қайтарған тұлға болып қалды. Киелі Ұлытау жерінде өткен бұл шайқас тарих беттерінде көз жүгіртсек, Сағындық батыр Қараөткел, Бұланты, Білеуті, Аққұм, Сырдария, Ақтау, Орал жерлерінде шайқасқан. Жоңғарлардың Ұлытауға бет бұруы – өз жеңісіне масаттануының шырқау шегі болатын. Өйткені, бұл мақсатқа жетудің оңай емес екенін білді. Ұлытау – қазақ үшін ғана емес, түркі әлемі үшін де қасиетті мекен.
Қазақ халқының басына төнген осы үлкен қауіп іштегі өзара қырқыстарды тоқтатып, бітістіруге себеп болады. Сондай ұрыстың бірі 1727 жылы Бұланты өзені маңындағы Қарасүйір деген жерде өтті. Ел аузындағы қария сөздерде Бұланты соғысына екі жақтан 40 мыңнан астам адам қатысқан дейді. Сол кезде қасиетті қарт Ұлытаудың басына көк байрақ көтеріледі. Тұлпарларын тулатып, әр тараптан мыңбасы, жүзбасы болған батырлар өз қолдарымен қосылып жатады.
Бағаналы Жұртшының бел баласы Сағындық шамамен XVIII ғасырда өмір сүрген. Бұл Шақшақ Жәнібек батырдың өмір сүрген жылдармен тұспа тұс келеді. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін босқын елдің басын қосып, азаттық күресін ұйымдастырған. Бұқар жырау сөзімен айтқанда: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ Жәнібек, ормандай көп Орта жүз, содан шыққан төрт тіректің» бірі болған батыр жанына кіл дарабоздарды жинап, жауға қарсы шапқан. Сондай батырлардың бірі – Сағындық болды.
Қазақ тарихын Омбыдағы архивтерден зерттеген белгілі журналист Қуаныш Ахметов «Ұлы даланың Ұлытауы» деген кітабында 88-ші, 101-беттерінде XVIII ғасырдағы қазақ батырлары жайында былай деп жазады:
«… Ұлытау аймағының ұландары, Шақшақ Жәнібек, Қыпшақ Тілеулі, Бағаналы Барлыбай, Төлек, Жаулыбай, Оразымбет, Сағындық сияқты сайыпқыран саңлақтарымен толықтырылды…»
Сонымен қатар, белгілі этнограф, қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбек те «Балталы, Бағаналы ел аман бол» атты еңбегінде осы жөнінде сөз қозғайды. «Далалық ауызша тарихнама (Дат)» бөлімінде қазақ халқы тарихындағы белді де белгілі батырларымыздың көзсіз ерлігі мен қайтпас қайсарлығы хақында халық ауыз әдебиетінде ауыздан ауызға беріліп отқан дейді.
«…1710-1712 жылғы еліміздің батыс бөліктеріне қарайлап қойған дұшпанға қарсы күресте шыбын жанын шүберекке түйген қазақ сарбаздарын Табын Бөкенбай басқарды. Жоңғар әскері біржолата талқандалмаса да, беті қайтты, қазақтың оңай шағыла қоймайтын жаңғақ екенін түсінгендей болды.
Бұл шайқастарда Бағаналы арасынан шыққан Төлек, Тулақ, Оразымбет, Сағындық, Айбас сияқты тұлпар мініп, ту толқытқан батырлар легі елдің қошеметіне бөленіп, мақтанышына айналды…»
Сағындық батыр жорықтарға 17 жасынан 62 жасқа дейін қатысып, Шақшақ Жәнібектің беделді де белді бір батыры болған. Шежіреші Ә. Наурызбаевтың мәліметі бойынша, Шақшақ Жәнібек барлық батырларды бірігуге шақырып, Сағындықты сарбаздарына басшы етіп белгілеп, қалмақтарға қарсы аттандырады деген мағлұмат айтады.
Бұған қоса Болман Қожабайұлы «Сағындық батыр» дастанында:
«…Сағындық кедей баласы еді,
Атасы өліп жасында
Өсірген бағып анасы еді.
Жәрдем беріп жарылқап
Ибескі деген ағасы еді.
Тәрбие еткен жасынан
Жұртшы деген батырдың
Қалматай, Сағындық баласы еді.
Атасы Қожас Елтінді
Сары аталық бабасы еді» -деп жырлайды.
«…Сағындық батыр қапсағай денелі қаба сақалды, кең жауырынды болған. Жас шамасы онша алшақ болмаса да жауға шапқанда ылғи жолы болғандықтан, Жәнібек оны «Жолды қартым» деп атап кеткен екен. Дуалы ауыздан шыққан сөз қабыл болып, Сағындық батыр «Жолды қарт» атаныпты. Бұл туралы да Ә. Наурызбаев қолжазбасында айтылады (Республикалық мұрағат, 240 папке, 1 дәптер).
Сағындық батыр көбіне жекпе-жекке шыққан. Жаумен қарсы кездескенде арыстанша ақырып ұмтылады екен. Шақшақ Жәнібектің бастауымен, Сағындықтай батырлардың қостауымен Бұланты бойындағы қырғын шайқаста жаудың тас-талқанын шығарып, есін тандырмаса, Аңырақайға есік ашылуы мүмкін бе еді?!
Осының нәтижесінде Жоңғар шапқыншылары тізе бүгіп, жеңіліс тапқанын тарихшылар талай дәлелдеді. Бұдан кейін Ұлытау топырағына қалмақтардың табаны тимегенін тарихтан білеміз.
Бағаналы ұрпақтары, Қожастың төрт баласынан тараған ұл-қыздары, Қумола өзенін жайлаған Аманғұл әулеті, Білеуті, Дүйсенбайды мекендеген бес Майгелді тұқымы қан майданнан сырт қалды десек, шындыққа қиянат болар еді. Аңғара білгенге, Қалмақ пен Жоңғар елі қазақпен ертеден-ақ сыйласа жүріп, қимас досың жасамайтын тамаша татулық үлгісін көрсетіп отырған. Оған батырлар жырындағы, қиссалар мен аңыздардағы, шешендік сөздердегі батырларға, шешендер мен хандарға көрсетілген сый-құрметтен аңғарамыз. Соның бәрі – қазақ елінің құпиясы мен осал тұстарына жүргізілген ұзақ жылдағы барлаудың көрінісі, зерделеудің түйіні. Сөйткен қазақ пен қалмақ бір-бірімен аңдысып жүріп, сыралғы болғаны соншалық, бір-бірінен қаймығу, именуді қойған «сыңайлы». Онысы соғыс жүріп жатқан қазақ жеріне қалмақ хандарының үй іші, отбасымен, дүние-мүлкімен көшіп келіп соғысуынан да байқалады. Екі елдің «қырғи қабақтығынан еті өліп кеткенінің» бір мысалы, Құттымбет батырдың Жоңғар қонтайшысы Цэван Рабданның ордасына тікелей шабуыл жасауы. Ханның үріп ауызға салғандай Хоча атты жас, сұлу қызын және бірнеше адамдарын тұтқындауының ақыры қанды оқиғаға айналғаны ел тарихынан белгілі. Оның «Хоча» есімі өзгертіліп, ауылдастары еркелеткен «Хорқызы» атанды. Құттымбет батырдың жары болған Хорқызым анамыз Құтан әулиенің ауылында сыйлы келін болып, соңынан ұрпақ ерді. Бұл мәліметке Қожабай Тоқсанбайұлы Есенбаймен айтысында айтқан сөзі дәлел бола алады:
«… Атамыз ер Сағындық елі үшін
Күнбітас қалмақ ханын келген шауып,
Солардан жетім-жесір алып келген
Біреуін қалмақ қыздың соған берген.
Атаңа алып келіп буаз қосып,
Көп ата Қарауыл боп содан өрген…»
Қазақтарда да, қалмақтарда да айқасқа шығар алдында: «Ертең шепті кім бұзар екен, соны біліңдерші» деп өзінің сыншыларын, саяхатшыларын жіберіп байқататын болыпты.
Орта жүздің Шеген деген ақсақалы және ақылшысы жиі айтатын мынадай бір аңыз-әңгімесі бар:
«…Сағындық 60 жасқа, күрең аты 15 жасқа келіп қалса керек. Сағындықтың күрең аты мен Қалматайдың қаракері екеуі бір-бірімен сөйлескендей болып тұрыпты.Күрең ат: «Мен қартайып қалдым ғой» дегендей сыңай білдіргенде, қаракер: «Мен бұрын барам-ау, бірақ, батырым қалай қарар екен?» дегендей белгі береді. Ертеңіне, жауға шап-
қанда, айтқандай қамалға қаракер бұрын барады. Алайда, Қалматай сәл кідіріп, алға ағасын оздырады. Ұрысты Сағындық бастайды. Сол жолы қалмақтармен қатты соғыс болып, екі жақтан да көп шығын шығады. Сағындықтың баласы Өтеген оққа ұшады.
Қаны қарайған Сағындық атой салып, сарбаздарды бастап, қамалға басып кіреді. Қалмақтардың тас-талқанын шығарады. Қазақтар көп олжаға кенеліп, Сағындық қалмақтың Еркеқара Шері атанған сұлуын алады.
Шері – қалмақтың қызы өзі сұлу, өзі ділмәр, өзі ақылды, қараторының әдемісі болса керек. Ақылы мен көркі сай болғандықтан Сағындық еркелетіп Еркеқара Шері деп атаған. Одан Масақ, Сона атты балалары болады. Қалмақтардың келесі бір шапқынында біраз мал-мүліктерімен қоса Ақжелкен атты қызын да алып, одан Мамыт, Жидебас батырлар туған. Осы батырлардан тараған отбасы саны бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінде өмір сүруде. Көбісі Ұлытау, Жезқазған өңірінде жалпы Арқа төрінде қоныстанған.
Тағы бір айта кететін жайт, Сағындық батыр жоңғарларды жеңіп, елге қайтып келе жатқанда, олжа ретінде қырғыздың қызын алып келеді. Сағындық батырдың әкесі Жұртшының ағасы Ибескіде ұрпағын жалғастыратын ұлдар тұрақтамады. Соны ескерген Сағындық қырғыздың қызын Ибескі атасына береді. Сол қырғыздың қызы Аманғұл, Жылкелді, Көбес атты балаларды туады. Көбестен Құлмамбет, Әтей (Тілес), Боран, Өтеу тарайды. Ұлытау өңірінде осы бабаларымыздан тараған ұрпақтарының болуы осы деректерді дәлелдейтін жәйт.
Әр соғыстан оралған сайын Қалматай Сағындық ағасы жайлы: «Батыр күрең арғымағына мінгенде, қолындағы қандай қаруы болса да, айбаттанып жігерлене түседі. Күрең арғымақ жекпе-жек кезінде де, қоянқолтық ұрыстар кезінде де батырдың қолындағы қаруын қолдану ыңғайына оңтайлы қашықты сақтай қозғалады. Батырдың әр сермеген қылышы сырттан байқаған адамға екі құлаш ұзаратындай көрініспен жауын қидалай шауып құлатады», – дейді екен.
2017 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аталған жылы Бұланты шайқасы болған жерге ескерткіш-стела орнатылып, осы өңірдегі батырлардың есімдері жазылған тасбелгілер қойылған болатын. Бүгінде ол жерде 20-ға жуық батырдың ескерткіші көзге түседі.
Сол жылы тарихи шайқастың 290 жылдығына орай «Бұланты шайқасы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Бұланты шайқасы ескерткішінің түбінде 11 киіз үй тігіліп, батырлар рухына арналып ас берілді. Ерлік шежіресі толыға түсіп, Қызылордадан келген Сағындық, Қалматай батырлардың ұрпақтары ерлік дастаны туралы әңгімені одан әрі өрбітті.
Қазіргі таңда Сағындық батыр ұрпақтары қолда бар ақпаратты, тарихи деректерді жинап, сақтап, оны келешек ұрпаққа мирас етіп жеткізгісі келеді. Сонымен бірге, бабаларымыздың атымен аталған жер аттарын, қала, кенттердегі көше аттарын біліп отырса, әр азамат өзінің шыққан тегін, тарихын, ата-бабаларын ұмытпас еді. Бұл тұрғыда сонау жаугершілік заманда найзаның ұшымен, білектің күшімен елін, жерін қорғап қалған батырлардың қатарында лайықты аталатын Сағындық батырға Жезқазған қаласында бір атаулы көше атаса құба-құп болар еді.
Батыр бабаларға тағзым етіп, есімдерін мәңгілік сақтап қалу арқылы, біз нағыз ұлтжанды, өртұлғалы азамат тәрбиелей аламыз.
«Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген нақыл сөз бар халқымызда. Түп-төркініне үңілсек, терең мағына бар. Өзінің ата-бабаларының тек есімдерін жаттап қоймай, олардың ерлік жолын өзіне бағыт-бағдар етіп, соларға қарап бой түзесе, ой салары анық, тарихқа қанық болар еді.
Нұрғали Алмақов,
Жанұзақ Кенбаев.