Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен жиын өткізді.
Зина Жұманазарқызы кездесу барысында газеттер мен телеарналардың бүгінгі ахуалына талдау жасап, олардың тыныс-тіршілігіне қатысты жайттарды талқылады.
Жиында мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайту, кейбір басқармалардағы баспасөз қызметінің жұмысын ширату және жедел ақпарат беру, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде балалар контентін қалыптастыру сынды өзекті мәселелер сөз болды. Сонымен қатар, басылымдарға жазылу науқанында газеттерге қолдау білдіру, өңірге баспахана салу туралы ұсыныстар да айтылды.
Өңір басшысының әлеуметтік және идеология бойынша мәселелеріне жауапты орынбасары жиында түскен ұсыныстар мен сұрақтардың шешімін табуға, БАҚ-пен жұмысты жандандыруға пейілді екендігін білдірді.
– Қоғамға ақпараттың жедел жетіп, оның таралуында газеттер мен телеарналардың атқарып отырған қызметі ауқымды. Сондықтан біз бұл екі саланы ілгерілету бойынша бірлесе жұмыс істеуге тырысамыз. Сіздердің тараптарыңыздан келген ұсыныстарды ескере отырып, алдағы уақытта осы мәселелердің түйінін тарқатуға көңіл бөлеміз, – деді Зина Жұманазарқызы.