Ол биыл Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің даярлық класын бітірді. Ән салғанды өте ұнатады.
Айзере Алияхан – балалар өнер мектебіндегі вокал үйірмесінің белсенді мүшесі. Музыкалық-теоретиялық пән мұғалімі, хормейстер Арина Николаевна Рябованың жетекшілігімен көңілі қалаған өнердің қыр-сырын меңгеруде.
Биыл наурызда Жезқазғанда өткен балаларға арналған «Kids Karaoke Cup 2024» вокал жобасының аймақтық іріктеу байқауында бағын сынап көрді. Бастапқы қадамы қайырлы болды. Жеңімпаз деп танылған үш баланың қатарында Алматыда өтетін гранд-финалға жолдама алды.
Жалпы мұндай іріктеу байқауы қаңтар-мамырда Қазақстанның жиырма ірі қаласында өтті. Бірінші топта – 4-7, екінші топта – 8-12, үшінші топта 13-16 жас аралығындағы балалар өз өнерін қазылар алдында сарапқа салды. Қортындысында аймақта көш бастаған 71 бала 11-12 мамырда асқар Алатаудың байрайындағы әсем Алматыда сахна төрінде кездесті.
Көрген көзді қызықтырған өнер кешінде М. Тінәлиннің «Біздің дала» және А. Ермоловтың «Мне сегодня скучно» әнін шырқаған Айзере Алияхан кеншілер қаласына екінші орынның жүлдесін қанжығасына бөктеріп оралды.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суретте: Айзере Алияхан сахнада.
СӘТБАЕВ қаласы.