Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қалам иелерін арнайы марапаттап, отандық журналистикаға қосқан үлестеріне жоғары баға берді.
Президент өз құттықтауында БАҚ-тың ел өміріндегі орнына айрықша тоқталды.
– Сіздер мемлекет саясатын халыққа түсіндіріп, билік пен қоғам арасында көпір қызметін атқарып келесіздер. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін күрделі де жауапты жұмыс. Мен бүгін сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысының марапатына ие болғандар қатарында Ұлытау өңірінен де жарқын есім аталды. Көп жылдық қажырлы еңбегімен өңірлік журналистиканың өркен жаюына елеулі үлес қосқан «Сарыарқа» газетінің бас редакторы Жаннұр Тілемісова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жаннұр Төлендіқызы – тек басылым тізгінін ұстаған басшы ғана емес, өңір руханиятының жанашыры. Оның қаламынан туған әр мақала – елдік мұрат пен ұлттық құндылықтың жүгін көтеріп келеді. Сондықтан бұл марапат бір ғана адамның емес, тұтас Ұлытау журналистикасының абыройына айналды.
Кәсіби адалдық пен азаматтық ұстанымның үлгісін көрсетіп келе жатқан қаламгерлерді қоғам да, мемлекет те лайықты бағалауда. Бұл – рухты нығайтатын, еңбекті ерлікке балап, өскелең буынға үлгі боларлық тағылым.
Ақпарат майданындағы адал күрескерлердің мәртебесі әрдайым биік болғай!
Ізтай Белгібайұлы.