Елге барып жүргенде дүкен сөрелерінен «Жаңаарқа балын» көріп таңғалған болатынмын. Бұл өңірде омарташылар жоқ сияқты еді, қайдан келгендеп. «Рас жергілікті бал ма, қайдан, қалай алынып жүр?» деген сауалдар қызықтырып, өнім өндірушінің жай-жапсарын сұрастыра бастадым. Сөйтсем, ара шаруашылығымен айналысып, бал өндірумен айналысатын кәсіпкер Жаңаарқада да бар екен. Ара өсіріп, омарта баптайтын жеке кәсіпкер Жетпіс Жұмажановпен танысудың сәті осылайша түсті.
Жетпіс бұл ерекше кәсіппен 2013 жылдан бері айналысып келеді екен. Зейнетке шыққанша әртүрлі салада еңбек еткен. Армия қатарындағы борышын өтеп келген соң ауылшаруашылығы кәсіптік-техникалық училищесінде өндірістік оқыту жөніндегі шебер болып біраз жыл істеді. Одан кейін «Сельхозхимия» аудандық бірлестігінде механикалық отрядтың бастығы болып, осы мекеме тарағанша абыройлы еңбек етті. Ал, 1990 жылдан бастап «Қазтрансойлдың» мұнай айдау станциясында құбыршы болып істеп, 2013 жылы зейнеткерлікке шығыпты.
– Бір хадисте: «Бал – ажалдан басқа күллі ауруға ем», – деп айтылған екен. Олай болса, ара өсіріп, бал жинау нағыз сауапты іс болар деп зейнеткерлікке шыққан соң осы кәсіппен айналысуға бекіндім. Ең әуелі ара өсірудің ерекшеліктері мен балдың қасиеттері туралы материалдарды жинақтап, олармен мұқият таныстым. «Пчеловодства» деген кітапты жастана жүріп оқумен болдым. Келер жылында Қарағандының Абай ауданындағы Сарепта ауылындағы омарта ұстайтын бір орыспен танысып, біраз тәжірибесін үйрендім. Содан соң одан 220 мың теңгеден әуелде 5 ұя, кейіннен 10 ұя сатып алып ара шаруашылығына білек сыбана кірістім. Бір ұяда жобамен 120 мыңдай ара болады. Тынымсыз бал жинаумен айналысатын жұмыскер аралар 20-25 күндей ғана өмір сүреді. Аналық ара 800-1200-ге дейін жұмыртқа салып, соның есебінен орындары толығып отырады. Жұмыртқадан екі аптаның ішінде жас аралар қанаттанып шығып отырады. Қазір омартамда 15 ұя бар. Маусым ішінде 500-600 килограмдай бал жинап жүрмін, – дейді омарташы Жетпіс.
Бұл саланың арғы тарихына үңілсек, біздің елімізде ара шаруашылығы кәсіпшілік ретінде әуелде қазіргі Шығыс Қазақстан өңірінде дамыған екен. Орыс ғалымдарының бастамасымен Үлбі өзенінің бойындағы ара өсірушілері сонау 1812 жылдан Ірбіт жәрмеңкесіне қатысып, сапас
ы жоғары балымен әйгілі болған. Алтайдың балы бүгінгі күні де жер-жаhанға кеңінен танымал екені белгілі. Ал, енді Сарыарқа төсіндегі Жаңаарқа балының жай-күйі мен қыр-сыры туралы Жетпістің айтар әңгімесі аз емес. Омарташылардың тынным көрмей, бар мүмкіндікті пайдаланатын кезі маусым, шілде, тамыз айлары. Осы кезеңде өсімдік біткен жаппай гүлдеп, аралардың бал жинауына жақсы мүмкіндік туады. Бал арасын өсіру оңай емес. Бұл жұмыс аса тиянақтылықты қажет етеді. Омарта орналастыратын жер дұрыс таңдалуға тиіс. Желден қорғалған жер гүлді және нәрлі шөптер өскен алқапқа жақын болуы шарт. Омартаны ара ұшып шыққан соң орнынан жылжытуға болмайды екен. Өйткені, аралар қайтып келгенде ұясын таппай қалатын көрінеді. Сондықтан, омартаны тек түнде ғана қозғайды.
Жетпістің айтуынша, гүлден гүлге қонып, тынымсыз нәр жинайтын араның еңбекқорлығы ғажап. Аралар үлкен отбасы болып ұйымшылдық пен тіршілік жасайды. Омартадағы аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар өздеріне тән қалыптасқан ережеге бағынып, әрқайсысы өз міндеттерін мүлтіксіз орындайды екен. Балды тек жұмыскер аралар ғана жинайды. Аналығы аз, көбі жұмыскер аралар болатын көрінеді. Аналық ананың міндеті ала жаздай ұрпақ өсіру үшін жұмыртқа салады. Ал, гүлден бал жинамай келген араны күзетші ара омартаға кіргізбейді дейді. Ұят есігін толтырғанда ауызын өздері жауып тастайды. Омарташылар осы балды арадан «тартып алғандай» білдірмей, жинап отырады. Сонымен қатар олардың қысқы жағдайын да ойластырады. Соңғы жиналған балды араның қысқы қорегіне қалдырады. Араларды қыста жер төледе белгілі температураны сақтай отырып қыстатып шығарады.
– Араларымды кейінгі 6-7 жылдан бері Павлодар облысының Өспен ауданында орналастырып бағып жүрмін. Жаңаарқа жері қанша көк орайлы дегенмен, араның қорегіне сай келетін нәрлі шөптер мен гүлді өсімдіктерге бай емес. Алғашқыда далалы қалқаптармен қатар, Ақтау бойындағы таулы аңғарларға да апарып жүрдім. Көп аралауға тура келеді. Кейінгі уақытта омартамды Павлодар өңіріне көшіргенім, оларда шілдеге қарай қара құмық, күнбағыс алқаптары гүлдейді. Аралардың бал жинауына қолайлы, – дейді Жетпіс.
Байыптай білсек, ара өсіру – ауылшаруашылығының бір мәйекті саласы. Облыс әкімінің қолдауымен Жетпіс Жұмажанов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 1,7 млн. теңге жеңілдетілген несие алыпты. Бұл қаржы арқылы аздап болса да шаруашылығын жинақтап алуға мүмкіндік туыпты. Омартадан жиналған өнімнен таза бал алудың да өзіндік технологиясы бар. Жалпы, балдың адам денсаулығына пайдасы көп екені белгілі. Омартасырын меңгерген Жетпіс те барлық әріптестері сияқты тек бал ғана емес, басқа да құнды өнімдер алады. Қосымша алынатын ара уы, прополис, балауыз, ара желімі өнімдері де үлкен сұранысқа ие. Оларды дәрі-дәрмекке, емге алушылар көпдейді. Өлі аралар да дәрі жасауға қолданылады екен. Мысалы, прополистің 10 грамы 1 мың теңге тұрады. Ара шаруашылығына қызығушылық пен ден қойған кәсіпкер осыған да шүкіршілік етуде.
«Бал ара шаруашылығы туралы» заң қабылданғаннан кейін елімізде омарташылар саны екі есе артқаны жайлы айтылып жүр. Алайда, Арқа төсіндегі біздің өңір үшін бұл сала – тосын кәсіп. Оған жете мән берілмейтіні де сондықтан. Ара өсіруші Жетпіс Жұмажановтың нәсібіне айналған кәсібін арнайы сөз етуіміздің де өзіндік мәні бар. Көзін тапқан жанға кәсіпкерліктің түрі көп. Атасу аймағынан да тыс жерлерге танымал бола бастаған «Жаңаарқа балы» осыған дәлел. Жаңадан шаңырақ көтеріп, көшін түзеуге бет бұрған Ұлытау облысында шағын және орта бизнесті дамыту аясында осындай сирек кездесетін кәсіп иелеріне де нақты қолдау жасалып, көмек көрсетілсе орынды болар еді дейміз.
Амандық РАХҰЛЫ.
Суретте: жекекәсіпкер Ж. Жұмажанов.