Балқаш қаласының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің спорт залында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылуының 35 жылдығына орай қазақ күресінен «КәсіпҚорған» кәсіподағының Балқаш филиалы және «Қазақ тілі қоғамы» Балқаш өндірістік алаңының еңбеккерлері арасында жарыс ұйымдастырды. Жарысқа 50 балуан өтініш берді.
Жарыстың салтанатты ашылуында «КәсіпҚорған» кәсіподағы Балқаш филиалының еңбекті қорғау жөніндегі аға инспекторы және «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы Бәтима Дюсембаева мен Балқаш қаласындағы «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің жауынгерлік бауырластық ұжымының» төрағасы Бауыржан Мұхамедиев ардагерлер атынан сөз алып, ұйымдыстырушыларға ризашылығын білдірді.
Жарыс қорытындысы бойынша 70 келі салмақта І орынмен Балқаш байыту фабрикасының жұмыскері Айдос Жахсибеков,
ІІ орынмен Балқаш мыс балқыту цехының жұмыскері Ғазиз Минапас, ІІІ орынмен зауыттың күкірт қышқыл цехы ұжымынан Қанат Тлежанов марапатталды.
80 келі салмақта І орынды Балқаш байыту фабрикасының жұмыскері Абылай Әлімхан жеңіп алса, аталмыш кәсіпорыннан Олжас Махметов ІІ орынды еншіледі. ІІІ орынның жүлдесі мыс балқыту зауытының мысты электролиздеу цехынан Тимур Маминге бұйырды. 80 келіден жоғарғы салмақта «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш өндірістік алаңындағы экспорттық қабылдау бөлімінің маманы Әзжәнібек Зияда «Түйе палуан» атанса, ІІ орынды зауыттың күкірт қышқыл цехының жұмыскері Мәди Шәкәрімов қанжығасына байлады. Бағалы металдар цехы ұжымынан Нұрсұлан Мұсахан ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, «Үздік балуан» номинациясына Айдос Жахсибеков ие болса, «Жеңіске деген ынтасы үшін» номинациясымен Байтас Сүлейменов марапатталды. «Үздік әдіс» номинациясына Әзжәнібек Зияда қол жеткізді.
«КәсіпҚорған» кәсіподағы Балқаш филиалы және «Қазақ тілі қоғамы» ұйымдастырған ең көне спорт түрлерінің бірі қазақ күресінен өткен жарыс баршаның көңілінен шықты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
Балқаш.