Төрехан Әкімжанұлы МАЙБАС 1954 жылы Қарағанды облысы Шет ауданының Ақшатау кентінде дүниеге келген. КСРО (1987) және ҚР Журналистер Одағының мүшесі (1994). ҚР Жазушылар Одағының мүшесі (2014). ҚР Мәдениет қайраткері (2004). Шет ауданының Құрметті азаматы (2014). ҚР Құрметті журналисі (2018).
Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің түлегі, оқытушы-филолог (1980). Жезқазған және Қарағанды облыстық мәслихаттарының бірінші шақырылымының депутаты болып сайланған (1994). Спорттың тоғызқұмалақ ойынынан Қазақстан халықтары ІІ жазғы спартакиадасының күміс жүлдегері (2000), И. Нольд атындағы халықаралық турнирдің бас жеңімпазы (1998). Қарағанды облысы тоғызқұмалақшылар командасының бас бапкері болған (1999-2005).
1980 жылдан бастап журналистика саласында еңбек етіп келеді.
Ақадыр аудандық газеттерінің бас редакторы, Шет аудандық газетінің редакторы, «ҚазАқпарат» баспасының директоры, «Жас қазақ» қоғамдық-саяси газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі,
Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары, «ҚазАқпарат» баспа коорпорациясының тете-президенті (1991-2020) болып істеген.
Бүгінде «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті.
Көптеген прозалық, танымдық кітаптың авторы.
Қой бағыңдар, өйткені береке сонда.
Қасиетті хадистен
Жақында ғана ФАО-ның (БҰҰ-ның азық-түліктік ауыл шаруашылығы ұйымы) жыл сайынғы статистикалық жинағы жарық көрді. Міне, қызық, жер беті халқының саны өскен сайын олардың тұтынатын тағамдық өнімдерінің көлемі де өскен ек,3hf0ен. Сонда халық саны өскен сайын азық-түлік жетіспей аштықтан қырыламыз деген Батыстың байбаламының жайына қалғаны ма?!
Сөз жоқ, жаһандық экономикалық сілкіністер азық-түліктік өнімнің бағасына айтарлықтай әсер етті. Мұнан тағамдық өнімнің көбеймейтіні белгілі. Сонда қалай болғаны?
Дастарқанымыздан дәстүрлі, үйренішікті, қалыпты тағамдарымыз кете бастады. Жілігі татымайды деп қоян етін талғажу көрмейтін қазақ баласының бүгінде көзі бақырайып неше түрліні жеп отырғанын көруге болады.
Мұның бәрі де түк емес. Мәзірімізге жасанды талшықтар келіп жатыр. Шығыс Азияның, оның ішінде алып Қытай жұртының жасанды күрішті талғажу етіп отырғаны жасырын емес. Және сол жұрт оларын сыртқы нарыққа да шығарып жатыр.
Ендеше біз де сол жасанды күріштен суға күптіріп, палау жеп отырған болармыз. Бәрі мүмкін, мына заманда мүмкін еместің өзі мүмкін…
Дәл сол қысық көз көршіміздің сыртқа ет шығаратынын білсек керек. Есесіне олар сырттан қой етін миллион тонналап тасымалдайды.
Бұл да бізге ештеңе ұғындырмай ма?
Қазір жаһан жұрты өз алдына тыныш жатқан қазақ жұртына өздігінен соқтыға бастады. Сонда не дейді?
Жерің неге бос жатыр дейді?
Толтыр дейді сол бос жатқан жерлеріңді.
Адамыңа толтыр деп айтпайды.
Қойға, тауыққа, қоянға, шошқаға… толтыр дейді.
Өзің жемейді екенсің біз жейміз дейді.
Асыра бізді дейді.
Асырай алмайды екенсің әрі қарай сырғы дейді…
Бөлісейік дейді…
Нені?
Міне, бұл сауалдардың сауалы болса керек!..
***
Жер бетіне шынымен демографиялық дағдарыс келгені ме?
Бұл үлкен тақырып…
Қолдан келгенше биологиялық, физиологиялық ықпал жасап жатыр. Ол тек адам баласының өсу қарқынын тежеп отыр. Бұл шетін мәселені саясатпен реттеу әрекеті де ешкімді қанағаттандырып отырған жоқ. Өйткені әр мемлекеттің демографиялық саясаты әр түрлі. Біреулері шектеуді қаласа, енді біреулері көбейуді қалайды. Алаң жұртта табиғат бәрін өзі реттейді деген де концепция бар.
Сондағы алаңдары Жер анамыз қанша жанды асырай алады деген сауал. Табиғатқа етене жақын дала баласының бұл сауалға берер жауабы қашанда дайын. Мал бағып қана қоймай жан да баққан бабаларымыз мұны баяғыда айтып кеткен.
Әр бала өзінің несебесімен туады деп.
Бабаларымыз ұрпақ сүюді бәрінен де жоғары қойған. Содан жалғыз баланы санатқа қоспаған, екі баланы жартыкеш бала деп білген. Үш баланы ғана бала деп есепке алған. Көзі жұмыларда ұрпағына «бір қозы артық туса шөп басы айыр шығады» деп өсиет айтқан. Әр жағы түсінікті.
Сонда қазақтың несібелі баласы қандай бала?!
Әрине, еншілі бала. Енші алып, отауын бөлек тіккен, алдына төрт түліктен төл салған бала.
***
Еттен ажырамаған жұртпыз. Еттен ажыраған күні жұрт жаңартуымызға тура келеді. Өйткені қазақтың сайын даласында ет жемей өмір сүру мүмкін емес. Оның ішінде қойдың етін, жылқының етін…
Ал еттің қуаттылығы белгілі.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жер бетінің әрбір тұрғыны 2200 ккал. қуатын тұтынған екен. 2009 жылы 2800 ккал-ға жеткен. Бүгінде еуропалықтар күніне 3370 ккал. тұтынады екен. Бұл ең жоғарғы көрсеткіш.
Ет жеуден алдамыз. Нансоғар да өзіміз. Майды толғап жұтатын қазақ баласы бүгінде бананды да теріс көрмейді. Осыдан кейін-ақ қазақ баласыынң қанша калорий тұтантын есептей беруге болады.
Қазір әлемде 852 миллион адам аштық жағдайында өмір сүріп жатыр дейді әлгі дерек көзі. Жер бетінің халқы әні-міне жеті миллиардты құрайды деп отырмыз. Бүгінде 2,3 миллиард тонна дәнді дақыл өндіреді екенбіз. Соның бір миллиардын өзіміз тұтынамыз, 750 миллион тоннасы малды азықтандыруға кетеді екен. Қалғаны өнеркәсіп секторына барып құйылады дейді немесе іріп-шіритін көрінеді.
Қалай дегенде мал басының өсімі бар. Бұл өсімді сақтау және одан әрі арттыру қазақ даласының жемазық базасының әлеуеттігіне байланысты. Сондықтан егістік алқапты диверсификациялау қолға алына басталды. Әзірге нәтиже мардымсыз.
Бірақ әйтеуір жоқтан бар…
(Жалғасы бар).