Биылғы мерекелік күндердің қатары толығып, Үкіметтің қаулысымен «Аналар күні» мамыр айының екінші жексенбісінде, «Әкелер күні» маусымның үшінші жексенбісінде атап өтілетін болды. Бұл мерекелерді белгілеу – аналар мен әкелерді құрметтеу арқылы отбасы институттарын нығайтуға септігін тигізеді деп саналуда. Осыған орай өткен жексенбіде еліміздің барлық жерінде «Әкелер күні» алғаш рет атап өтілді. Әкелер кеңесінің өнегелі істері біздің өңірімізде де өріс алып келеді. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалына облыстық мәслихаттың депутаты Еркебұлан БОДЫҚОВ жетекшілік жасайды. Осы даталы күн кезінде Еркебұлан Жалғауұлымен болған әңгімеміздің өзегі де отбасының береке-бірлігін сақтаудағы әкенің роліне арналған еді.
Елімізде «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі 2012 жылы құрылыпты. Еркебұланның бұл қоғамдық ұйымның жұмысына араласқанына алты-жеті жылдай болған екен. Оған бір кездейсоқ оқиғаға кездесуі себеп болыпты. Сол арқылы оның есімі республикадағы ұйымдардың өкілдеріне жетеді.
– Бұл 2016 жылы болған еді, – дейді ол жанын түршіктірген сол жайсыз оқиғаны еске алып. – Таңертеңгі сағат сегізге таянғанда жұмысқа кетіп бара жатып, Наурыз саябағының жанынан өте бергенде қыз баланың ащы дауысын естідім. Жан-жағыма қарасам бір егделеу орыс кісі де келе жатыр екен. «Бұл не айқай?» деп сұраған едім, бір адам жас қызға тиісіп жатқанын айтты. Дереу дауыс шыққан жаққа жақындап келсем, жас жігіт кішкентай қыз баланың бір қолымен ауызын жауып, екінші қолымен іш киімін шешпек болып жатқан әрекетін көріп, не болғанымды білмей қалдым. Әп-сәтте бұл адамның педофил екенін ұғып, қаным басыма шапты. Мен саябақтың сыртындамын, ол іште. Биік шарбақтан кіре алмаймын. Жандәрмен ұмтыла түсіп, «стоять!» деп айқай салдым. Содан жүгіріп қақпаға жеткенімше жаңағы оңбаған қашып кетті. Келіп баланы көтеріп алдым, аман-сау екен. Жаңағы артта келе жатқан егде кісіге баланы тапсырып, қашқан педофилдің соңынан қудым. Барын сала жүгірген ол жеткізер емес. Мен де соңынан қалмадым. Содан бір үйдің тасасына қарай өтіп кетіп көзден таса болған соң, ақырын жан-жақты барлап іздеп келе жатсам, бір тасалау жерде қолына үшкір үлкен тасты алып, мені күтіп отыр. Таспен ұрмақшы болып тұра ұмтылған кезде, әйтеуір ыңғайын тауып ұстап алдым. Осы оқиға менің әкелер ісіне белсене араласуыма себеп болды. Ол кезде өзімнің де бес қызым болатын. Жаңағыдай келеңсіздікпен қоғам болып күреспесе болмайтынын сезіндім. Жан-жаққа тараған хабардан соң Астанадағы әкелер форумына шақырту алдым. Одан кейін Әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың атынан Алғыс хат табыстады.
Содан бастап Еркебұлан Әкелер одағының мүшесі болды. «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің мақсаты – отбасындағы ер азаматтың рөлін көтеру, балаға тәрбие берудегі әкенің ықпалын арттыру. Еркебұлан өзі де көп балалы отбасының басшысы. Қазірде жұбайы екеуі 6 қыз, 1 ұл балаларын аялап, тәрбиелеп отыр. «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар халқымызда. Білген жанға мағынасы өте терең. Отбасында береке-бірлік болса, еліміздің де көркейіп, дамуына оң үлес қосылары анық. Осы маңызы зор істе әкенің алар орны ерекше екені белгілі. Бізде ер адамдар көбінесе жұмысбастылықты желеу етіп, шешесі қарайды ғой деп бала тәрбиесімен айналысуға көңіл бөле бермейді. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген сөз әкенің орны мен қадір-қасиетінің қаншалықты артық екенін білдірсе керек. Әлбетте, баланың бойындағы ермінезділік, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әке өнегесі арқылы қалыптасады. Әсіресе, баланың санасы қалыптасу кезеңінде әкенің тәрбиеге араласуы өте маңызды.
Қазірде қарап отырсаңыз, қоғамда әке рөлінің төмендеп кетуінің мысалы мен әсерін көптеп көруге болады. Жастардың көбі Армия қатарына барудан неге жалтарады? Өйткені, бала тәрбиесінде жетекші адамдар әйелдер болғанына байланысты бүгінде әскерге барудан қашатын, өмірлік сынақтарға төзе білмейтін әлжуаз жігіттер қатары өсіп келеді. Қазір балабақшадан бастап, мектептегі тәрбиенің бәрі әйел адамдардың қолында. Сабақ беретін мұғалімдердің 90 проценті әйел адамдар. Оның үстіне қазірде белең алып тұрғандай, балаларды жастайынан мобильді телефондағы батыстың мультфильмдері тәрбиелеп жатыр. Бұл – үлкен қасірет. «Сәби күнінен қазақы дәстүр мен салт-сананы бойына сіңірмей өскен баланың ертеңі не болады?», – дейді Еркебұлан толғанып.
– Біздің отбасымызда дүниеге келген 12 баладан 9 бала қалып, өсіп ержеттік. Әке-шешеміздің жасымызда үлкенді сыйлау, өтірік айтпау, еңбек пен қиыншылықтан тартынбау жөніндегі үнемі айтып отыратын ақыл-кеңестері бүгінге дейін жадымыздан шыққан жоқ. Жастай еңбек етіп, оның жемісін көріп өстік. Одан жаман болған жоқпыз. Енді өз балаларымызға да сондай өнегелі тәрбие беруге ұмтылудамыз. Баланың толыққанды тәрбие алуына отбасы шырқының бұзылмауы үлкен әсер ететінін білеміз. Алайда, өмірде күйіндіретін кереғар жағдайлар көп кездеседі. Жақында Аналар мен Әкелер кеңестері қоғамдық ұйымы өкілдерінің қатысуымен сотта дөңгелек үстел басындағы кездесу болды. Оған сот қызметкерлері де қатысты. Сондағы айтылған статистикалық деректе Жезқазған қаласында бір аптада сотта 12 ажырасу процесі қаралыпты. Ал, жыл басынан бергі бес айдың ішінде ажырасу жөнінде 263 өтініш берілген. Бұл өте жанға бататын көрсеткіш, – дейді Е. Бодықов.
Әкелер кеңесі осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қою үшін қоғам болып жұмылудың жолын қарастыруда. Жастардың бойына жақсылықтың, өнегелі тәрбиенің үлгісін дарытуға тырысуда. Республикалық «Әкелер одағының» атсалысуымен 2020 жылы «Саналы әке» атты екі күнге созылған семинар-тренингті Жезқазғанда пандемияға байланысты мүмкіндік болмаған соң Қарағандыда өткізіпті. Алдыңғы жылы ережесіз жекпе-жектен ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Еуропа чемпионы Ардақ Назаровпен Жезқазғандағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйіндегі және Сәтбаев қаласындағы кездесулерге 300-ге жуық жастар қатысып, айтарлықтай тәрбиелік іс-шара болыпты. Қазірде Парламент Мәжілісінің депутаты болып отырған А. Назаровтың қайраткер тұлға ретінде жастарға беретін өнеге-үлгісі өте мол. Жастарды адамгершілікке, адалдыққа, қайраткерлікке баулитын шаралармен қатар қайрымдылыққа үндеуге де көңіл бөлініп отырғаны байқалады. «Әкелер одағы» филиалының бастамасымен «Асар Уме» қайрымдылық қоры 2021 және 2022 жылы Жезқазғанға екі рет шақырылып, кездесуге негізінен жастар қатысқан. Қайырымдылық қоры көп балалы төрт жалғызілікті анаға, бір жалғызбасты әкеге пәтер алып беріп, қиын тағдырға ұшыраған жандарға қамқорлықтың үлгісін көрсетіпті. Сол жолы қалада «Жылы жүрек» қайрымдылық қоры ашылып, осы бағыттағы өнегелі істі жалғастыруға бекініп отырған көрінеді.
Иә, қоғамдық ұйымның қолға алып жатқан істері көңілге қонымды. Әке – бала үшін асқар тау деп бекер айтылмаған. Отбасындағы әкенің орны әрқашанда бөлек. Өмірде әке қамқорлығына ештеңе жетпейді. Ол – тек отбасының асырап, сақтаушысы ғана емес, шаттығы жарасар шаңырақтың, тіпті бір әулеттің тірегі. Олай болса, әкелерді бағалайық, әке орнының ойсырап қалмауынан сақтанайық. Әкелер аман болсын!
Амандық РАХҰЛЫ.