Қараша айының 28 – 29 күндері Алматы қаласында «Тәуелсіз Қазақстанның Халық батырлары» қоғамдық бірлестігінің ІІІ есеп беру конференциясы өтті.
Бұл айшықты шараға шақырту алғандардың қатарында егемендік алған тұстан бергі уақытта кеншілер арасынан тұңғыш рет Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған, Ұлытау облысының және Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, кенші, № 73/75 шахтаның бригадирі, «Тәуелсіз Қазақстанның Халық батырлары» ҚБ Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Тұрсынбек Мақышев та бар.
Тұрсынбек Шамбылұлы Алатау етегінде өткен айшықты жиын жайында бізге баяндап берген болатын.
– Қазақстанның Халық Қаһармандары мен Қазақстанның Еңбек Ерлерінің басын қосқан алқалы жиынды Қазақстанның Халық Қаһарманы, қоғамдық бірлестіктің төрағасы, армия генералы Бақытжан Ертаев ашты.
Жиын барысында бірлестіктің әр аймақтағы филиал төрағалары бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын баяндап, алдағы мақсат-міндеттерді пысықтады. Айта кеткен жөн болар, бұл аталған бірлестіктің көздеген мақсаты жас буынның бойына патриоттық рухты сіңіріп, келешек ұрпақты елін, жерін қорғауға тәрбиелеу болып табылады.
Жыл сайын Қазақстанның Халық Батыры және Қазақстанның Еңбек Ері атағын иеленушілер қатары толыға түсуде. Биылғы жылы еліміз бойынша Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы бұрыңғы Қорғаныс министрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевқа, Қазақстанның Еңбек Ері 5 азаматқа лайық деп танылды.
Айшықты шараның барысында «28 Панфиловшылар» саябағында Ұлы Отан соғысында ерлігімен танылған батырлардың рухына тағзым жасалып, гүл-шоқтары қойылды. Алматы қаласының білім бөлімімен бірлескен жиынның аясында Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған № 178 мектеп-лицейінде болдық. Мұнда физика-математика бағытында тереңдете білім беріледі екен. Мұнымен қоса біз «Арыстан» әскери-кадет лицейінің жас ұрпақты білім мен тәрбиеге баулуда атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық. Бұл әскери-кадет лицейінің заманға сай әлеуеті қалыптасқан білім ошағы екеніне көзіміз жетті. Сонымен қатар, Қонаев қаласындағы «Балдәурен» әскери-патриоттық мектебінде де болып, білім ошағының жан-жақты тұлға дайындаудағы озық тәжірибесімен таныстық.
Екі күндік конференция тәжірибе алмасу мен жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеудің тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік берді, – деп атап өтті Қазақстанның Еңбек Ері.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.