Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайды қарау деген сөз.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәніндегі қоғамдық қарым-қатынас тілі ету бүгінгі күн талабы екендігі баршаңызға белгілі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халық даналығы. Ендігі мақсат – Тәуелсіз мемлекетіміздегі қоғам өмірінің барлық саласында қазақ тілін кеңінен қамтамасыз ету. Ел егемендігін алып, еңсесін тіктеген тұста қазақ тіліне деген құрмет күшейіп, барынша ықпалын арттыруға өндірісте де қадамдар жасалуға тиісті. Бұл бағытта Балқаш қаласындағы Қазақ тілі қоғамы өндірісте ана тіліміз бен ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттауда айшықты шаралар өткізіп келеді. Қазақ тілі қоманың жетекшілерінің бірі, белсенді Бәтима Дүйсембаева Балқаш мыс балқыту зауыты мен осында өндіріске білікті кадрлар дайындаушы Балқаш технологиялық колледжінде рухани мазмұндағы дүниелердің өтуіне ықпал етіп келеді. Өндірістегі мемлекеттік тілдің ахуалы мен осы бағытта атқарылған жұмыстар жайында Бәтима Әбдіхалыққызы әңгімелеп берді.
– Тіл – ұлттың бар болмысы. Сондықтан оны барынша сақтап, өз деңгейінде мәртебесін асыру баршамызға ортақ. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда қазақ тілінің кеңінен насихатталып, салт-санамыздың жаңғыруына ықпал еткен Қазақ тілі қоғамы құрылды. Біздің Балқаш өңірінде бұл іске аға буын өкілдерінің сіңірген еңбегі орасан. Өзім түсті металлургия саласында еңбек еткендіктен өндірістің тілі қандай екендігі маған белгілі. Сондықтан ағалар алға тартқан ұсыныс бойынша Балқаш мыс балқыту зауытында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, халықмыздың дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттауға бағытталған шараларды өткізуді қолға алдық.
Қазіргі күнде бұл шаралар легін біз үзіп алмай жалғастыра отырып, жас ұрпақтың санасында өз ана тіліне, салт-дәстүріне деген қызығушылық арттыра түсуге көңіл бөлінуде. Елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, оны дамытуда әрқайсымыздың үлесіміздің барын еңбеккерлерге түсіндіріп келеміз. Қазақ тілінің ауқымын кеңейтіп, насихаттауда Қазақ тілі қоғамының мүшелері Дәулет Ежібаев, дана Өмекешова, Светлана Молодых үлес қосып келеді. Шын мәнінде ана тіліміздің айбынын асыру баршамызға аартылған жауапкершілік жүгі, барша қазақстандықтардың ортақ ісі. Отбасындағы тәрбиеден бастап, ел басындағы азаматтарға дейін өз ісінде осыны естен шығармауы тиіс. Сонда ғана біздің мемлекеттік тілімздің мәртебесі өседі, – дейді Бәтима Әбдіхалыққызы.
Бәтима Дүйсембаева – өндіріс озаты, металлургия саласының ардагері ғана емес ана тіліміздің жанашыры. Балқаш өңірінде ана тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген Бәтима Әбдіхалыққызы болашақта өндіріс тілі толық қазақшаланса деген ойын жүзеге асыру жолында да тынбай талпынуда.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.