«Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС қарасты кәсіпорындардағы жастардың басын бір арнаға қосып отырған «Jastar Bolashaq» Жастар одағы тау-кен, шахта жабдықтары зауыты мен Жезқазған сервис еңбеккерлерінің арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырды.
Жастардың спортқа деген ынтасын арттыруды көздеген ала доп бәсекесі тартысты өтті. Алаңға шыққан ойыншылар жарыс барысында доп алып жүгіру техникасы, нәтижелі пас беру, қақпаға допты тура бағыттау жағынан көзге түсе білді. Команда капитандары өз ойыншыларын алға сүйреп, шыдамдылық пен төзімділікке баулып, ойын шиелініскен уақытта жігерлендіре білді. Ойынға қатысқан 7 команданың ішінен 3 команда үздік деп танылды. Турнирдің қорытындысы бойынша 1-орынды «Сары-
оба» шахтасындағы сервистік телім құрамы жеңіп алса, екінші орынды № 65 шахтаның сервистік телім құрамасы еншіледі. № 67 шахтадағы сервистік телім құрамасына үшінші орынның жүлдесі тиді.
Сонымен қатар, ойында белсенділік танытқан қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Үздік ойыншы» аталымын «Сарыоба» шахтасының сервистік телімінен Евгений Фадеев алса, «Үздік қақпашы» аталымы №55 шахтаның сервистік телімінен Ильмир Галдашевқа бұйырды. «Жомарт» кенішіндегі сервистік телімнен Жан Құрманов «Үздік сұрмерген» атанды.
Жалпы алғанда, «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС кәсіпорнының еңбеккерлері уақытты ұтымды пайдалана алатындықтарын және әрқашан жеңіске ұмтылатындықтарын дәлелдеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.