Облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі жай-күйі мен даму бағыттары туралы облыстық басқармаға қарасты «Экономикалық талдау және агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту бөлімінің» басшысы Мұқағали Аппасұлы РАМАЗАНМЕН сұхбат құруға тура келді. М. Рамазан 1996 жылы Кеңгір округіне қарасты Қорғанбай ауылында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін 2018 жылы бітірген соң Сәтбаев қаласы әкімдігінде «Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде бас маман болып қызмет атқарды. Ұлытау облысы құрылған 2022 жылы облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының «Экономикалық талдау және агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту бөлімінің» бас маманы болып келіп, үстіміздегі жылдың наурыз айында бөлім басшысы болып тағайындалды.
Бөлім жетекшісімен «сұхбаттасуға тура келді» дегенде, Мұқағали Аппасұлын қорашсынып отырған жоқпыз. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса, сақа ғой. Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой», – деген жоқ па еді бабаларымыз. Сол айтқандайын, жас маманның өз саласына қатысты істерді саралап беріп, салмақты ой түйе білгені сүйсінтті. Алайда, көңілде қалған түйткілдің мәнісі басқада болып тұр. Ашығын айтар болсақ, қадірлі оқырман, бұл сұхбатты «Ұлытау облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы» ММ-нің басшысы Қайрат Мутаевпен жасауды жоспарлаған болатынбыз. Соған орай, жаз бойы ол кісінің алдына екі рет барып, мүмкіндігі келмей қойған соң сұхбатқа арналған алты сауалымызды алға тартып қыркүйек айында тағы да барған едік. Қайрат Меңдібайұлы сұрағымызды алып қалып, ертеңінде келуімізді сұрады. Келелі әңгіме өрбитін болар деп уәделі уақытында келгенмен маңдайымыз тасқа тигендей болды. Қайрекең қабылдау бөлмесінен қайтарып, хатшысы арқылы материалды төменгі қабаттағы осы бөлімнен барып алсын депті. Ауыл шаруашылығының өзекті мәселесін қамтып әңгіме өрбітпек тұрмақ, облыстағы басты басқарма басшысының шамалы уақыт сұхбаттасуға онша ықылас танытпауы қалай деген сауал көңілден кетпей отыр.
– Мұқағали қарағым, ал әңгімені енді өзіңмен отырып өрбітетін болсақ, Ұлытау облысының жер көлемі ұланғайыр екені белгілі. Қалауын тапса, осы байтақ далада мыңғыртып мал өсіріп, жайқалтып егін егуге болмай ма? Өз түйіндеулерің бойынша, облыстағы ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі жай-күйі туралы не айтар едің?
– Иә, облыстың аумағы 18 млн. гектардан астам жер көлемін алып жатыр. Алайда, өңірдегі барлық жер шаруашылыққа қолайлы деп айта алмаймыз. Кей аумақтарда жайылымдық жерлер құнарсыз болса, көп жерлерде мал ішетін су көздері тапшы. Сонымен қатар, мал шаруашылығын өркендетуде жеткілікті жемшөп базасының болмауы шаруаларға айтарлықтай қолбайлау болатыны байқалуда. Бұл проблема тек біздің облыста ғана емес, республиканың біраз бөлігіне ортақ жағдай. Осыған орай, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, «Инновациялық тәжірибені тарату мен енгізу жөніндегі қызметтер» бағдарламасы бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, жайылымдық жерлердің және су ресурстарының нақты жай-күйін анықтау үшін геоботаникалық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілмекші. Мал азығына арналған алқаптардың биоалуан түрлілігін сақтауды қамтамасыз етуге және жайылымдарда деградациялық процестерді болдырмаға көңіл бөлініп, ауылдық округтердің жайылымдық жерлерін ұтымды пайдалану жөніндегі жұмыстар ұйымдастырылуда. Осы жобаның аясында 100 гектарға дейінгі тәжірибелік алқаптарда жемшөп қорын жасау мақсатында ауыспалы егіс жүйесін құрып, құрғақшылыққа төзімді жемшөп дақылдарын егу тәжірибеге енгізілуде. Мәселен, Жаңаарқа ауданындағы «Мирас» шаруа қожалығы Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу инстиутымен бірге 100 гектар жерге житняк, жоңышқа және тағы басқа жемшөп түрлерін тәжірибе ретінде егіп көрді. Нәтижесі жаман емес, биыл жазда біршама өнім алды. Облысымыздың шабындық алқабы жоқ, қуаң өңірлерінде осы жоба аясында жемшөп базасын жасауға бетбұрыс жасаған жөн деп отырмыз. Жаңаарқада мал азығының базасын жасау мақсатында жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіретін жоба да қарастырылуда.
– Мал шаруашылығынан басқа, жалпы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда қандай жаңа жобалар қолға алынып отыр? Бұл саланы дамытудың
басты бағыттары айқындалды ма?
– Үстіміздегі жылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту іс-шаралары аясында Жезқазған қаласында құс фабрикасын құру жобасы қолға алынған болатын. Құс етін өндіруге бағытталған бұл жоба қазір аяқталып, іске қосылу үстінде. Оның қуаттылығы жылына 1 мың тонна құс етін өндіруге арналған. Сәтбаев қаласында құрылған құс етін қайта өңдеу мен сою цехы осы фабрикамен тығыз байланыста жұмыс істемек.
Ендігі бір үлкен жоба – сою цехы, етті салқындататын қоймалары мен тоңазытқыш камералары бар Жаңаарқа ауданындағы мал шаруашылығы кешені болып табылады. «ULY DALA Co» ЖШС иелігіндегі бұл кешен 10 мың бас малға арналған. Жобаны жүзеге асыру 2022 жылы қолға алынған болатын. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1,0 млрд. теңге көлемінде несиелік желі ашылып, қазірде оның 690 млн. теңгесі игерілді. Кешен аумағында қой ұстауға арналған 2 база, 200 бас ірі қара түлігін бордақылау алаңы салынып, 1 мың бас мал бордақылайтын алаңның жер жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 350 млн. теңгеге жылқы сатып алынды.
Жалпы жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруға, озық технологияларды енгізуге мән берілуде. Жаңаарқа ауданында АЭК-ке (белсенді энерго кешен) 4 қосалқы электр станциясын салуға өтінім берілді. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін 1 мың гектар аумақта суармалы технологияны енгізуге мүмкіндік туады.
Мал өнімдерін өңдейтін ұқсату кәсіпорындарын ашу жөнінде де жобалар белгіленуде. Жезқазғанда ет өңдеу зауытын салу жоспары бар. Алдағы жылға белгіленген осы жобаға инвестор тарту жұмыстары жүргізілуде. Жаңаарқа ауданындағы «Бірлестік» шаруа қожалығының жылқы етін өндіру жөніндегі кешенді іске қосқанын үлгі ретінде айтуға болады. Бұл жоба аясында ет өнімдерінің әр түрінен жылына 79 тонна вакумдық қаптама шығару көзделген. Өткен жылдың аяғында іске қосыла бастаған жоба 573 млн. теңге жеке инвестиция салу нәтижесінде игеріліп отыр.
– Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарында 2023 жылы кемінде 400 гектар танапта картоп пен көкөніс өсіретін фермерлік шаруашылықтар құру, Жаңаарқа ауданында сүт өңдеу заводын құру, Ұлытау ауданында 1 мың бас малға арналған бордақылау алаңы, етті бастапқы өңдейтін цех салу сияқты жобалар бар еді. Осы жобаларды іске асырудың жайы қалай?
– Облыс бойынша биылғы жылы картоп пен көкөніс аумағы 360 гектарды құрады. Таратып айтқанда, Жаңаарқа ауданында – 45, Ұлытау ауданында – 65, Жезқазған қаласы бойынша 250 гектар. Осы бағытта қазір екі жоба жүзеге асырылуда. «Исмаил» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы суару жабдығын алуға 316 млн. теңге несиеге өтінім берді. Бұл жоба бойынша Қаракеңгір ауылдық округінде 200 гектарға картоп егіп, 200 гектарға жоңышқа өсіру көзделуде. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіні қолдау мақсатында «Ұлытау» ӘКК 700 тонна картопты форвардтық сатып алу үшін 70 млн. теңге көлемінде қаржыландыруға дайын. Құны 47 млн. теңге болатын екінші жобаны «Кореан фуд» ЖК өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда. Ол Талап ауылы аумағындағы ашық алаңға 50 гектарға картоп, 25 гектарға көкөніс егуді ойдағыдай бастады.
Сондай-ақ, бұл инвестордың кемінде 1 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма салу жоспары бар. Құны шамамен 200 млн. теңге тұратын жобаны өз қаражаты есебінен жүзеге асырмақшы. Ал, жоспардағы қалған жобалар әзірше жүзеге асырыла қойған жоқ.
– «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына қандай көмек жасалуда?
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие алуларына мүмкіндік туып отыр. Негізгі мақсаты – несие арқылы ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайтып, халықтың табысын арттыру болып табылады. Бағдарлама облысымыздың 33 ауылдық округінде және Қаражал қаласында іске асырылады. Несие беруге сенімді агент «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ болып белгіленді. Жоба аясында республикалық бюджеттен 2023 жылға 3,3 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 440 микрокредит беру жоспарланған болатын. Қазірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша (26 қазандағы мәлімет) жалпы сомасы 3 158,0 млн. теңгеге 397 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 1 155 млн. теңгенің 148 өтінімі мақұлданды, 575,8 млн. теңге болатын 71 шағын несие ауыл адамдарына берілді.
Бұл бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өсімдік шаруашылығын дамыту, оның ішінде жылыжай құру, жемшөп өндірісін дамыту, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі нысандарды құру, етті және сүтті мал шаруашылығын, қой және ешкі шаруашылығын, үй құстарының шаруашылығын құру, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру, өңдеу және қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасы мен ауыл шаруашылығы жабдығына техникалық қызмет көрсету және жөндеу станциясын құру, кеңейтіп жаңғырту жобаларын жүзеге асыруы керек. Негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу бойынша 1 жылға дейін жеңілдік беріледі. Мал шаруашылығы жобаларына шағын несие беру мерзімі 7 жылға дейін, басқа бағыттағы жобаларға 5 жылға дейін. Несиенің ең жоғары мөлшері 8,625 млн. теңге. Бағдарламаны өз мақсатына тиімді пайдалана білсе ауылдық аумақты дамытуға оң ықпалын тигізері сөзсіз.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланбай отырмыз» деді. Осыған байланысты ойланып көрдіңіздер ме?
– Әрине, Жолдауда көрсетілген міндеттердің біздің салаға зор жауапкершілік жүктейтінін түсінеміз. Бұл жөнінде ойластырылып, қолға алынып жатқан шаралар да бар. Қазір біз Ұлытау облысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспары жөнінде арнайы бағдарлама дайындаудамыз. Онда жоғарыда айтып өткен жемшөп мәселесін шешу жолдары қарастырылады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану жайын шаруаларға түсіндіріп, олардың дамуына қолдау білдірмекпіз. Жалпы, облыстағы шаруа қожалықтары өзара бірігіп, бір-бірінің тәжірибелерімен бөлісетін болса, ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай септігін тигізер еді деп ойлаймын.
– Иә, жаңа облысты дамытуда көзін таба білсе аграрлық саланың әлеуеті зор. Ол үшін барлық жерде тынымсыз жұмыс, жаңаша бетбұрыстар қажет. Олай болса, ауылдарымыз өркендеп, еліміз көркейетін кезеңге тезірек жетейік. Мұқағали Аппасұлы, уақыт бөліп, маңызды саланың бүгінгі жай-күйін саралап берген сұхбатыңа көп рахмет! Ойға алған шаруаларың орайымен жүзеге аса берсін.
Сұхбаттасқан Амандық РАХҰЛЫ.