Мыс шаһары Жезқазған қаласынан күн батысқа қарай сапар шексеңіз, тарихы тереңге жайылған Жезді қалашығы жатыр. Тарихы терең деуге себеп Жезді өзенінің жағалауындағы, Талдысай өзенінің құйылысында, Есқұла шоқыларының қойнауында орналасқан Басқамыр қаласы мен Жезді өзенінің сол жағасында, Қарабұлақ жылғасында орналасқан Аяққамыр кесенесі бар.
Қазақ археологиясының алыбы Әлкей Хақанұлы Марғұлан ежелгі араб тарихшысы әл-Идрисидің «Нузхат-ал-Муштак фиихтарак ал-Афак» атты еңбегі мен «Сурат ал-Ард» (Жер бедері) атты картасын зерттеу барысында көне деректерде келтірілген Қиян (Хиам) қаласы оғыздардың бас қаласы (астанасы) әл-Идриси картасында ол Сарысуға (Руза) құятын Кеңгір (Магра) өзенінің бас жағында, Ертағы (Ұлытау) тауының шығыс бетінде орналасқан деген мәліметтерге сүйене отырып, Қиян қаласының орналасқан жері Басқамыр қаласының жұртының орны деп анықтаған. Аяққамыр кесенесінің тарихына келетін болсақ күмбезді алғаш зерттеп жазған ХІХ ғасырдың орта кезінде қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов пен орыс академигі А. Шренк. А. Шренк пен Ш. Уәлихановтардың жазбаларында бұл ескерткішті бұрын ел Қамыр ханның күмбезі деп атағанын жазды. Әлкей Хақанұлы Марғұлан атамыз Аяққамыр күмбезі Алтын орда ханы Құтылық Темір кесенесі деп болжам жасаған. Ғылым ішінде Тарих ғылымы – тылсым деуге міне осы да желеу. Өткенді зерттеу, оны түсіну арқылы ой елегінен өткізіп, болашаққа жеткізу Тарих құзырында. Бірақ бүгінгі ой толғанысым Жезді кентінің ежелгі тарихы емес, ХХ ғасырдағы тарихы.
«ХХ ғасыр таңғажайып ғасыр, тарих үшін қызықты, ал замандас үшін қасірет ғасыры», – деп Дінмұхамед Қонаев атамыз айтып кеткендей, сол ғасырдың басында дүниеге келген аталарымыз буыны қатпай аштықты, саяси қуғынды, бұғанасы бекімей Ұлы Отан соғысын да көрді. Осы сынақтардан қазақ елі бірінші Алла, екінші халқымыздың қайсарлығы, үшінші сол кезде ел басқарған ағаларымыздың көрегендігінің арқасында аман қалды. Биыл Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы. Бұл Жеңіс сұрапыл соғысқа Отан үшін деп қатысқан барлық халыққа оңайлықпен келмеді. Қазақ халқы Жеңісті аналарымыздың маңдай терімен, әкелеріміздің ерлігімен, тылдағы ағаларымыздың еңбегімен және жер қойнауындағы майданға қажетті кенімен жақындатты. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия бейбіт жатқан Кеңес үкіметінің шекарасына тұтқиылдан шабуылдап, соғыс жариялады. Қысқа мерзімнің ішінде Кеңес үкіметінің бірқатар қалаларын фашистік Германия басып алды. 1941 жылдың тамыз айында Никополь кеніші Герман әскерлерінің қол астына өткенде, Герман үкіметінің үгіт және насихат министрі Геббельс: «Фюрердің батыл сарбаздары, Никопольдің марганец қазынасы неміс ұлтының қолына өтті. Бұдан былай кеңестік зауыттар марганецтен аштыққа ұшырайды! Бұдан былай фюрердің ержүрек армиясына орыстардың соңғы танктерін жою қалады! Біз жеңеміз!» – деп сенімді үндеу жолдады. Қараша айында Дондағы Ростовты басып алып, фашистер Кавказбен теміржол байланысын үзді. Чиатура кенішіне жол жабылды. Кеңес үкіметінің 90 %-ы марганец кенімен қаматамасыз етіп тұрған қос кеніш жау қолына өтіп, майдан үшін қажетті марганец тапшылығы басталды. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы И. Д. Сталин жедел түрде марганец кенін табуды бірінші кезекке қойды.
Осындай қиын уақытта қазақ елінің біртуар азаматы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Жезді кенішін ашуды ұсынды. Жезді қойнауын барлауды көреген геолог 1928 бастап, жер қатпарында бай марганец кенін анықтайды. Кенішті ашуға сол уақыттың өзінде, Қаныш ағамызды аяқтан шалушылар табылады. Жезді мұражайының мұрағатында сақталған, құпиялық белгісі шешілген, 1942 жылдың қаңтар айында Қаныш ағамыздың Жезді кен орны жайында Бүкілодақтық Геология бойынша комитет басшысы Малышев пен Бүкілодақтық қор комиссиясы төрағасы Шутливке жазылған хаты сақталған.
Хатты оқып отырсаңыз Жезді кен орнын ашу үшін Қаныш ағамыз Кеңес үкіметінің геологтарымен айқасқа түседі. Бұл айқас майдандағы жаумен айқастан еш кемі жоқ. Кеңес үкіметінің С. П. Ершов бастаған геологтары «Сәтбаев жасаған кен қоры жайында есеп методикасы дұрыс емес, барланған кен қоры аз» деген тұжырымға келеді. Ісінің ақ екенін және қарамағындағы геологтардың кәсіби тәжірбиесіне сенген Қаныш ағамыз Жезді кені құрамы бай 30-35 % және зиянды (мышьяк, цинк қоспаларынан таза, ал фосфор үлесі бір пайыздың жүзден бір бөлігіндей) қоспалардан таза жоғары сортты кен деп есебін тұжырымдайды. Қаныш ағамыздың есебі қабылданып, 1942 жылдың 25 сәуірінде КСРО Қара металлургия халық комиссарының № 88 бұйрығында Қазақ КСР Жезді кен орнының марганец кенін өндіруді ұйымдастыру туралы қаулы қабылданды. Жезді кен орнын ашу мен оны игеру майдандағы солдаттарымыздың ерлігінен кем болмады. 1942 жылдың 12 маусымында 38 күнде кеніш болып, майданға сол уақытта тапшы болған марганецтің кенін жібереді. Қарап отырсаңыз бұл адам сенгісіз еңбек, күш және Отанға деген махаббат істі аяғына дейін жеткізеді. Құрылысы басталғалы 38 күн ішінде кен беру қазіргі техника дамыған заманда да болған емес, ал сол уақытта аталарымыздың Отанға деген махаббаты техника, маман, құрал-сайман мен қосалқы бөлшектердің тапшылығына қарамастан кен беру – бұл үлкен Ерлік. Жезді кеніші соғыс жылдары, майданға тапшы болған маргенцтің 84,6 %-ын берді («Наука и Культура Казахстана в годы Великой Отечественной войны» статья, журнал «Мир Большого Алтая» 1(2) 2015, доктор исторических наук Капаева Айжан Токановна), кен құрамындағы марганец проценттік үлесі 37 % құрады. Соғыс жылдарында фашистік Германияның әскери қажеттіліктері үшін Венгрия, Чехословакия және Румыния елдерінде өндірілген марганец кенінің мөлшерін Кеңес одағында жалғыз Жезді кеніші беріп тұрды.
Соғыс жылдары Жездінің аты КСРО-ға ғана емес, фашистік Германияға мәлім болды. Оған куә Гитлердің: «Говорят они нашли какое-то Жезды!» деген сөзі. Соғыс уақытындағы Жезді жайлы әлі талай зерттелмеген, құпия материалдар бары сөзсіз.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты 2024 жылғы 8 қазанда Мәскеуде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы саммитында «Еңбек даңқы қаласы. 1941 – 1945» құрметті атақ белгісі жайында ережеге қол қойылды (Совет глав государств СНГ учредил почетное звание «Город трудовой славы. 1941–1945 гг.» 8 октябрь 2024). Осы ереженің талаптарына сәйкес ТМД елдерінің әрқайсы соғыс жылдарында фашистік Германияны жеңуге үлес қосқан елді мекендер тізімін ұсынады. Сол тізімге Жезді кентін қосу жайында Жезді азаматтары облыс әкіміне хат жолдады. Бурабайда 13 наурыз 2025 жылы өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына Төлеген Нұрмағамбетұлы ағамыз Жезді кенті азаматтарының аманатын, Ұлытау облысы әкімдігінің ұсынысын Ұлттық құрылтайдың хатшысына табыстады.
Бүгінгі таңда Жезді кентіміздің жағдайын түзетіп, облыс, ел экономикасына қосатын үлесін арттыру мақсатында Жездіге облыс, мемлекет тарапынан көңіл бөліну қажет. Қазақтың біртуар азаматы
Қаныш Имантайұлының ұрпаққа қалдырған аманаты күн өткен сайын тарих сахнасынан жоғалып бара жатыр. «Аманатқа қиянат жасамайтын» қазақ деген елдің ұрпағы болғандықтан, Жездіміздің атын тарихта сақтап, жандандыру біздің мойнымыздағы жүк. «Толған ел тарихын таспен жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады», біз Тәуелсіз ел ұрпағы болғандықтан, Кеңес үкіметінің еленбей қалған азаматтарын, ол кісілердің ерлігін біле тұра, түсіне тұра айтпау тарих алдында бізге сын. Осыдан 80 жыл бұрын КСРО-ның белді ғалымдарымен ғылым майданында сынға түсіп, өзінің білімімен, еңбегімен, қайсарлығымен марганец кенін тапқан Қаныш Имантайұлы соғыс аяқталған соң ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады, бұл әділеттілік пе? Мүмкін бұл сол уақыттың саясаты болды ма? 80 жыл бұрын Жезді кенішінің жұмыскерлері 16-18 сағаттан үскірік аяз бен аптап ыстықта күрекпен машиналарға марганец тиеп, Орал магниткасына үздіксіз жіберуі майдандағы ерліктен кем емес. Фашизмнен Кеңес үкіметін ғана емес Әлемді қорғап қалған Қаныш атамыздың білімі мен Жезді кенішінің марганеці. Қаныш атамызға кеңес дәуірінде табысталмаған Кеңестер Одағы Батыры атағы орнына, еліміздің жоғары наградасы «Халық қаһарманы» атағы берілсе, Жезді кеніші «Еңбек даңқы қаласы. 1941 – 1945» атағына лайықты.
Біз өткенді өзгерте алмаймыз, бірақ бүгінгі мен болшақты өзгерту біздің қолымызда. Жезді кенішінде ұзақ жылдар бойы қызымет еткен, Жезді кентінің сыйлы азаматы, геолог Болат Жүгіністің «Соғыста жеңілісті Жеңіске бұрған Жезді марганеці» кітабында Жезді кенішінің әлі де бай кен көздері бар екендігіне көз жеткіземіз. Еліміздің жарқын болашағы үшін Жезді кенішінің кен құрамындағы марганец ғана емес, сирек кездесетін маталдары да пайдалы. Жезді кентінің азаматтары «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, Жезді кенішінің экономикалық тиімділігі мен геологиялық қор есебін жасап жатыр. Жезді кенішін алдағы уақытта жандандыру табандылықты, қажырлы еңбекті және де білімді азаматтарды қажет етеді. Ендеше Мағжан ақын айтып кеткен «Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты» жастары барда Жезді кентінің болшағы жарық.
Арман ЖанатҰЛЫ,
Жезді кентінің тумасы.