Елімізде 12 сәуірде атап өтілетін Ғылым қызметкерлері күнінің академик Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келуі бекерден-бекер емес. Қазақтың айтулы қайраткері Қаныш Имантайұлы геология-минералогия ғылымының докторы, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның Ғылым Академиясын ұйымдастырушылардың бірі, әрі оның тұңғыш президенті. Ол Кеңес Одағындағы металлогения ғылымын жасаушылардың бірі болумен қатар, осы саланың қазақстандық мектебінің негізін қалаған ұлы ғалым ретінде танылған тұлға.
Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде Баянауыл өңіріндегі Ақбеттау бауырында дүниеге келгені белгілі. Шын есімі — Ғабдулғани екен. Қазақтың асыл азаматы ат жалын тартып мінгеннен кейінгі өмірінің барлық саналы кезеңін Жезқазғанның игілігіне арнады. Томск технология институтын бітірген 1926 жылдан 1941 жылға дейін Ұлытау-Қарсақбай қойнауын шарлап, қазыналы өңірдің байлығын ел кәдесіне жарату жолында орасан зор еңбек сіңірді. Бүгінгі алып кеніштер мен зауыттар, дәулетіне сәулеті келіскен Жезқазған шаһары Қаныш ағаның орындалған асыл арманының жемісі. Бұл жөнінде талай жазушылар мен өлкетанушылар том-том кітап жазып, ақындар жыр толғауын арқау еткені белгілі. Дегенмен, әр қаламгердің өзіне тән айтар ойы, қисынды сөз саптасы болса керек. Сондықтан, ұлы адам туралы ой толғау әлі де жалғаса бермек.
Қаныш Сәтбаев 1928 жылы Қарсақбай комбинаты жанынан құрылған геологиялық барлау бөлімінің бастығы және «Атбастүстіметалл» тресінің бас геологы болған кездің өзінде-ақ Жезқазғанның таңғажайып зор болашағын дәл болжап, батыл да байсалды ғылыми шешімдер жасаған болатын. «Қарсақбай – Үлкен Жезқазғанға апаратын сара жолдың алғашқы баспалдағы ғана, ал Жезқазған – Ұлытау өңірі кешікпей-ақ Сарыарқа төсіндегі белді индустриялы өлкеге айналады», – деген еді көреген ғалым сонда. Айтса айтқандайын, Жезқазған кенін игерудің және қанат жаюының бұдан былайғы өсу баспалдақтары тікелей Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты болды. Ол кезеңде бұл жердің болашағына сеніммен қарайтындар аз, күдікпен қарайтындар көп еді. Алайда, данышпан ғалым көптеген құнды зерттеулер жүргізіп, өз тұжырымын Одақ ғалымдары алдында дәйектілікпен дәлелдей білді. Үлкен Жезқазған құрылысын бастауға, оны ұлғайтуға қарсы болғандардың бірі – Түстіметаллдар бас басқармасы басты себеп ретінде Жезқазғанды одақтық көлемдегі күретамырлармен байланыстыратын теміржолдың жоқтығын алға тартқан болатын. Бірақ, жол қатынастары Халық комиссариатының 1931 жылғы «Үлкен Жезқазған құрылысы үшін ең тиімді жоба оны салынып жатқан Қарағанды – Балқаш теміржолына қосу» деген техникалық-экономикалық сараптамасын алға тартып Қанекең де алған бетінен қайтпайды. Қаныш Имантайұлының 1934 жылы желтоқсанда КСРО Ауыр өнеркәсіп комиссары С.Орджоникидзенің қабылдауында болып, Жезқазған туралы ақиқатқа көзін жеткізуі де бір үлкен әңгіме. Осыдан соң «тоң жібіп», Нілді –Жезқазған теміржол құрылысына қаржы қаралады, 1936 жылы 25 наурызда «Жезқазған мыс қорыту комбинатының құрылысы туралы» бұйрыққа қол қойылды.
Жезқазғанның болашағын дәлелдеу жолында талмай күрескен Қанекең бастаған геологтар кен орнындағы мыстың қорын 1935 жылы 3 млн.тонна деп анықтаса, бұл көрсеткіштің 1938 жылы 4 млн.тоннадан асып кеткендігі жөнінде қорытындылар жасалды. Сөйтіп шалғайдағы Жезқазған мыс қорының көлемі жағынан Кеңестер одағы бойынша бірінші орынға, ал дүниежүзінде төртінші орынға шыққан соң оны мойындамасқа амал қалмады. Ақыры 1938 жылдың 10 ақпанында Ауыр өнеркәсіп Халық комиссариатының жаңа бұйрығымен Жезқазған комбинатының бірінші кезегін 1941 жылдың басында іске қосу міндеттелсе, жалпы комбинат құрылысы 1943 жылы аяқталуға тиіс болды. Еліміздегі түсті металлургияның алыбы атанған Жезқазған өндірісті аймағының құрылысы Қанекеңнің шапағаты арқасында осылай басталған еді.
Бүгінгі Жезқазған қаласының іргесі 1936 жылы 3 мың халқы бар Кеңгір елді мекенінің орнында тұрғызылған. Олай аталуы Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерінің қосылып Кеңгірге айналатын төменгі ағысының осы жерден өтуіне байланысты. Әйтпесе, ертеде Бекболат ауылы жайлайтын бұл жер Наушабай деп аталған көрінеді. Кенді өңірдің кемел келешегін қапысыз болжаған Қаныш Имантайұлы отызыншы жылдардың басында-ақ бұл жерде үлкен өндірісті қала болатындығын білген ғой. Ол сол арманына жету үшін өндіріс көлемі жөніндегі деректерін талмай сараптап, тынымсыз еңбек етті. Сөйтіп болашақ қала 1941 жылы Үлкен Жезқазған кенті деп аталды. Кеңгірдің сағасы бөгеліп, айдынды су қоймасы салынды. Ақыры көптен күткен күн де жетті. Жас қала қарыштап өсіп, қанаттанып жайнай түсті. Қала мәртебесін алған 1954 жылы 30 мың тұрғыны болса, бүгінде 70 жылдығына қадам басқан Жезқазғанда 90 мыңдай адам тұрады. Сөйтіп «бұл жерде қала болады», – деген Қаныш ағаның арманы өмір шындығына айналды. Оның көшесінде ғұлама ғалымның жарқын ізі сайрап жатыр. «Жезқазған — Қазақстанның інжу-маржаны» деген теңеу де кезінде Қанекеңнің аузынан шыққан екен. Оның шындығында да солай екеніне бүгінде ешкім таласа алмайды. Асыл аға арманының жүзеге асуы да осы болса керек.
Қанекең кен байлығын іздеумен қатар, Ұлытау қойнауының қабат-қабат тарихына да үңіліп, көнеден жеткен шежіре сырын бір кісідей зерделей білгені туралы көп айтылады. «Алтын шоқыдағы» Ақсақ Темірдің тасқа қашап жазған жазуын алғаш тауып, ғылыми айналымға енгізгенінің өзі неге тұрады. Өңір тарихын зерттеп жазған еңбектері де өте мол. Жаяу Мұса ақын Қаныштың нағашысы екен. Соның әсері тиген болар, Қанекең әнжырға да жақын болған. Мәнерімен айта білген сүйікті әндері аз емес. Қазақтың ұмыт бола жаздаған көптеген халық әндерін жинақтап, А.Затаевичке тапсырғаны белгілі. Айтулы ғалым Ғылым академиясында жүргенінде Астананы Ақмолаға ауыстырудың қолайлығы туралы зерттеп, геологиялық және саяси жағынан оң негіздеме бергенін енді біліп жатырмыз. Ғұлама ғалымның мол мұрасына үңілген сайын түйер ой да осылайша түйдектеле бермек.
Қаныш аға қазығын қаққан қала халқы әсілінде, ұлы ғалымның ұлағатын ешқашан ұмытпасы анық. Қаланың бас қақпасынан кірген бетте Жезқазғанмен бірге жасап келе жатқан алғашқы даңғылдардың бірі ретінде Сәтбаев көшесі көзге түседі. Абзал ағаның ізі жатқандай жезқазғандықтарға бұл көше ыстық көрінеді. Көше бастауындағы асыл азаматтың 100 жылдық мерейтойы кезінде бой көтерген ескерткіші де еңселі. Ол жер бүгінде Сәтбаев алаңы аталады. Есімін еншілеген мектеп-лицей бар. Білім ұясы ұдайы ұлағатты шаралардың ұйытқысы бола білуде. «Қазақмыс» қамқорлығындағы Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей жәдігерлері де қазақтың айтулы ғалымы мен оның кенді өңірге сіңірген орасан зор еңбегі туралы сыр шертеді. Іргедегі қанаттас қала Сәтбаев та мейірлене қол бұлғап, қатарлас дамуда. Өркенді істерімен ғұлама ғалымның асыл мұраттарын жүзеге асырып жүрген қажырлы кеншілердің құтты мекеніне айналғанын айғақтауда. Осының бәрін көрген сайын еске Қаныш ағаның басты аманаты түседі.
«Уа, Жезқазған халқы! Ескі достар, қимастарым менің! Осы жердің астындағы мол қазынаға кейбіреулер мұрнын шүйіріп, барлауды тоқтатып тастайтын қиын күндер естеріңде ме? Не деп едім мен сонда? Әне, сол қала! Үлкен Жезқазған атанып, жер астындағы қазынасы жария болып, сән-салтанатымен бой түзеп, көз алдарыңда жатыр. Кені – анау, қаласы – мынау! Ағайын, баршаңа өтінішім, ел байлығын көздің қарашығындай сақтап, қадірлеп ұстаңдар! Жезқазғанның қазынасы мол болғанмен, шексіз емес… Ал, ол құрметтей білсең, талай ұрпағыңды жарылқар мол дүние». Бұл – халқымыздың біртуар перзентінің өз арманынан туған қалаға 1962 жылы келіп, қоштасып бара жатқанда айтқан сөзі. Ұлы адамның осы ұлағатты аманатын естен шығармасақ екен.
Амандық РАХҰЛЫ.