Өңірдің агрөнеркәсіп кешені тұрақты әрі қарқынды түрде дамып келеді. Бүгінде ішкі өндірісті ұлғайтуға бағытталған бірқатар стратегиялық маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Инвестиция көлемі 50 пайызға артқан. Ал, биылғы жылы жиналған астық көлемі 21мың тоннаны құрады.Бұл көрсеткіштер туралы бүгінгі «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» атты агроөнеркәсіп кешені форумы барысында айтылды.
Форумға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, облыс әкімі Дастан Рыспеков, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, жергілікті фермерлер мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты.
Іс-шара «AgroQazaq: Техника. Өнім. Болашақ» көрмесінен басталды. Көрмеде ауыл шаруашылығы техникасы және «Бір ауыл – бір өнім» жобасының облыстық кезеңіне қатысушы жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімдері ұсынылды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелері форумның пленарлық сессиясында талқыланды.
Ел Президенті өз Жолдауында аграрлық саланы жаңғырту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және фермерлерге жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін атап өткен болатын. Облыс әкімі Дастан Рыспековтың айтуынша, «Облысымызда ішкі өндірісті арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, ет өңдеу бағыты бойынша өндірістер іске қосылып, жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы жұмысын бастады, азықтық базаны нығайту мақсатында суару жүйелері енгізілді, сондай-ақ егіс алқаптарын ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Облыс құрылғалы бері ауыл шаруашылығы саласына 8,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бастап бұл салаға 2,5 млрд. теңге инвестиция құйылып, өткен жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 46 пайызға өсті.
Ағымдағы жылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялауға 4,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат шамамен 780 шаруа қожалығына көмек көрсетіп, олардың техникасын жаңартуына, заманауи технологияларды енгізуіне, өндіріс өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруына мүмкіндік берді. Жыл басынан бері шамамен 200-ден астам түрлі ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл ауыл шаруашылығы техникасы паркін 6,5 %-ға жаңартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 2025 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылым көлемі 58,3 млрд. теңгені құрады, ал егін жинау көлемі 20 мың гектарды қамтыды. Барлық жинақталған астық көлемі 21 мың тоннаны құрап, орташа түсім гектарына 11 центнер деңгейінде болды (2024 жылы 8 центнерді құрады).
Биыл өңірімізде алғашқы рет «Отбасылық ферма» жобасының практикалық іске асырылуы басталды. Бастамаға 34 шаруа қожалығы мен 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қатысып отыр.
Жоба аясында 8 мың асыл тұқымды ірі қара, 13 мың қой мен 2 мың жылқы сатып алынды. Инфрақұрылымға облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, тұрғын үйлер, қора-жайлар салынып, су және электр желілері тартылды. Бағдарламаның ерекшелігі мал басын өсіруден, мал бордақылау, сою цехын, бие сүтін өңдеу, вакуумдалған ет өнімдерін шығаруға дейін толық өндірістік циклді қамту болып табылады. Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – өңірдегі бордақылау алаңдарына малдың тұрақты және уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету, – деді аймақ басшсы Дастан Рыспеков.
Форум барысында фермерлерді сапалы ресурстармен қамту, мемлекеттік қолдау механизмдерін жетілдіру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин саланың одан әрі дамуына арналған кешенді жоспар әзірленіп жатқанын, сондай-ақ жеңілдетілген несие беру тетігі іске қосылғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған шара аясында саланың бірқатар мамандары құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сондай-ақ тағы бір топ қызметкер жоғары кәсібилігі мен ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін түрлі номинацияларды иеленді. Талқылау қорытындысы бойынша Ұлытау облысының агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуетін арттыруға және өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді.
Шара өңір фермерлері мен сала мамандары үшін тәжірибе алмасып, түйткілді мәселелерді талқылауға және ортақ бастамаларды айқындауға мүмкіндік берді.






