Ольга ТАРАСЕВИЧ
Детектив
(Соңы. Басы газеттің № 9 (1762)санында).
– О, тоба… – деп таңданысымды еркімнен тыс байқатып қалғаным сол, ернімді тістей қойдым. Сасқанымнан сөйлей беріппін: – Мен өлген адамды танымаймын, үйімнен жұмысқа шыққанымда тосын ешқандай дыбысты да естіген жоқпын, өлікті де көрген жоқпын… Не дейсіз? Бұл ер адамды бұрын-соңды кездестірген жоқпын. Дәл солай.
– Солай ма, жарайды осылай жазамыз, – деп тергеуші папкасынан қағаз-қаламын алып, жаза бастады. – Сіздің фамилияңыз, есіміңіз, әкеңіздің аты, туған жылыңыз…
– «Менің айтқаным дұрыс жазылды. Өзіме оқып берді» деп жазыңыз, – деді Дмитрий хаттама мен қаламды маған ұсынып жатып. – Төменгі жағына қол қойыңыз.
Тергеушінің сұрақтарына жауап беру барысында қай-қайдағы ойға беріліп, фильмдерде көріп жүргеніміздей, қылмысты мойындататындай қысым жасап дегендей тергеуші тарапынан болатын тосын әрекеттерді күткен едім. Жоқ, жігіт тым сабырлы.
– Немене, осымен болды ма? – деп сұрадым таңданысымды жасыра алмай. Мен енді боспын ба?
– Иә. Әйткенмен жоқ. Айтайын дегенім… Наталия Витальевна… Наташа… Мүмкін сіз… бүгін менімен бірге кешкі ас ішуге келісесіз бе?
Өз-өзіме келе алмай мәңгіріп тұрып қалдым. Таңертеңнен бергі тым тосын жайттар не дегенмен жүйкеме күш түсірген: қан-қан болған өлік, мәйітті ішке сүйреп кіргізу, келбетті тергеуші… Оның маған назар аударуы… мен күтпеген тосын сый!
– Наташа, өзіңізді жайсыз сезініп тұрсыз ба? Мүмкін орындыққа отырарсыз?
Келбетті жігіттің жүзінен менің жауабымды аса қобалжушылықпен күтетіні анық аңғарылып тұрды. Егер мына құрғыр өлік болмағанда оның шақыруына қуана келісім берер едім… Сонда мен күдікті болмағанмын ба?..
– Шақыруыңызға рахмет. Ризашылықпен қабыл аламын, – дедім жымия сыр білдірмей. – Бәрі де күтпеген жерден болып жатқаны!
Менің жауабыма тергеуші қатты қуанып кетті. Оның жүзінен шаттық лебі есіп тұрды.
Ол шығысымен есікті жаба салып, ішке қарай ұмтылдым. Таңертең мен кеткендей балкон есігі жабық тұр. Өліктің денесін ораған төсек жапқыш та ғайып болыпты.
Иә, үйімде біреудің болғанына сөз жоқ. Сонда есігімді қалай ашқан? Есікті ашық қалдырған шығармын дейін десем, келгенде өз кілтіммен ашқаным анық. Қой, мұнда бүгін қона алмаспын. Қорқыныштан ақ түнді көз ілмей өткізіп жүрермін…
Пәтерден шығарда, мен аса зер сала есікті жаптым. Кілт жеңіл бұралды. Сосын мәйіт жанында тұрған тергеушіге тіл қаттым:
– Дмитрий! Жұмысқа кете беруіме бола ма?
– Әрине, – оның даусы жарқын шықты. – Мен айттым ғой, сіз боссыз деп! – деді де өзін-өзі ұстай алмай біздің оңашадағы келісімімізді әріптестері алдында жайып салды. – Тек кешке дейін. Мен телефон шаламын!
***
–Наташа… Сен сондай әдемісің! Мен саған алғаш көргенде-ақ жас баладай ғашық болып қалдым! Мүлде ес-түстен айырылдым, саған жақындауға және танысуға батылым бармай қойды. Мен ақымақ, сөйтіп жүріп қаншама күндер жоғалттым…
Екеуміз билеп жүрміз. Дима өзінің ғашықтық сезімін айтып, ауыз жабар емес.
Қандай тамаша кеш болды! Кеш хош иісті, ақ түсті бір уыс раушан гүлімен басталды. Сосын жанға жайлы мейрамханадағы кешкі асқа ұласты. Міне, енді ер адамның қызу құшағында басым айналып тұрғаны мынау.
– Наташа… Сен мені ақыл-естен айырдың… Сенің тұла бойың қандай сымбатты… Сенің денеңе денем тигенде қандай күйге бөленетінімді ойлаудың өзі ғанибет…
Диманың ыстық ерні менің тамағымды ерітіп барады. Жігіттің қауқарлы саусақтары желке тұсымды сипалағаны нәзік сезімге бөлеп, денем от болып жанып бара жатты. Саусақтар – желке – тамақ – ол енді мені тұншықтырар ма екен?!
Бүкіл әлем ғайып болды, мен де онымен бірге … жоғалдым.
***
Сұрғылт қою тұман. Күн бе, түн бе? Петербургтік жазда, міне, осылай бірден ажыратып болмайды.
– Наталья, құдай сақтап, есіңді жинадың ғой! Мен қатты састым! Кешір, бәріне кінәлі мен.
Маған бұрынғы күйеуім екеу болып көрінді. Кешірім сұрап тұрған сол екен.
– Ақымағым, сен мені дұрыс түсінбепсің. Мен қазір саған бәрін түсіндіремін. Өлген адамның денесі сенің есігіңнің алдында жату себебі…
Екі тергеуші? Сұмдық-ай! Тергеуші жалғыз еді ғой, мен неге екеуін көріп тұрмын…
Бірте-бірте өз-өзіме келе бастадым. Сірә, маған бірдеңе болған. Әйтпесе неге аурухана палатасында жатырмын? Енді ажырата бастадым, қасымда тұрған екеудің біреуі – бұрынғы күйеуім, ал екіншісі – тергеуші. Екеуі жарыса жаңа маған не айтты? Түсінсем бұйырмасын.
– Наташ, бәріне мен кінәлімін, – деді күрсіне бұрынғым. – Өзің білесің ғой, менің көзім нашар көреді. Білмеймін, маған қалай солай көрінгенін! Мейрамханаға кіргенім сол, маған мына жігіт сені тұншықтырып жатқандай көрінді…
– Оны тұншықтыру менің ойымда да болған жоқ. Біз сүйістік… дұрысы, мен оның тамағынан сүйген едім! Сен қызғанып, мені ұрмақ болдың, иә?! Сол мезетте би ырғағымен кілт бұрылған едік. Сенің соққың тура Наташенькаға барып тиді.
– Әй, сен өзі не деген сұмпайысың! – деп дауыс көтере Димаға ұмтылды бұрынғы күйеуім. – Оны Наташенька деп атайтындай кімсің сен! Мұрныңды бет қылайын ба, оңбаған!
Көз алдымда болып жатқан жайттан, яки екеуінің сөздерінен бірдеңе ұққандаймын. Неге екенін білмеймін, ана екеуі бірін-бірі аямай төбелессе ғой, қандай жақсы болар еді деген ой келген еді маған.
Сол сәтте мейірбике палатаға кіріп келгені. Ол адуынды қыз екен, екеуін де қуып шықты. Екеуінің бірдей кеткеніне еш қынжылғаным жоқ. Мен бәрібір бұл өмірде жалғыз қалмайтыныма сенімдімін…
***
Ертеңіне Дима келіп, мені ауруханадан шығарып алды. Оны көрген сәтте қатты қуандым, жақсы көріп қалғанымды сезіндім. Оның көзінен маған деген ынтызарлығын айтпай ұғындым.
– Мен сенің соңыңнан үш ай бойы бақылап жүрдім, – деп Димам бар сырын жайып салған еді. – Сен дүкенге қалай жүгіріп барып-қайтқаныңды немесе балаларыңмен қалай қыдырғаныңды сырттай қарап тұратынмын. Сенімен қалай танысудың бір ретін таппай қойдым. Әр күн сайын саған деген ынтызарлығым арта түсті. Сен сондай сұлусың, сен сондай сүйіктісің! Арманыма айналдың… Мен сенің экскурсияңа екі рет барып қатысқаным бар. Сені сөзге тартып, Пушкин туралы, Лермонтов туралы сұрақтар қойдым. Сен маған көз салған да жоқсың, басқа жаққа қарап тұрып жауап бердің. Сол жолы көңілге түйгенім: көшеде де, жұмыста да ер адамдармен танысуды қаламайды екенсің. Еш мүмкіндік бермедің.
Сөйтіп саған қалай жақындаймын деп дал болып жүргенімде ойда-жоқта соның реті келді-ау деп қатты қуандым емес пе. Сен білесің бе, үйлеріңнің шатырында кезбелер тұрады. Оларды ол жерден қанша қусақ та, жоғары көтерілетін есіктің құлпын қанша ауыстырсақ та ештеңе шықпай жүр. Міне, солар бірде төбелесіп, бірін қатты жарақаттайды. Мас, не істеп, не қойғандарын өздері де білмейді. Таңертең біреуі тұрса, қасында мәйіт жатыр…
Сол күні тергеу бөлімінде кезекшілікте отырғанмын. Телефон шалған адам мекенжайын айтқанда, өлік қай пәтердің есігінің алдында жатқанын айтқанда … орнымнан тұра жүгірдім. Сенімен жақын танысудың реті келді деген ой сол сәт санамда жарқ еткен. Келсем ана байғұс мәйіттің жанында отыр. Мәйітті далаға алып шықпақ болыпты. Сенің пәтеріңнің алдына келгенде діңкесі құрып, одан әрі апаруға әл-дәрмені болмапты. Кезбе мәйіттің жанында отырды, мен сенің пәтеріңнің қоңырауын бастым. Сол мезет ана байғұс тұра қашсын. Не керек, он бес минуттай сонымен әуре болдым. Келсем … мәйіт те жоқ, із де жоқ.
Сөйткенше жедел топ та келіп жетті. Оларға өтірік айтуға тура келді. Мекенжайды қате хабарлапты дедім. Олар көрші тұрған үйге кетті.
Менің бар ойым сенімен қалайда танысу болатын… Сен немене маған мейірбандылықпен қарайсың… Айтшы өзің, азаматша, мәйітке неге тиістің?
Қысқаша айтқанда, сен жұмысқа кетісімен, есігіңді ашып кірдім. Айтпақшы, құлпыңды ауыстыруың керек. Кез-келген тісшұқығышпен ашуға болады. Сонымен өлік денесін сатыға алып шықтым. Кезбені ораған төсек жапқышымен еденді сүрттім де портфельге салып алдым. Сосын жұмысыңа телефон шалып, сенің келуің керектігін айттым…
Бәрін айт та, бірін айт, сен маған түсіндірші, кезбенің денесін пәтеріңе тығуыңның себебі не?!
Мен сұраққа жауап берудің орнына Диманы өзіме қарай тарттым да ернінен сүйіп, аузын жаптым.
Енді ештеңе айтпасаң да, сұрамасаң да болады деген ишарам еді ол әрекетім. Өткен істің бәрі де маңызды емес. Ең маңыздысы, екеуміз көңіл қостық.
Біздің төсектен тұрғымыз жоқ. Айқасып жатып, болашағымыздың бәрін ойластырдық. Үйлену тойын қайда өткіземіз, балалар бөлмесіне қандай тұсқағаз жапсырамыз, алдағы еңбек демалысын қайда өткіземіз – бәрін-бәрін пысықтадық.
Мен арманыма қол жеткіздім. Махаббат буына мас қылған, жарқын сәулесімен бар өмірімді нұрландырған ақ күндер зырғып өтуде. Әрбір әйел сияқты мен де бақытқа лайықты екеніме сенімді едім. Дима мені бақытқа бөледі.
Ықшамдап аударған Шах МҰРАТ.