Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазған қаласына ресми сапармен 14 рет келген екен. Әр жылдарда келген осы сапарларында Елбасы ел экономикасы мен саяси өміріндегі мысты қаланың тарихи орнын талғаммен таразылап, өңірдің нарық жағдайындағы әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша назар аударып отырды. Журналистік қызметіме байланысты мен осы маңызды оқиғалардың біразының ортасында болып, Елбасы сапары туралы ақпарат тарату мүмкіндігіне ие болған едім. Нұрсұлтан Әбішұлының осындай маңызды сапарларының өңірдің дамуына оң серпін беріп, айшықты із қалдырғанын бүгінде ерекше атап айтуға болады.
Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазған өңіріне алғашқы рет 1991 жылдың 27 қарашасында Президент сайлауының қарсаңында келген еді. Ол сапар барысында сол кездегі «Жезқазғантүстіметалл» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бірқатар кәсіпорындарын аралап, еңбеккерлермен жүздесті. Кешкілік Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде сайлаушылармен кездесу өткізді. Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің алдындағы өзекті міндеттерге тоқталды. Ол кезең нарықтық экономикаға жаңа қадам басқалы тұрған күрделі де қиын кезең болатын. Экономикалық қатынастардың қайта құрылуына байланысты бағаның еркін жіберілетіндігі, бюджет тапшылығы, жұмыссыздық орын алатындығы, кейбір әлеуметтік мәселелерді шешу уақытша тоқтатылатыны бүкпесіз айтылды. Алда мемлекеттік мүліктерді жекешелендіру кезеңі тұрған еді. Тәуелсіздіктің өтпелі кезеңіндегі осы қиындықтарды жеңе білуге шақырды. Осы сапарынан соң Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы 1 желтоқсанда алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміздің Президенті болып сайланғаны белгілі. Тұңғыш Президент күні мерекесі де осы маңызды оқиға болған күннен бастау алады.
Президенттің бұдан кейінгі 1993 жылдың 14-15 қыркүйектегі бір сапары Жезқазғаннан басталып, екінші күні Ұлытауда жалғасқан болатын. Жезқазған мыс қорыту зауытында болып, іргесіндегі «Казкат» бірлескен кәсіпорнының салынып жатқан құрылысымен танысты.Елбасының 1993 жылдың 15 қыркүйегіндегі Ұлытауға алғашқы сапары Тәуелсіздігіміздің үшінші жылына қадам басқан елең-алаң кезеңмен тұспа-тұс келген-тін. Сапар барысында Нұрсұлтан Әбішұлы қасиетті өңірдің тарихи орындарын аралап көрді. Ел бірлігін сақтау туралы осы жолы тебірене әңгімеледі. «Біз Тәуелсіздігімізді жарияладық. Саяси тәуелсіздігіміз бар, ал енді аяғымыздан тік тұрып нағыз Тәуелсіз мемлекет болуға бірталай жағдай керек. Біраз жылдар керек. Көп жұмыстар істелуге тиіс», — дей келіп Елбасы ең алдымен өз халқымыздың бірлік пен ынтымақта болуына айрықша тоқталған-тын.Елбасы кездесу соңында ұлт ұясының мәртебесін одан әрі асқақтату үшін халықпен кездесу болған сол жердегі жолдың бойындағы төбеге Белгітас қойғызып, қазақ елінің бірлігі мен тұтастығын бейнелейтін еңселі ескерткіш орнатуды аманаттады. Сол кездегі жағдайға орай аманатты орындау біраз кешеуілдеп барып жүзеге асты. Ұлытау қақпасына айналған «Мемлекеттің тұтастығы мен Қазақстан халықтарының бірлігі» монументі белгітас қойылғаннан кейін араға 12 жыл салып, 2005 жылы бой көтерді. Бүгінде ол қасиетті өңірге қадам басқан адамдардың аялдап, тағзым ететін ерекше орнына айналып отыр. Елбасы келесі – 1994 жылдың 3 қарашасында келгенінде Американың «Саутваер» және Түркияның «Энтес» фирмалары бірлесіп салған «Казкат» бірлескен кәсіпорнының салтанатты ашылуына қатысты. Қазірде Қазақстандағы мыс ширатпасын шығаратын бірден-бір өндіріс болып табылатын «Казкат» зауыты сұранысқа сай өнім өндіріп, жұмыс істеп тұр. Тұңғыш Президент осы сапарында 100 жылдық мерейтойын атап өткен сұңқар ақын С.Сейфуллиннің ескерткішіне тағзым етіп гүлшоқтарын қойды, одан соң Оңтүстік кореялық «Самсунг» фирмасы күшімен салынып жатқан медициналық орталық кешенінде болған еді. Бүгінде бұл медорталық әлемдік деңгейдегі медицина талаптарына сай бірегей емдеу орнына айналғанын сүйсіне айтуға болады.
Жезқазған қаласы облыс орталығы мәртебесінен айрылып, Қарағанды облысына қараған тұс жергілікті тұрғындардың көңілін құлазытып, бір алаң-құлаң күй кешкен шақ болатын. Облыстық мекемелерде істегендердің біразы босап қалған соң жайлы қызмет табылмай, бірі облысқа, екіншісі Астанаға жол тартуға мәжбүр болғаны есімізде. Дәл осы кезеңде, 1997 жылдың 19 мамырында Жезқазғанға Нұрсұлтан Назарбаев келді. Елбасы мысты өңірге екі мақсатпен келгендігін айтты. Бірі – «Самсунг» фирмасының басқаруында жұмыс істеп жатқан өндіріс жағдайымен танысу, екіншісі– бұрынғы Жезқазған облысының Қарағанды облысына қосылуына байланысты халықтың көңіл-күйін білу. Сол жолы халықпен жүздескенде және актив жиынын өткізгенде Президент көпшілікті сабырға шақырып: «Еш алаңдамаңыздар, Жезқазған ұдайы менің өз назарымда болады. Қарағанды облысының экономикасын бірлесе көтеруіміз керек» деп бұл жағдайдың мәнісін жете түсіндірді. Айтқанындай, Елбасы бұдан соң мысты қаланың көштен қалмауына үнемі көңіл бөліп, өңірдің дамуына ықпалын тигізетін бағдарламалардың қабылдануын тапсырып, қадағалап отырғанын көпшілік білсе керек. Осыдан көп кешікпей, 2008 жылдың 24 қаңтарында келгенде «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» форумын арнайы Жезқазғанда өткізді. «Қазақмыспен» қатар оған қатысқан еліміздегі көптеген алпауыт компаниялардың алдына Президент әлеуметтік мәселерге атсалысу жөнінде үлкен міндеттер қойды.
Елбасының 2003 жылғы 28 қазанда келген кезекті сапары тұсында мен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің аймақтағы меншікті тілшісі едім. Мыс қорыту зауыты жұмысшыларымен кездесіп, Сәтбаев қаласындағы бірнеше нысандарда болған соң «Байқоңыр» қонақүйінің мәжіліс залында БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Бір орайлы тұста мен Елбасына Жезқазған-Қызылорда бағытындағы автомобиль жолын жақсарту жайы туралы сауал қойдым. Сонда ол кісі ең әуелі экономикалық маңызға ие орталық өңірлердегі жолдарды ретке келтіру қажеттігін, уақыт өте келе бұл жолға да кезек келетіндігін байыппен түсіндіре келіп: «Болашақта теміржол да салынуы мүмкін» деген болатын.Бүгінде халық сол күнге жетіп, мысты қала тұйықта қалудан арылды. Транзиттік жүк тасымалының әлеуеті артып келеді. Жезқазған-Бейнеу бізді Батыс өңірлермен жалғастырса, Арқалық-Шұбаркөл теміржолы солтүстікке қарай бағытымызды кеңейтті. Жезқазғанға 2014 жылдың 22 тамызында келген сапарында Нұрсұлтан Назарбаев «Ғасыр жолы» құрылысының аяқталып, іске қосылу салтанатына қатысып, тұсауын кескен болатын. Елбасына өңір тұрғындары зор ризашылықтарын білдірді. Жезқазған-Бейнеу теміржол магистралі тек аймақ үшін емес, жалпы еліміз үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды жоба екені белгілі.Осы сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы қасиетті Ұлытау төріндегі сұхбаты арқылы халыққа үлкен ой салды. Елбасы бұл ерекше сұхбатында ұлттың өткен тарихынан бастап бүгінгі даму жоспарына дейін, тәуелсіздігіміздің қадір-қасиеті, мәдениет, дін, тіл төңірегіндегі ұлттық құндылықтарымыз жайында ұлағатты әңгіме өрбіткені есте.
Бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. «Қазақмыс» тарапынан «Жезқазғанның мыс қоры түгесілуге жақындады» деген жайсыз хабар шыққан 2010 жылдары Президент Үкіметке Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі Кешенді жоспар әзірлеу туралы тапсырма берді. Сондағы қабылданған Кешенді жоспар бойынша Жезқазған, Весовая, Перевалка кенттері тұрғындарын көшіріп, кеншілер қаласындағы жаңадан бой көтерген үйлерге қоныстандыру жүзеге асырылды. Бұл елді мекендердің астындағы құрамында мысы мол кен қабаттарын өндіруге қол жеткізіліп отыр. Сонымен қатар, аймақта жаңа кен көздерін барлауға тың серпін берілді. Жезқазған қаласындағы 60 жылдан аса пайдаланылып, тозығы жеткен коммуналдық жүйелердің құбырларының жаңартылуы да Үкіметтің Кешенді жоспары аясындағы көп міндеттердің бірі болатын. Өңірге келген сапары барысында арнайы аралап көрген «Ютария ЛТД» ЖШС-нің тігін өндірісінде қанатын жаюына да осы үлкен кісінің септігі тиді (суретте). Міне, еліміздің Тұңғыш Президентінің өңірге сапарының соңында осындай ізгілікті істері мен айтулы игіліктердің қалғанын сүйсіне айтуға болады.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде Елбасының тікелей қолға алуымен сарабдал саясатымыз бен басты бағытымызды айқындап берген қаншама салиқалы бағдарламалар қабылданды. Оларды жүзеге асыру жолындағы серпінді істер мемлекетіміздің іргесін нығайтып, ел жағдайын жақсартуға айтарлықтай ықпалын тигізуде. Халқымыздың рухы көтеріліп, өткенін түгендеп, өшкенін жаңғыртуға қол жеткізді.«Мәңгілік ел», «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» сияқты ауқымды жобалар аясында, тым алысқа бармай-ақ, осы өзіміздің Жезқазған-Ұлытау өңірінде де ел көңілінен шығатын игі істердің өркен жайғанын көріп отырмыз. Мәдениет пен білім ошақтары дамып, тұрғын үй құрылыстары қанат жаюда. Инфрақұрылымдар жаңартылып, өңірге көгілдір отын келіп жатыр.Ұлт көшбасшысы ұланғайыр даламыздың аса бай рухани тарихы, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері бар екендігін алға тарта отырып, осынау рухани географиялық белдеудің біртұтас желісін жасауға тапсырма берген еді. Міне, осы бағдарламадан бастау алған ұлағатты істердің Ұлытау төрінде, Жезқазған жерінде де жалғасын тауып, үлкен жобалардың жүзеге асып отырғанын көпшілік жұрт біледі. Қасиетті орындардың картасы жасалды. Қасиетті Ұлытау өңірінің жаңаша түлеуіне, туризм орталығына айналуына жол ашылды. «Алтын орданың 750» жылдығы аясында Жошыхан кесенесіне қайта жаңғырту жүргізіліп, ерекше тарихи-мәдени кешен салынды. Елбасының ұсынысымен билікке келген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Жошы хан» кешені жақында салтанатты жағдайда ашылды.
Иә, Елбасы «Жезқазған өз назарымда болады» деген сөзінен айныған жоқ. Президенттік өкілеттігін тапсырғанша Нұрсұлтан Назарбаев кенді өңірдің түйткілді мәселеріне үнемі көңіл бөліп, атқарушы биліктегі басшыларға оң шешім жасау туралы тапсырып жүрді. Бүгінде осы ізгі дәстүрді қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзіндік сабақтастықпен жалғастырып, өңірлер мен моноқалалардың тығырықта қалмай, даму жолына түсуіне көп мән беруде. Жалпы, жақсы істерді жария етіп, айтып жүру жарастықты іс болмақ. Тұңғыш Президент күніне орайластырып ел назарына ұсынып отырған бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз да осы еді.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.