Сәтбаев қаласындағы Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Аманат» партиясының Ұлытау облысындағы филиалы ұйымдастырған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында «Жеке қаржыны басқару» тақырыбы бойынша дәріс өтті. Дәрісті «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту қауымдастығының қаржы сарапшысы, маман Мұхамедәлі Батырхан жүргізді.
Сәтбаев қаласының әкімі М.Бөрібаев дәрістің жоғарғы деңгейде өтуін қоғам белсенділеріне тапсырса, Сәтбаев қалалық Ардагерлер кеңесінің басшысы А. Мулахов өз тарапынан ардагер кеншілердің дәріске жұмыла қатысуларын ұйымдастырды.
Қаржы саласын үйреткен бұл дәрістің алғашқы сабақтары «Жеке және отбасылық бюджетті құрастыра білу» және «Қаржылық инвестиция құралдары мен жалған компаниялардың алаяқтық әрекеттерін ажырата білу» деп аталды. Дәрістің үшінші күні Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Манат Амантаева қаржылық пирамиданың қыр-cырын түсіндірді, өз тәжірибесінде болған – алданынып қалған азаматтардың жай-күйлерін әңгімеледі. Алаяқтардың арбауына түспеудің жолдарын айтып, ұялы телефон арқылы келетін жалған ақпараттар туралы түсінік берді.
Дәріс барысында бейнебаян көрсетіліп сол арқылы түсініктер беріліп отырды. Дүние мүлкінен айрылып жылап-еңіреп жатқан жандарды да көрдік. Келесі дәрістерде жеке тұлғалардың банкроттықты рәсімдеуде өз құқықтарын қалай қорғай білуі жағы сөз болды.
«Бизнес жобалардың табыстылығын анықтау үшін қаржылық есептер жасау, қаржылық тәуекелдерді талдай білу – отбасының әл-қуатын арттыруға қажетті қаржылық сауаттылықтың құзіретін арттырады. Ал «құзірет» дегеніміз – оқып немесе өздігінен білім алып нәтижесінде алған білім мен біліктілікті іс жүзінде қолдана білу қабылеттілігі екенін ұғындырды.
Жас маманның қаржы мәселесінің қыр-сырын жетік меңгеріп ол туралы мағыналы дәріс өткізгеніне жиналған қауым дән риза болды. Көкейлеріндегі шеше алмай жүрген сұрақтарын қойып, оған жауаптар алып жатты. Дәрістің соңғы күні әрбір қатысушыға Ұлытау облысы, «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында «Жеке қаржыны басқару» курсынан өтті деген «Қарызсыз қоғам әлеуметтік жоба» атты сертификаты салтанатты түрде табыс етілді. Соңынан сахна төрінде дәріске қатысушылар естелік суретке түсті.
Жәми Тұрсынбаев,
«Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшесі.