Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағына өндірісте еңбек ететін ата-аналар шағымданған болатын. Олардың негізгі өтініші – балабақша уақытының қолайсыздығы.
Ата-аналар мектепке дейінгі мекемелердің жұмыс кестесіндегі өзгерістерге наразы. Бұрын балаларды қабылдау сағат 7:00-ден басталатын. Алып кету уақыты –19:00. Ал, енді ата-аналар балаларын сағат 7:30-де алып барып, кешкісін 18:00 дейін алуға мәжбүр. Бұл кесте жұмыс уақыты 8:00-де басталатын зауыт, фабрика, кеніш еңбеккерлеріне қолайсыздық тудыруда. Шалғай кеніштерге автобустар ерте шығады. Еңбеккерлер жұмыс орнына таңғы 8:00-ден ерте баруға міндетті. Өйткені олар өткізу бекетінен, алкотесттен дер кезінде өтіп, нарядтар алу, қол қою, арнайы киімді ауыстыру және уақытында жұмысқа кірісуі керек.
Баланың жағдайына алаң болып жүрген ата-ана жұмыстан кешіксе сөгіс алатыны тағы бар. Баланы кешкі 18:00-де алып кету уақыты да өндірістегі ата-аналардың дер кезінде жетуіне қиын болып тұр.
Сонымен қатар, балабақшаларда бір мезгіл тамақ ішу қысқартылды. Алайда, баланың балалар мекемесіне барғаны үшін төлем мөлшері өзгерген жоқ. Халықтың моральдық климатына зиян келтіретін бұл шешімнің неге байланысты екені түсініксіз.
Көптеген ата-аналар кезекші топтар ашу туралы шешім қабылданбай отырғанына наразы. Қазір олар ұжымдық хат дайындау үстінде. Алайда, ата-аналардың бұл жанайқайы жетер жерге жетпей, аяқсыз қала ма деген күдік басым. Құлақ асқан күннің өзінде оң шешім қабылдау ұзаққа созылып кете ме деп алаңдайды. Ата-аналардың бұл уәжіне облыстық білім басқармасы, білім бөлімі бей-жай қарамас деп сенеміз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.