Өмірі өлкенің тұтас тарихымен біте қайнасқан өндірістің майталмандарын ұлықтау – өткен тарихты бағамдай білумен пара-пар. Қара және түсті металлургияда есімі алтын әріппен жазылып қалған Игнатий Лидің Жезқазған мыс қорыту зауытының құрылысынан өркендеу жолына дейінгі шежіресін қалыптастырған тұлға екендігін кейінгі буынға жеткізу мақсатында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесі Игнатий Евгеньевичтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ауқымды шараларды қолға алған болатын.
1968 жылдан 1996 жылға дейін зауытта тер төккен тұңғыш директордың есімін ел есінде жаңғырту үшін Ардагерлер кеңесі Игнатий Ли атындағы шахмат пен дойбыдан жарыс ұйымдастырды. Оған Жезқазған өңіріндегі өнеркәсіп орындарында еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлер қатысты.
Жарысқа қатысушыларға «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров, Игантий Лидің немересі Олег Ли қатысып, әуесқой шахматшылар мен дойбышыларға сәттілік тіледі. Сейсенбі, сәрсенбі күндері өткен бәсекеде ардагерлер бір-біріне есе жібермеуге тырысты.
Жарыстың ашылу салтанатында Игнатий Евгеньевичтің көзін көрген ардагер металлург Жетпіс Шынқожаев былай деп естелігімен бөлісті:
– Еңбек жолымды 1969 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытында бастадым. Сонда жүріп, металлургияның әліппесін таныдым. Осы тұста Жезқазғанда жаңа әдіспен жаңа зауыт салынып жатты. Мен де осы зауытқа жұмысқа орналасып, еңбек етсем деген тілегімді арқалап, 1975 жылы зауытқа келдім. Сол жылы күкірт қышқылы цехының екінші кезеңін іске қосып жатыр екен. Игнатий Евгеньевичті мен сол кезде көріп, тани бастадым.
Жалындап тұрған жас кезіміз ғой. Іске алымды жастарды жұмысқа қабылдады. Таңертең жұмысын күкірт қышқылы цехының өндірістік үдерісін бақылаудан бастайтын. Жұмысшылармен қатар тұрып, мәселелері болса дереу шешетін. Мен танып, білген Игнатий Ли әділ де сауатты басшы болды.
Өмірден көргені көп, арнайы инженер-металлург мамандығын игерген басшының адамгершілігіне қарап бой түзедік. 41 жыл зауытта еңбек еттім. Соның 19 жылында Игнатий Лидің еңбексүйгіш, ізденімпаз адам екенін аңғардым.
Ардагерлер кеңесінің қолдауымен өткізіліп жатқан шахматшылар мен дойбышылар жарысы Игнатий Евгеньевичтің есімін, оның осы өлкеге сіңірген еңбегін насихаттаудың бір парасы деп білемін, – деді Жетпіс Шынқожаев.
Даңқты металлургтің құрметіне арналған жарыстың жеңімпаздары 10 тамызда Жезқазған мыс қорыту зауытында Игнатий Лидің 100 жылдығына арналған жиында марапатталды. Жүзден жүйрік шыққандар арнайы медальдар мен ақшалай сыйлыққа ие болды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.