Қазақ халқының басынан өткен ең ауыр трагедия саналатын «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасына биыл 300 жыл толып отыр. Қалмақтар 1723 жылдың көктемінде қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, мыңдаған адам қырылған, атамекеннен үрке көшіп, мал-мүлік талан-таражға түскен халқымыздың басынан қасіретті кезең өткен еді. Осы тарихи оқиғаға орай Жезқазғанда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақтың батырлары», «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Конференцияны модератор ретінде «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» КММ басшысы Бақытжан Көпбаев жүргізіп, алғашқы сөз кезегін Ұлытау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әнуар Омарға берді. Әнуар Серікбайұлы аласапыран кезеңнің зардабы өте жоғары болғанын айта келіп, ел басына күн туған кездегі «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген қайғылы әннің өмірге келуімен байланысты халқымыздың бастан өткерген қасіретіне қысқаша тоқталды. Конференция жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан соң негізгі баяндамашыларға кезек келді.
«Тұран-Астана» университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зәуреш Колумбаева «ХVII ғасырдың ортасындағы Салқам Жәңгір тұсындағы қазақ-жоңғар қатынасы» туралы баяндама жасады. Есім ханның ұлы Салқам Жәңгір 1643 – 1652 жылдары хан болып, билік құрғаны белгілі. Оның тұсында Батыр қонтайшы басқарып тұрған жоңғар-ойраттар Қазақ хандығының аумағына үздіксіз шабуыл жасап тұрған еді. Оның ішінде екі жақтың арасында үш ірі шайқас болған. Орбұлақ шайқасында 1643 – 1644 жылдары жоңғар қонтайшысы жеңіліс тапқан соң бытыраған иеліктерін жинақтап, қайта біріктіре бастайды. Сібірдегі орыс қалаларынан қару-жарақтар, оқ-дәрілер сатып алып, алдағы соғысқа мұқият дайындалады. Қазақ пен қырғыз және қытай жерінің ортасында өмір сүрген Жоңғар хандығының түпкі мақсаты қазақ даласын жаулап алу арқылы аумағын кеңейту болатын.
Көктемде тұтқиылдан шабуыл жасағанда қыстан жүдеп шыққан ел қапыда қалды. Оның әр жағында, 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін қазақ қоғамында саяси дағдарыс орын алып, үш жүзде жеке-жеке хандықтар пайда болды. Үш жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтауы Қазақ хандығының әскери-саяси қуатының әлсіреуіне әкелген еді. Орыс елімен қатынасын жақсартып, әскерін жарақтандырып алған құба қалмақтар осы жағдайды тиімді пайдаланды. Тарихшы Алексей Левшиннің жазуынша және қазақ жырауларының ауыз әдебиеті жырларына қарағанда Жоңғария қалмақтары әрқайсында 10 мыңға жуық жауынгері бар 7 түмен әскермен қазақ жерін шабады. Олар Балқаш, Қаратау бағытымен жылжып, Шу өңірін жайпайды, Нұра бойын қанға бөктіреді. Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын басып алады. Жоңғарлармен болған жойқын шайқастарда қазақтар 100 мыңға жуық адамынан айрылады. Тірі қалғандар атамекенін тастап босып кетеді. Тоз-тоз болған Ұлы жүз, Орта жүздің шағын бөлігі Сырдан өтіп, Ходжент, Самарқан иеліктеріне көшті. Кіші жүз Сауран қаласын айналып, Бұқараға ауады. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңеді. Батысқа қарай жылжығандары Жайыққа дейін жетеді. Халықтың ащы зары мен мұңына толы «Елім-ай» әні осы тұста туған еді.
Қазақтар шұрайлы мал жайылымдарынан айрылды, көші-қоң бағыттары өзгеріске ұшырады. Көрші елдермен сауда-саттық байланыстары үзілді. Шәкәрім Құдайбердіұлының келтірген деректері бойынша қазақтардың үштен екі бөлігі қырғынға ұшыраған. Бірқатары құлдыққа сатылып кеткен. Алайда, кешікпей ел есін жиды. Аласапыран кезең еркіндік аңсаған халқымыздың ерлік рухын шыңдады. Ұлтымыз бірігіп, дұшпанға соққы беруге ұйысты. 1726 жылы үш жүздің өкілдері Ордабасы тауында бас қосып, әр рудың билері, қолбасшы батырлары жауға бірлесіп соққы беруге пәтуаласады. Қалың елге Абылай, Әбілқайыр бас болып, Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары сияқты қазақ батырлары қол бастап, 1727 жылы жоңғарларға қарсы ұрысқа шықты. Біртіндеп оларды ығыстыра бастайды. Бұланты мен Білеуті өзендері бойындағы кескілескен ұрыста жоңғарлардың беті қайтты. Одан әрі Аңырақай даласында жалғасқан соғыста дұшпандар тас-талқан жеңілді. Жалпы жоңғар шапқыншылығының тарихтағы сипаты қысқаша айтқанда осындай. Ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасаушылар зұлмат кезең деректерін толықтыра отырып, өз зерттеулері мен пайымдарын ортаға салды.
Тарих ғылымдарының кандидаты, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Құралай Сейтқазина «ХVIIІ ғасырдағы тарихи шайқастар және Тілеулі батыр» тақырыбы бойынша әңгімеледі. Тілеулі Әбдірахманұлы жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қол бастаған батырлардың бірі. Оның есімі Ұлытау өңіріне етене жақын. Еліміз бен жерімізді қалмақтардан қорғап, Тәуелсіздігіміз үшін күрескен Шақшақ Жәнібек тархан, Тілеулі батыр, Тама Есет батыр есімдері қашанда қатар аталады. Тілеулі батыр 1710 – 1729 жылдары Аңырақай, Қалмаққырған мен Қарақұмда болған жоңғар соғысында 92 баулы қыпшақ руының әскерін басқарған. Бұланты-Білеуті шайқастарына қатысқан.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Тенгеш Қаленова «Алаш қайраткерлері» еңбектерінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарының зерттелуі» тақырыбын баяндамасына арқау етсе, тарих ғылымдарының магистрі, өлкетанушы Қабдол Әуезов «Бұланты-Білеуті» тақырыбы бойынша баяндама жасады. Негізінде, Алексей Левшиннің, Шоқан Уәлихановтың және Василий Бартольдтің еңбектеріне сүйенген кеңестік тарихшылар «Ақтабан шұбырындыны» тереңдеп зерттемеген деген ой айтылуда. Қазақтың ұлттық тарихының күрделі мәселелерін зерделеп жазуға ұмтылған Мұхаметжан Тынышбаев, Санжар Асфендиаров «буржуазиялық ұлтшыл» деген жаламен қамауда болды. Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов біршама зерттеген. Міржақып Дулатовтың да еңбегі бар. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы қалмақпен арадағы шайқасты ерлік жыры арқылы кеңінен арқау етеді. Жоңғарлар жеңілгеннен кейін арада бір ғасыр өткенде қазақтар Ресей бодандығына толықтай өткені тарихтан белгілі. Алаш көсемі Әлихан «Қазақстанның империя құрамына кіруі отарлау мен жаулап алудан тұрады» деп бағалаған екен.
Конференцияға қатысушылар баяндамашыларға өздерін толғандырған сауалдарын қойды, қосымша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қаралған мәселе бойынша конференция қаулы қабылдады.
Амандық РАХҰЛЫ.