Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Кенжебай Ахметовтің 60 жас мерейтойының атап өтілуі қоштасар жылдағы облысымыздың руханият саласындағы елеулі оқиға болды. Бірнеше ай бойы мерейтой аясында өткен іс-шаралар барысында әдебиет айдынында санқырлығымен танылған қаламгердің шығармашылығы жете сөз болды. Тек қана санамалап шығар болсақ, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі Кенжебай Ахметовтің 9 бірдей әдеби туындысы республикалық бәйгелерде жүлде алған. 10-жүлдені былтыр иемденді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тұңғыш рет 2022 жылы ұйымдастырған Ұлттық «Айбоз» сыйлығының лауреаты атанды. Бір сөзбен айтқанда, ол – қаламгерлеріміздің арасында бірінші болып ауызға ілігерлік облысымыздың мақтан тұтар құрметті азаматы, аса дарын иесі. Біз бұл жолы Кенжебай Кәрібозұлының ұстаздығы мен ғалым тұрғысындағы және бір қырын сөз етпекпіз.
Бұл уақыт не деген жүйрік еді. Кенжебай Ахметовтің аты-жөнімен облыстық «Жезқазған туы» газетінің беттерінде жарияланған өлеңдерімен, прозалық туындыларымен және жаңа кітаптарға жазылған рецензиялары арқылы қаныққан едік. Содан бері 40 жылдай өте шығыпты. Есімде қалған бір көрініс дәл кешегідей көз алдымда. Біздің мәдениет және әдебиет бөлімінің материалдарын қарайтын редактордың орынбасары, ақын Сайлаухан Нәкенов мен алдына апарған әңгіменің авторына көзі түсе:
– Е, Ахметовтің жазғаны екен ғой. Бұл Кенжебайдан түбі бірдеңе шығады, – дегені бар. Ол кісі сол кезде-ақ жас қалам иесінің болашағынан зор үміт күткен еді.
Кейінірек барып білдік қой, Кенжебай Қазақ мемлекеттік университетін 1985 жылы бітіріп келіп, сол кезде Жаңаарқа ауданының Қараағаш ауылындағы өзі оқыған мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүрген екен. Сөйтіп ауыл мектебінде бес-алты жыл мұғалім болады. Одан кейінгі еңбек жолы Ө. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіндегі оқытушылық қызметімен ұштасады.
Өз басым мектеп мұғалімінің, сондай-ақ арнаулы орта және жоғары оқу орындары оқытушыларының бәрін бірдей «ұстаз» деп атауға бармас едім. Менің ұғымымша, ұстаз атауының ұғымы кең. Ал, Кенжебай Ахметов – сол атауға әбден сай ұлағатты ұстаз. Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірттері. Үлкен өмір табалдырығын енді аттап, әдебиет әлеміне терең бойлауға құмартқан талапкер сол жастар ұстазына еліктеп бой түзері, ой түйетіні, мақсат ұстанатыны айдан анық. Сондай шәкірттерінің бірі – Л. Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Алмагүл Үмбетова. Ол ұстазы туралы жазған бір мақаласында: «Негізінен «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына шығармашылыққа жақын қыз-жігіттер келеді ғой. Осылардың барлығы дерлік Кенжебай Кәрібозұлының маңайын төңіректейтін… Олар – Қуат Құрмансейітов, Ерсін Мұсабеков, Жансая Жарылғапов, Бағдат Байжантаев, Әдебиет Жұманов, Аманғали Қалжанов, Жанат Әбдіғожин, тағы да жүздеген шәкірттері», – деп жазған екен.
– Біз ұстазымызға ұқсауға тырысып келеміз. Сондай болғымыз келеді. Тура сол кісі сияқты тура сөйлеп ақиқатты айтқымыз келеді, алдымызға келген шәкірттерді қолтығынан демеп, қанаттандырғымыз келеді. Тынымсыз ізденіс қана ірі істерге бастайтынын ұғындық. Ешқашан ұсақталмайтын, ұлтын шексіз сүйетін және сол үшін еңбектенетін ұстазымыз бәзбіреулердей аттандамай-ақ үлкен іс тындыруда, – дейді Алмагүл. Шәкірт лебізінен көп сыр ұғар едік.
Кенжебай Кәрібозұлының ұстаздық жолы мен ғылыми ізденісін бөле жаруға болмайды. Иә, ол өзінің оқытушылық қызметі барысында алдындағы студенттеріне әдебиеттің қыр-сырын ұғындыру мақсатында ғылымға бой ұрып, сол ізденістердің нәтижесінде әдебиеттануға арнаған кітап жазды. Бұл ғылыми еңбегі Алматыдағы «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясының баспаханасынан 2000 жылы басылып шықты. «Әдебиеттану әліппесі» деп аталған осы оқу құралы негізінде «Әдебиеттануға кіріспе» оқулығы жазылып, 2004 жылы жарық көрді.
«Әдебиеттану әліппесі» қазақ филологиясы ғылымындағы тосын жаңалық болған еді. Оның мәнісі, біріншіден, авторы – шалғайдағы Жезқазған университетінің қатардағы оқытушысы. Бұл таңданарлық жайт еді. Не ғылым докторы емес, не профессор емес. Ол кезде Кенжебай Ахметов әлі кандидаттығын да қорғамаған-тын.
Екіншіден, әдебиеттануға арналған дәл осындай оқулық осыған дейін болмаған. Біз Қарағанды педагогикалық институтының студенті кезімізде, яки өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың басында әдебиет теориясынан филология ғылымдарының кандидаты Қаби Лекеровтің алдында емтихан тапсырғанымыз бар. Сонда Қажым Жұмалиевтің Алматыда 1970 жылы басып шығарылған «Әдебиет теориясымен» емтиханға дайындалғанымыз есімізде. Қарап отырсақ, бар болғаны осы жалғыз кітап. Рас, ұлттық әдебиеттануындағы теориялық мәселелерді талдап, таразылаған, түсіндіруге арналған еңбектер болды. Мәселен, З. Ахметовтің «Қазақ өлеңінің құрылысы» (1964 ж. баспадан шыққан); «Өлең сөздің теориясы» (1973 ж.); «Абайдың ақындық әлемі» (1995 ж.); З. Қабдоловтың «Сөз өнері» (1992 ж.); М. Базарбаевтың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (1973 ж.) тағы басқа да белгілі әдебиет зерттеушілердің еңбектерін көптеп атауға болады. Алайда бұл ғылыми еңбектердің бәрі де белгілі бір тақырып төңірегінде ой қозғаған. Ал, Кенжебай Ахметовтің өзіндік ерекшелігі сол, өзінің ғылыми еңбегінде әдебиет теориясын бүге-шігесіне дейін тұтастай алып қараған.
Атап айтар болсақ, «Әдебиеттану әліппесі» 4 тараудан тұрады: Филология ғылымы; Көркем әдебиет; Көркем шығарма; Әдеби даму. Әр тарау бірнеше әңгімеден өрілген. Мәселен, «Көркем шығарма» деп аталған тарау «Тақырып және идея», «Сюжет пен композиция», «Көркем бейне», «Көркем шығарма тілі», «Өлең және өлең сөз» атты тақырыпшаларға бөлінген. Кітап бас-аяғы 16 әңгімеден құралған. Автордың оларды әңгіме деуі сұрақ-жауап стилінде екеуара диалогпен баяндалған. Мұның өзі әдебиеттану ілімін жан-жақты түсіндірудегі аса ұтымды әдіс болып табылатыны анық. Айталық, «Әдебиеттану еңбектерінде көпшілік қаламгерлерге ортақ стильден гөрі, жеке қаламгердің өзіндік стилін қарастыру жиі кездеседі. Соған орай, стиль ұғымын жеке қаламгерге тән ерекшелік ретінде қабылдау дағдысы кеңірек тараған. Осының сыры неде деп білген орынды?»; сондай-ақ «Стильдің көркемдік әдістен айырмашылығы неде? Бәлкім, стиль қаламгер шығармашылығының өзіндік даралығын көрсететін белгілер де, әдіс көптеген қаламгерлер шығармашылығына ортақ белгілер шығар?» тәрізді сұрақтарға нақпа-нақ тұжырымды жауаптар беріліп отырады.
Осы «Әдебиеттану әліппесінің» авторын «қатардағы оқытушы» деуіміздің өзі орынды бола қоймас. Мұндай ғылыми еңбек терең білім мен ізденіс арқылы дүниеге келері және сөзсіз. Негізінен Кенжебай Кәрібозұлына ғылым жолында сәт-сапар тілеп, ақ батасын берген ұстазы – ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рымғали Нұрғали. Осы академиктің жетекшілігімен Л. Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті жанындағы диссертациялық кеңесте К. Ахметов «Айқын Нұрқатовтың әдеби сын, ғылыми-зерттеу еңбектері» деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны 2001 жылы қорғайды. «Әдебиеттану әліппесін» енді оқулық үлгісінде жазып шығуға кеңес берген де сол ұстазы екен. Бұл оқулық осылайша «Әдебиеттануға кіріспе» деген атпен академик Рымғали Нұрғалидің пікір жазуымен 2004 жылы басылып шықты. Оның алдында 2003 жылы жарық көрген академиктің «Әдебиет теориясы» хрестоматиясына ізбасары Кенжебай Ахметовтің әдеби даму проблемасына арналған теориялық ой-тұжырымдарын енгізуінің үлкен мәні бар.
Қос кітап авторына елеулі құрмет-қошемет сыйлады. Ол 2004 жылы Ө. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті бойынша «Жылдың үздік оқытушысы» атанып, университеттің «Алтын белгісіне» ие болды. 2006 жылы ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының Ахмет Байтұрсынов атындағы медалімен марапатталды. Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшелігіне қабылданды.
К. Ахметов жазған екі оқулықтың Қытай Халық Республикасындағы Ұлттар университетінде оқу үдерісінде пайдаланып жүр екен деген әңгімені сүйіншілей жариялап жүрген Л. Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай. Оның айтуынша, бірде кітапханаға келген қытай делегациясы «Әдебиеттану әліппесі» мен «Әдебиеттануға кіріспе» оқулықтарын көріп, бірнеше данасын тауып беруін өтінеді. Ол сосын дереу кітаптарды іздестіре бастайды. Сөйтсе ол кітаптарды баспадан шығысымен еліміздің жоғары оқу орындары бір данасын да қалдырмай жапатармағай алып кеткен екен. Содан не керек, зорға дегенде жинастырып, қонақтарға тауып береді. Кейінірек Астана мен Пекиндегі екі жоғары оқу орындары арасындағы барыс-келіс қатынастар барысында әлгі екі оқулықты да қытайдағы қазақ тілінде дәріс алып жатқан студенттердің пайдаланып жүргені мәлім болады. Бұған таңқалудың жөні жоқ. Тек көрші Қытайда ғана емес, Корея мен Жапонияда, сонау мұхиттың арғы жағындағы Америкада қазақ тілінде оқыту бар екендігін көпшілік біле қоймайды.
Көп сөздің түйініне келсек, бүгінде Кенжебай Кәрібозұлы әдебиет зерттеушісі ретінде танымал. Ол – «Әдебиетті аңдату» электронды оқулығының, «Айқын Нұрқатов – әдебиет сыншысы», «Айқын Нұрқатов – әдебиет зерттеушісі» оқу құралдарының, «Жүсіпбек Аймауытов драматургиясын оқыту», «Драматургиядағы тарихи шындықтың көркемдік сипаттарын оқыту», «Студенттердің жазбаша ғылыми жұмыстары» еңбектерінің, көптеген оқу-әдістемелік құралдар мен ғылыми мақалалардың авторы.
Ақын, жазушы, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеуші, сценарист, кинорежиссер, доцент Кенжебай Ахметов үшін қоштасар 2023 тойы тойға ұласқан жыл болды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ол Республика күні мерекесінің салтанатында «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ,
ардагер журналист.