Арқа төскейінде тоқсаныншы жылдың соңына қарай тұсауы кесілген «Анненск» шахтасын кеншілер қауымы осылай әспеттейді. Сырткөз әкімшілік-тұрмыстық корпусын өнер отауының ғимараты деп ойлап қалуы ғажап емес. Қысқасы, көрген көзді қызықтырады. Мәскеулік архитекторлар қиялынан туған бұл жоба Францияда әлемдік байқауда екінші орын иеленсе, Канадада алтын медаль алған.
Расында оның, сәулеттік сипаты, көз тартар тұрпаты осы өңірде өзіміз көріп жүрген басқа шахтаға таза ұқсамайды. Тіпті, талай елдің топырағына табаны тиген тарланның өзі: «мұндай жобаны кездестіру қиын» дейді.
– Бізде кен қатпары да күрделі. Жалпы, Жезқазған өңірінде көлбей жатқан кен қабаты онша ойыс емес, ал «Анненск» – айрықша. Оған қалыптасқан технологияны қолдану қолайсыз. Сондықтан, кен қатпарының орналасуына орай оны өндірудің арнайы жүйесі жасалған. Тағы бір ерекшелігі – скиптің жұмысы таразы тәріздес қозғалысқа негізделген: бір басына кен тиелсе, келесі басында түсіріліп жатады.
Қазір шахтада 575 адам жұмыс істейді. Айтпақшы, «Анненск» – аймақтағы терең шахта. Шыңырау түбі шамамен жеті жүз метрден асады, – дейді шахта бастығының міндетін атқарушы Ғазиз Жәнібеков.
№84 кен өндіру теліміндегі білікті бригадирдің бірі Айдын Жәткеевпен 420 метр тереңдіктегі забойда жолықтық. Кеншілік кәсіпті меңгергеніне 20 жылға жуықтапты. Алты жылдан бері бригада басқаратын көрінеді.
– Бригададағы 20 жігіт шаруаның шырайын шығарып, ауысымның әр сәтін толағай табысқа айналдыруда. Соның арқасында берілген тапсырманы ай сайын ойдағыдай орындаудамыз. Бұл – ұйымшыл ұжымдағы әр адамның моншақтата төккен маңдай тері мен біліктілігінің өтеуі. Жандос Томпақов, Бақытжан Аюпов, Ержан Уразаев, Жылқыбай Нұрбалаев сынды тәжіибелі кеншілер әріптестерінің табысқа жетуіне ұйтқы болып жүр, – дейді ол.
Телім механигі Рашид Алиев, бригадир Айдын Жаткеев, слесарь Тимур Коркин.
«Анненск» шахтасы шыңырауына түсіп, технологиясымен танысқан талай қонақ тамсанып, таңдай қаққан көрінеді. Біз де қалыс қалмадық. Онда небір танымал шетелдік фирманың жетілдірілген қуатты техникасы қолданылады. «Параматик» бұрғы бойлатады. Қуатты «Катер» кен тиеп, төзімді «Тора» тасымалдайды. Проходкаға алымды «Аксера» мен қарымды «Миниматик» қойылған. Забой төбесін «Робольт» бекітеді.
Қайтар кезде №84 кен өндіру телімінің бастығы Дастан Мәменовпен тілдесудің сәті түсті. «Қазақмыстың» кеншілер қаласындағы технологиялық колледжінің түлегі еңбек жолын 2009 жылы «Жаман-Айбатта» бастапты. Алты жылдан кейін Шығыс Жезқазған кенішіне ауысқан. 2019 жылы осы телімнің тізгінін ұстаған. Жас болса да жұмыстың жай-жапсарын жетік білетіні сөз саптасынан аңғарылып тұрды.
Телім бастығы Дастан Мәменов.
– Біраз шаруаның басын қайтару орта буын басшылардың біліктілігіне байланысты ғой. Бұл тұрғыда орынбасарым Есбол Мұхамеджан мен телім механигі Рашид Алиев – жөн-жоба білетін жігіттер. Үш ауысымға кен шеберлері Сраждин Мұқанов, Марат Ерғалиев, Жанат Қапаров бас-көз болып жүр. Біздің кеншілер де анау-мынау инженер-техник қызметкерінен кем емес. Солардың қажырлы қимылының арқасында айына 51 мың тонна кен өндіруді қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді телім бастығы.
Өткен жеті айды екпінді еңбек, толымды табыспен шығарып салған кеніштің ынтымағы уыздай ұйыған ұжымы кәсіби мерекесін лайықты тарту-таралғымен қарсы алып, берекелі еңбек вахтасын белді бекем буып, сәтімен жалғастыруда.
P.S. Көзіне ота жасатып, ем-дом қабылдап жүрсе де кеншілермен кездесуді, барыс-келіс көлігін ұйымдастырған «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы Шығыс Жезқазған кенішіндегі ұйымының төрағасы Манап Байдүйсеновке «Мысты өңірдің» ормандай оқырманының атынан алғыс айтамын!
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.
СӘТБАЕВ қаласы.