«Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС су құбыры және кәріз жүйелері телімінде еңбек еткеніне 27 жыл толған Әділ Сейтжанов қарт Ұлытаудың етегінде туған. Амангелді ауылында кіндік қаны тамған оның балалық шағы Жезді қалашығында өтті. Сондағы № 6 жалпы білім беретін орта мектептен қанаттанды. Әкесі Қуаныш Жезді қалашығындағы автобазда жүргізуші, анасы Әлімпия есепші болып қызмет атқарды.
Жастайынан еңбекқорлықты жанына серік еткен Әділдің еңбек кітапшасындағы жазу осы Жездідегі автобазда жазылды. Ол 1994 жылдан 1997 жылға дейін осы кәсіпорында слесарь болды. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында көппен бірге Әділ Сейтжановтың отбасы Сәтбаевқа қоныс аударды. Сол жылдары «Қазақмыс» корпорациясының құрамында болған Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына әкелі-балалы Сейтжановтар жұмысқа орналасты. Әділ Сейтжановтың кәсіпорындағы еңбек жолы 1997 жылы басталды. Содан бері осы мамандықтан қол үзбей, еңбек етіп келеді.
Әділ Қуанышұлы кәсіпорындағы озат жұмысшы ретінде көпке үлгі болды. Жастарға білгенін үйретіп, тәлімгер атанды. Кейіпкерімізбен сұхбаттасқанда: – «Адам еңбек арқылы шыңдалады, абыройға кенеледі» деп жатады. Шын мәнінде солай. Мен адал еңбек ету арқылы жетістікке жетіп отырмын. Осында алғаш келгенде мені жұмысқа қабылдаған Райымбек Аяшев деген кең жүректі азамат болатын. Кәсіпорынның директоры ретінде жұмысшыларға ерекше көңіл бөлетін. Біздің телім қаладағы құбырлардың толық жаңартылуына атсалысып, істен шыққан жағдайда жөндеумен шұғылданады. Алғашқы жылдары құбырлардың барлығы темірден, шойыннан тартылған болатын. Соның 70 пайызын пластикалық құбырларға ауыстыру жұмыстарын жүргіздік. Телімнің еңбеккерлері төтенше жағдай туындай қалса күндіз демей, түн демей қалыпқа келтіруге атсалысады. Телім басшысы Қанат Ахметовтің іскерлігінің арқасында біз дер кезінде кемшіліктерді жойып отырмыз, – деді Әділ Қуанышұлы.
Мемлекеттік марапаттың иегері Әділ Сейтжанов бүгінде слесарьлар бригадасына жетекшілік етуде. Оның қарамағындағы 20 слесарь кеншілер қаласының су және кәріздік құбыр желілеріндегі ақауларды реттеуде шеберліктерін байқатып келеді.
Екеуара сұхбат барысында Әділ Қуанышұлының өз ісіне, кәсіпке деген адалдығы мен байсалдылығы байқалды. Атқаратын жұмысын іспен дәлелдеп жүрген азаматқа кәсіпорын директоры Ержан Тоқымбаев, телім басшысы Қанат Ахметов, «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Өмірәлі Әкешов бір ауыздан қолдау танытып, «Еңбек даңқы» орденіне ұсынды. Бұл Әділ Қуанышұлы үшін де, кәсіпорын еңбеккерлері үшін де мемлекеттің қарапайым еңбек адамының күнделікті күйбең тірлікте көзге көріне бермейтін, алайда тұтас бір шаһардың жылумен, сумен қамтылуына жауапты еңбегіне берілген үлкен бағасы деп қабылдануда.
– Бұл орден менің еңбегімді ескеру ғана емес, осы кәсіпорында тер төгіп жүрген азаматтардың ортақ іске қосқан үлесіне құрмет деп білемін. Марапатталатынымды салтанатты жиынға екі күн қалғанда ғана естідім. Мұндай марапат болады деп күтпедім. Президенттің қарапайым еңбек адамына деген ілтипатының зор екенін сезіндік, – деді Әділ Қуанышұлы.
Мақалаға арқау болып отырған кейіпкеріміз өзінің 30 жылдағы жинаған тәжірибесін жастарға насихаттап, оларды еңбекке баулуда да көшбасшы тәлімгер атанды. Оның мектебінен өткен Сағдат Нұрымов еңбектегі жетістігімен көзге түсіп жүр. Әділ Сейтжанов өзімен үзеңгілес Танат Әмірбеков, Амангелді Сүлейменов сынды азаматтардың да іскерлігіне тәнті екендігін жеткізді.
Қуаныш пен Әлімпиядан өрбіген 6 баланың тұңғышы Әділ бүгінде адалдықты ту еткенінің арқасында құрметке кенеліп отыр. Өмірлік серігі Қымбат Төребайқызымен 3 ұл тәрбиелеп, ер жеткізді. Екі немеренің атасы. Тұңғыш-
тары Әмірхан аймақтық бірыңғай қойма шаруашылығында, Батырхан «Сары-Оба» шахтасында еңбек етіп жүр. Екеуі де әкенің өмірдегі еңбек жолын үлгі етіп келеді.
Кәсіпорын еңбеккерлерінің арасынан алғаш рет «Еңбек даңқы» орденін омырауына таққан Әділ Сейтжановтың бұл жетістігі қарапайым еңбек адамының мәртебесін асқақтатқаны даусыз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.