Сәтбаевтық Нұрмағанбетовтер отбасында алып бала дүниеге келді. Ерлі-зайыпты полицейлер Сырымбет пен Сәуленің шаңырағында жарық дүние есігін ашқан баланың салмағы 6 келі 300 грамм, бойы 65 см.
Батыр да бойшаң баланың есімін әкесі азан шақырып – Әбілқайыр деп қойған екен. Бүгінде ішкі істер органдарының ардагері Сырымбет Нұрмағамбетов пен Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Сәуле Рахметованың отбасында 3 ұл, бір қыз бар. Отбасының тұңғышы Әлібек 12 жаста, одан кейінгі қызы Аяна 8 жаста.
– Әбілқайырдан 3 жас үлкен ағасы Алпамыс та 5 келіден артық салмақта туған, – деп еске алды анасы Сәуле. Әріптестері отбасының жаңа мүшесінің перзентханадан шыққан сәтіне куә болып, қуаныштарымен бөлісті.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.