Халқымыз ежелден ағаш, темір ұстасын, зергерлерді ерекше қадір тұтқан. Жанқаға жан бітіріп, темірді икемге келтіріп тұрмысқа қажетті жабдықтарды әзірлеудің технологиясын ата-бабамыз бес саусағындай жетік меңгерген. Сол үрдіс бүгінде ізсіз қалған жоқ. Біздің өңірімізде де шеберлігімен көзге түсіп жүрген шеберлер баршылық.
Өндіріс нысандарында да қисынын келістіріп, ерекше дүние жасауға қабілетті азаматтарды кезіктіріп жүрміз. Солардың қатарында құю-механикалық зауытының еңбеккері Эдуард Көпеев те бар. Он бес жасында қолына балға мен сүргі ұстап, үйге қажетті бұйымдарды жасауға дағдыланған жас баланың іскерлігіне үлкендер сүйсініп жататын. Сол үлкендердің қолдауы себеп болды ма Эдуард Серікбайұлы ағаштан бұйым жасауға біржола ден қойды. 1989 жылы тұрғын үй-коммуналдық бөліміне ағаш шебері болып жұмысқа орналасып, қабілетін одан әрі шыңдай түсті. Кейін Сәтбаев қаласындағы кендік емес құрылыс материалдары зауытында еңбек етті. 1997 жылы кейіпкеріміз құю-механикалық зауытының модельдеу цехына жұмысқа қабылданды. Жиырма алты жылдан бері модельдеуші ретінде ағаштан тапсырысқа берілген бұйымдардың нобайын жасап шығарады. Эдуард Серікбайұлы түрлі бөлшектердің пішімін дайындауда кәсіби тұрғыда шыңдалған маман.
Аманжол Дүйімқұловтың мектебінде шыңдалған ол сызба арқылы бөлшектің пішімін жасауда зеректік пен сызбаны оқи алатын қабілет керек дейді.
– Зауыт, фабрикадан, шахталардан келетін күрделі бөлшектерді құймас бұрын сызба бойынша оның пішімі дайындалады. Оны біздің модельдеу цехы жүзеге асырады. Мұнда алғаш келгенде жүзеге асырылатын жұмыстар күрделі болып көрінді. Жұмысқа кірісіп, үдерісті меңгеру арқылы көз қанығып, қол үйренді. Сол кезде мені алға қарай ұмтылдырған тәлімгерім Аманжол Дүйімқұловтың еңбегі ұшантеңіз. Жәнібек Қайыпбаев, зауыттың қазіргі бас инженері Ардақ Тоқбергенов сынды тәжірибелі мамандар мені ысылта түсті. Өз бетіңмен ағаш жонып, қиялыңдағы дүниені жасау деген жоқ. Тек сызбаның негізінде ғана жұмыс жасауға дағдыландым. Сол кездегі зауыттың директоры Яхия Көпейұлының қолдауы көп болды.
Азамат Сәрсенбин басшылық жасайтын цехымызда тәжірибелі маман, модельдеу ісінің ардагері Виктор Юдиннің ақыл-кеңесі мен бағыт-бағдары бізге демеу болып келеді. Ол ешқашан кеңесін айтудан жалыққан емес.
– Бұйымның пішінін сызба арқылы дайындаудың қыр-сырында меңгермеген тұстар болса сұраудан қысылмаңдар, – деп бізге үнемі қолдау білдіреді. Жалпы, біздің жұмыс үнемі ізденуді талап етеді. Дайындайтын пішінді сызба арқылы толық ой елегінен өткізіп барып қана жұмысқа кірісеміз. Қисынын келістіріп алмай тұрып ағашты бет алды кесіп тастауға мүлде болмайды. Сондықтан сызбадағы пішінді толық зерделеп алу керек. Жалпы алғанда біздің жұмысымыз тиянақтылықты, тез ойлап, шешім шығару қабілетін талап етеді. Осында көп жастар келді. Оларға да тәлімгерлік жасап, кәсіпке баулыдым. Бірақ, олар тұрақтамады. Тәлімімнен өткен соңғы шәкіртім Ержан Серіков болды. Қазір Астанада құрылыс саласында.
Бұл кәсіпті меңгеру арқылы күнделікті шаруаларды өзің атқаруға дағдыланасың. Қазір балғамен шегені ұстай алмайтын жастар да бар. Ол еңбекке қабілеттің төмендігі деп білемін. Адамды адам еткен еңбек екендігін кейінгі толқын естен шығармаса екен деймін, – дейді Эдуард Көпеев.
Бір кездері Эдуард Серікбайұлы зауыт қызметкерлеріне сандық, бесік, есік, орындық сынды жабдықтарды жасап беріп жүрді. Әріптестерінің қолынан шыққан дүниелерге олар да риза болатын.
Шеберлігімен көзге түскен Эдуард Көпеевтің еңбегі ерен. Жақында оның еңбегін бағалаған зауыт басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады.
Эдуард Серікбайұлы ізін жалғар екі ұлын да еңбекқорлыққа баулып келеді. Әке өнегесін үлгі тұтқан олар да еңбектің адам баласы үшін маңызы зор екенін ұғына білді. Ағаш түйін түюдің шебері атанған Эдуард Көпеевтің осы жолы ұрпағына ұласса, еңбек адамының кейінгілерге үлгі бола білгені емес пе?
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.