Өшкені жанып, жоғалғаны табылды немесе
асылдың сынығы туралы бірауыз сөз
«Әкем 1937 жылы ұсталып, түрмеге
қамалғанда мен 2 жаста екенмін».
(Еркен Айбасовтың хатынан).
Жезқазған қалалық мәслихатының 1999 жылдың желтоқсан айындағы сессиясында қаланың бір көшесіне Бірмұхамед (Біркей) Айбасовтың аты берілді. Бұл есім көпшілікке беймәлім. Солай болар реті де бар. Өйткені ол кезінде «халық жауы» атанған. Сөйтіп 1938 жылы атылған. Ұзақ жылдар бойы оның аты аталмай қалуының, өзгелер түгілі жезқазғандықтардың өзіне жерлес есімінің белгісіз болып қалуының себебі осында.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолға қалам алғанымызда білгенімізден білмейтініміз көп көрінді. Ол туралы қолда бар деректер ауқымы тым қораш тәрізденді. Сосын барып Айбасовтардың кейінгі ұрпағын, туыстарын іздестірдік. Қазақ туған-туыссыз болмақ емес. Айтқандай-ақ, Жезқазған қаласының тұрғыны Амангелді Молдабаев Айбасовтарға немерелес болып шықты. Ол марқұм Бірекеңнің кіндігінен тірі қалған жалғыз ұлы Еркеннің бар екенін айтып, бізге көмекке қол ұшын созды.
Ол Еркен Айбасов – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Әке мамандығын өміріне серік етіп, Мәскеудегі Темирязев атындағы академияны бітірген. Сосын бір кездерде әке табаны тиген Солтүстік Қазақстан облысына сұранып барып, едәуір жыл сонда қызмет істеген. Кейін Ленинградта Иоффе атындағы астрофизикалық ғылыми-зерттеу институтында білімін көтереді. Ұзақ жылдар Қазақ ауыл шаруашылығы институтында қызмет еткен. Қазір Алматы қаласында тұрады.
Сұрай келсек, Еркен мен Амангелдінің аталары Ұлытаудағы Қотыр ауылында қоныстас болған көрінеді.
– «Бірмұхамедтен қалған жалғыз ұл бар еді, бір көріп мауқымды басайыншы», – деп әкем Молдабай елуінші жылдардың басында Алматыға іздеп барады. Ақыры табады. Өшкені жанып, жоғалғаны табылып қуанады. Үлкен ағай Ибрагимге марқұм әкей: «Алматыда Еркін деген інің бар. Есімі Еркін, бірақ құжат бойынша Еркен болып кетіпті, сол есіңде болсын. Заман енді сендердікі, есейгенде бір-біріңе хабарлас болыңдар. Асылдың сынығы ғой, қатардағы біреу болып қалмас» дегенді құлағына құйып бағыпты, – деп еске алады Амангелді.
Біркей 1935 жылы дүниеге келген ұлының есімін «Еркін» қойған… Елінің еркіндігін аңсады ма, әр азаматтың еркіндігін аңсады ма екен қайран азамат.
Алматыдан біз асыға күткен хат та келіп жетті. Еркен Бірмұхамедұлы бірнеше газет мақалалары мен фотосуреттер жіберген екен. Сөйтіп осы өмірдерек сол 2000 жылы қағазға түскен еді.
Ұшқан ұя, өскен ортанемесе Ұлытауда туып,
Омбыда қанаттанған ұлан
«Менің атам Айбас Байтабанов та, әкем Бірмұхамед те
Омбы қаласында оқып, мамандық алады»
(Еркен Айбасовтың хатынан).
Біркейдің (Бірмұхамед) әкесі Айбас Байтабанов Омбыдағы фельдшерлік мектепті бітірген соң сол кездегі Далалық өлке губернаторының бұйрығымен Атбасар уезіндегі Ұлытау болысына жұмысқа жіберіледі.
Бұдан аңғаратынымыз, Айбас – қазақ арасынан шыққан дәрігерлік арнаулы білімі бар алғашқылардың бірі. Ұлытау өңірі бойынша ол – тұңғыш дәрігер. Ол бұл жаққа губернатордың пәрменімен ғана келмеген. Айбастың кіндік кескен жері – Ұлытау. Оның сонау Омбыдан білім алған соң Ұлытауға қайта оралуы туған жерге, өскен еліне деген сүйіспеншіліктің айғағы. Оның мұнысы «аса қасиетті Ұлытауымдағы халқыма бір пайдам тисе екен» деген жүрек лүпілінен туған шешім екені анық. Әйтпесе тіршілік етуге қала тұрмысының өте қолайлы екенін ол білмеді дейсің бе. Әрине, білді. Әйтсе де туған жерге деген шынайы ықылас Айбасты қаладан далаға жетелеп әкеледі.
Тым шалғайда жатқан ауылдық жерде дәрігерлік ету оған оңайға түспегені және анық. Сол қиындық атаулының бәріне төзген. Туған еліне қанатымен су сепкен қарлығаштай қызмет етіп, басы ауырып, балтыры сыздағандарды емдеген. 30 жыл бойы әр жыл сайын Ұлытаудан сонау Атбасарға атпен жол шеккен. Әр сапарында Атбасар ауруханасында 3 ай бойы кезекшілік атқарған. Осылайша өз білімін көтеріп отырған. Бұл мақсатын орындауына жер шалғайлығы да, атпен жол жүрудің ауырлығы да кедергі бола алмаған.
Әкесінің еліне жасаған қызметін, адамдарға қолынан келгенше көмек беруге күн-түн демей зыр жүгіргенін көріп өскен, оны көкейіне түйіп өскен бала Біркей. Оның азан шақырып қойылған аты Бірмұхамед болғанмен, оны еркелетіп көпшілік Біркей атап кеткен. Өзінің саналы да қысқа ғұмырында халқына қалтқысыз қызмет етуіне әке тағылымы ықпал болғаны анық.
Ұшқан ұясы осындай Біркейдің өскен ортасы да айрықша. Бұл ретте оның Омбыда оқығанын айтар едік. Мұнда ол 1913–1917 жылдары ауыл шаруашылығы училищесінде дәріс алады. Кейінірек елінің бетке ұстар зиялы азаматтарына айналғандардың біразымен ол біте қайнасқан.
Білім алып жатқан оқу орындары да, болашақ меңгерер мамандықтары да әрқилы бола тұра Омбыдағы қазақ жастарының мақсат-мүдделері бір болған. Ол – халқын өркениетті ел қатарына қосу, соған атсалысу. Бұған бір мысал, жас шәкірттер «Бірлік» атты одақ құрады. «Бірліктің» көздегені – қазақ жастары арасында мәдени-ағарту жұмыстарын пәрменді жүргізу. Осы одақты ұйымдастырушылар ортасында С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, Н. Нұрмақовпен бірге Біркей Айбасовтың болғаны жөнінде нақты деректер бар.
Өздерін еліміздің ертеңгі болашағымыз деп білген бұл жастардың ұлт мүддесін асқақ ұстауларына кейінірек «Алашордашылар» атанатын алдыңғы толқын қазақ зиялыларының елді елең еткізген батыл әрекеттері ықпал болғанын да ескерген жөн. Олардың «Қарқаралы петициясы» деген атпен тарихта жазылып қалған елеулі оқиғамен құлағдар болмауы мүмкін емес. Сондықтан бұған сәл тоқтала кетелік.
Қазақ зиялылары ХХ ғасырдың басында ұлт мүддесін жоқтайтын көзқарасы мен іс-әрекеті жағынан жоғары дәрежеге көтерілгенін тарихтан білеміз. Оған дәлел – «Қарқаралы петициясы». 1905 жылдың маусым айы. Қарқаралы (Қоянды) жәрмеңкесі. Қазақ халқының атынан патша үкіметіне петиция құрастырылады. Бұл құжат 11 тармақтан тұрған. Петицияда қазақ даласындағы отарлау, орыстандыру саясаты толық әшкереленеді. Ал, аса маңызды бұл құжаттың ұйымдастырушылары да, авторлары да Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев бастаған қазақ зиялыларының үлкен тобы еді. Олардың отаршылдыққа қарсы күрескен бұл әрекеттеріне, ұлттық тәуелсіздік алуды көздегендеріне Біркейлер тәрізді оқыған жастар хабардар болары заңды да. Мұның өзі көк құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан ұландардың ой-санасына із қалдырғаны да, болашағына бағыт-бағдар бергені де сөзсіз.
1917 жылғы төңкерістен кейін-ақ «Совдепші» болған Сәкен Сейфуллин 1923 жылы 30 қаңтарда «Еңбекші қазақ» газетінде «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген мақала жазып, салтанатты жиналыс ашқанда: «Бір қазақ үшін «Алаш» партиясында болды. Ұлт қамы үшін коммунист партиясына да кірді… Ахаң байлардың құлдығында шіріген жалшылардың айғайшысы емес, олардың шоқпаршысы емес, бірақ байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл» («Нәубет», «Жалын» баспасы, 1990 ж., 132, 133-беттер) деген. Иә, Сәкеннің бұл бағамы көптеген ұлтжанды қазақ зиялыларына тән болды.
Ал, Біркей болса, сол «Алаш» қозғалысын қолдаушылардың бірқатарымен таныс-біліс еді. Ол Омбыда оқып жүргенде Мағжан Жұмабаевпен, Міржақып Дулатовпен сыйлас-пікірлес болған (Бұл деректі тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков «Казахстанская правда» газетінің 1997 ж. 6 қыркүйек күнгі нөміріндегі «Письмо шести…» атты мақаласында келтіріпті). Ендеше Бірмұхамед Айбасовтың азаматтық қызметі мен өмір жолының қалыптасуына сол бір ұлтжандылардың әсер-ықпалы айрықша болған деп ой түйген жөн.
Сәкен, Мағжан және Біркейнемесе жастық шақтың
ұмытылмас сәттері
«Әке-шешем Біркей мен Назакеттің үйлену тойына С. Сейфуллин мен М. Жұмабаевтың қатысқанын кейін нағашыларым маған жыр қылып айтып берді».
(Еркен Айбасовтың хатынан).
Әр кезеңнің, әр заманның азамат мойынына артар өз жүгі бар. Дәл ХХ ғасырдың басындағы зор өзгерістер кезеңінің қазақ зиялылары мойнына артқан жүгі тым айрықша болды. Ақтүтек боранда адаспай жол тауып шығу қандай қиын болса, сондай қиын-қыстау сәтті олар бастан өткерді. Қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс? Қазақ халқын өзгелермен терезесі тең, еңсесін биік етер болашаққа бастайтын жол қайсы? Иә, олардың заманы еліміздің тарихындағы аласапыран бір сәт еді.
ХХ ғасырдың басындағы елеулі оқиғалар – патша өкіметінің құлауы, азамат соғысы, Қазан төңкерісі, кеңестендіру – бәрі-бәрі қазақ халқына аласапыран күй кешірді. Осындай қиын-қыстау сәттер ұлт ұлдарын тудырды, зиялылар тұлғасын сомдады. Қазақ оқығандарын жік-жікке бөліп, кезінде ұлтшылдық деп айыпталған «Алаш», сондай-ақ социалистік «Үш жүз» партияларына бірігері, енді біреулердің «Совдепке» мүше болары осы тұс. Тыныш жатқан қазақ даласы төңкеріс шарпуына ілігіп, қым-қиғаш аласапыранға тап болды.
1917 жылы Омбы оқуын бітіріп келген 22 жастағы Біркейдің Ақмоладағы өмірі басталды. Оның Қазан төңкерісі алдындағы дүрбелең тұсындағы саяси өмірге араласатыны осы жыл. Омбыдан бірге жүрген, бір ниеттес Сәкен Сейфуллинмен бірге Б. Айбасов Ақмола уездік қазақ комитетінің және «Жас қазақ» ұйымының ісіне белсене араласады.
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында мынандай деректер баяндалған:
«Қазақ комитетінің үш-төрт мүшелері… Дінмұхамбет Әділұлы, Бірмағанбет Айбасұлы, Кемеңгерұлы, мен – төртеуіміз бір бөлмеде жататынбыз» («Жазушы», 1977 ж., 49-бет).
«Іс, сөйтіп, бір қалыпты жүре береді. «Жас қазақ» деген жастар ұйымын ашқанбыз. Ұйымның мақсаты халық арасында заң, білімге тарту, жаңа саясат істеріне қатысу. Қауымның қысқаша жобасы болды. Қауымның басқармасы болды.
Төрағасы – Сәкен Сейфуллин, мүшелері Әділұлы, Айбасұлы, Асылбекұлы, Серікбайұлы, Нүркеұлы» (Бұл да сонда, 51-бет).
«Тар жол, тайғақ кешу» романынан алынған осы жолдардың өзі баға жеткізгісіз құнды деректерді алдымызға жайып тастады. Бұдан ең бастысы, жасы жиырмадан енді асқан Біркейдің ел мүддесін көздеген күрескерлік тұлғасы сол кезден бастап-ақ қалыптасқанын аңғарамыз. Олай дейтініміз, Сәкен басшы болып, оны қостаушылардың бірі Біркей болып, олар құрған Ақмола уездік қазақ комитеті жергілікті тұрғындар үшін әрі сот органы, әрі милиция, әрі жоғары билік жүргізуші рөлін атқарады.
С. Сейфуллин кітабын оқып отырғанда онда Айбасовтың есімі «Бірмағанбет» деп қате жазылғанын байқаймыз. Ал, ақын Мағжан Жұмабаевтың бізге жеткен кітабында оның есімі басқаша. Ақын Мағжан оған арнаған өлеңіне (эпиграммасына) «Біркей (Бірмұқамбет) Айбасовқа» деп жазған («Шығармалары», «Жазушы» баспасы, 1989 ж., 214-бет). Кезінде замандастары көбіне оны Біркей атағанға ұқсайды. Негізгі құжаттарындағы Бірмұхамед есімін ақын-жазушылар «қазақшалап» Бірмұқамбет деп те жазыпты.
Сол Бірмұхамед-Бірмұқамбет (Біркей) Омбыда оқып жүргендерінде құрған «Бірлік» атты одақта бірге болған Сәкенмен, Мағжанмен Ақмолада да жете араласып тұрады. Осы ретте өте қызықты бір дерек бар. Біркейдің 1923 жылғы үйлену тойында Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев болыпты. Біркей Ақмолада тұратын өзбек саудагері Шатурсунның қызы Назакетке үйленеді ғой. Бұл екі жастың танысып-табысуына Мағжанның келіншегі Зылиха себепкер болады. Мұсылмандық тәртіпті аса қатаң ұстанған өзбек отбасындағы қызбен Біркейдің жүздесуі де оңайға түспегені анық. Сол қиындықты жеңілдетіп, жігіттің сүйіспеншілікке толы хатын Зылиха Назакеттің қолына тигізіп отырған ғой. Махаббат қызық мол жылдардан жеткен бұл дерек Сәкен, Мағжан және Біркей арасындағы терең сыйластықтың бір куәсіндей.
Сәкендей, Мағжандай ақынмен жай адам бірге жүрер ме, Біркей де әдебиет ауылына жақын қоныпты. Оның тырнақалды туындылары – «Кім едім», «Өткен күн» атты өлеңдері 1915 жылы қазақтың ең тұңғыш журналы «Айқапта» жарияланды. Ол кезде Біркей Омбыдағы училищеде оқып жүрген. Көптеген деректерге қарағанда Б. Айбасов өзінің қысқа ғұмырында газет-журнал беттерінен жиі көрініп отырған. Негізінен ауыл шаруашылығына қатысты маңызды мәселелерге орай мақалалар жазған. Сонымен қатар оның қаламынан өлеңдер, поэмалар туған, көркем туындыларды орыс тілінен аударған. И. Тургеневтің «Отцы и дети» атты романын ол кісі аударыпты деген де әңгіме бар. Әттең не керек, Бірмұхамед Айбасовтың жазбалары ол тұтқындалған соң құртып жіберілген.
1937 жылдың қараша айында «халық жауы» ретінде Б. Айбасов ұсталғаннан кейін-ақ оның отбасының үстіне қара бұлт үйіріледі. Бала-шағасы Алматыдағы жайлы пәтерінен қуылады. Ауыр қайғыдан науқасқа ұшыраған оның келіншегі Назакет 1941 жылы 34 жасында қайтыс болады. «Халық жауының» ұлы ретінде «Карлагте» айдауда жүрген жерінде тұңғышы Назым 1943 жылы дүние салады.
«Алтаудың хаты» немесе
ер есімі ісімен танылады
«Сталинге жазылған сол бір хатқа алтаудың бірі болып әкемнің қол қоюын халқы үшін басын қылыш астына тайсалмай тосқан ердің ісіне балар едім».
(Еркен Айбасовтың хатынан).
Қазақ халқы үшін аласапыран әлі бітпеген екен. Енді ол колхоздастыру ісімен ұштасты. Бұл жаппай ұжымдастырудың біртіндеп күштеп ұжымдастыруға ұласып кеткені де тарихи шындық. Жер-жерде кооперация, колхоз, коммуна (қосшы), артель мен серіктестіктер құрылды. Ең өкініштісі, елдің сол кездегі әл-ауқаты, халықтың тұрмыс тіршілігі, кәсібі ескерілмей, белден басу, күштеу, әпербақандық саясат басым болды. Ұжымдық шаруашылықтардың сапасынан бұрын санын өсіріп көрсетіп, асырасілтеушілік орын алғаны да жасырын емес. Оның ақыры нәубетке – ашаршылыққа, халықтың қырылуына әкеп соқты.
ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы тарихи оқиғаларға баға бергенде жеке басқа табынушылықтың зияны орасан болғанмен қазақ халқы да әлемдік даму заңдылығынан тысқары қала алмағанын айта кеткен жөн. Ел өмірінде алға ілгерушілік те болды. Мұны сол кездегі жергілікті шаруашылық басындағы ел зиялыларының еңбегі деп бағаласақ орынды. Ел өміріндегі өзгерістердің халық мүддесіне орайлас келуі жолында тер төккен зиялылардың бел ортасында Ұлытаудың тумасы, Омбының ауыл шаруашылығы училищесін тәмамдаған маман Біркей Айбасовтың да болғанын байқаймыз.
Тарихшы Талас Омарбеков «Казахстанская правда» газетінде 1997 жылы жариялаған жоғарыда біз тілге тиек еткен мақаласында Бірмұхамед Айбасов 1921 жылы Ақмола губкомы бюросының шешімі бойынша астықты алқап Солтүстік Қазақстан облысына жіберілгенін айтады. Ол губерниялық жер басқармасының меңгерушісі (біздің түсінігімізше, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы) болып тағайындалады. Б. Айбасовтың жиырмасыншы жылдардың аяғында осы қызметті Семей губерниясында атқарғандығын сөз етіпті тарихшы.
Оны сол жылдардағы халық басына түскен аласапыран үшін қабырғасы қайысқан қайраткерлердің бірі деуге толық дәлеліміз бар. Бұлай деуіміз – қазақ халқына алапат әкелген ашаршылық туралы шырылдап, араша күтіп тура Сталиннің өз атына хат жазған алтаудың бірі болуы. Бұл 1933 жылдың ақпаны болатын.
Бұл кезең және қандай кезең еді. Ұлт зиялыларының өміріне қатер төнген әйгілі отызыншы жылдардың басы еді. Ж. Аймауытов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев бастаған халық арыстарының түрмеге қамалғанын, арада бір-екі жыл ішінде атылғаны атылып, атылмағаны жер аударылғанын «Алтаудың хатын» жазғандар, әрине, білді. Білгені сол, олар Сталинге арналған әйгілі хатында: «… кейбір қазақ коммунистері қазақ ауылдарындағы шаруашылықты жүргізудегі өлкелік басшылықтың қателіктерін айтса, әлгілер оларды ұлтшыл, революцияға қарсы деп шыға келеді. Өздерін жершілдік-жікшілдікпен күресуші етіп көрсетеді» (Қуаныш Ахметов. «Ұлы даланың Ұлытауы», 1-кітап, Омбы, 1999 ж., 430-бет) деген жолдарды жазды.
Бұл хатқа «ҚПИ тыңдаушылары» деп қол қойғандай-ақ Б. Айбасов сол жылдарда Мәскеу қызыл профессура институтының тыңдаушысы еді. Осы оқу орнын бітірушілерді әдетте республикалық, тіпті Одақтық дәрежедегі жоғары лауазым күтіп тұратын. «Алтаудың хатын» жазғандар жоғары жақ өздерінің маңдайларынан сипамайтындығын, қызметте өспейтіндерін де білді. Мұның бәрін біле тұра үлкен жүректілікпен үндемей қала алмады. Хат жазып, сол кездегі Қазақстанды басқарып отырғандардың солақай басшылығын сынады. Ерлік осындай-ақ болар.
Партиялық құпия берік сақталатын. Бұл «Алтаудың хаты» да алпыс жыл бойы белгісіз болып келген. Тарихшы-ғалым Талас Омарбеков «Ақиқат» журналының 1994 жылғы 5-нөмірінде (48-бет): «Әлі еш жерде жарияланбаған, архив қойнауында назардан тыс жатқан Ғ. Ысқақовтың, І. Қабыловтың, Ж. Арыстановтың, Б. Айбасовтың, Ғ. Тоғжановтың, О. Жандосовтың И. Сталинге (көшірмесі Л. Мирзоянға) 1933 жылдың 24 ақпанында жазған хаты» деуі бұл хаттың бізге тым кейін белгілі болғанын айғақтайды.
Осы хатқа қол қойған О. Жандосов 34 жасында, Алматы қаласындағы Қазақстан партия баспасының («Казпартиздат») бас редакторы Бірмұхамед Айбасов 43 жасында бір күнде, бір тізімде «халық жауы» атанып атылды. Бұл 1938 жылдың 28 ақпаны. Осыдан былай Бірмұхамед Айбасовтың есімі айтылмайтын болды, жазылмайтын болды.
Ұлытаудың тумасы Бірмұхамед Айбасов өзінің қысқа ғұмырында бір ғана жердің, бір ғана аймақтың азаматы емес, халқының ұлы болды. Халық өз ұлдарын ұмытпақ емес. Халық арыстары халқымен бірге жасай береді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.