«Бүгінде жастар кітап оқымайтын болды», – дегенді жиі естиміз. Кітап оқуға қолындағы қалталы телефон мен үйіндегі теледидар жол бермейтін тәрізді. Иә, бірқарағанда солай көрінуі де мүмкін. Бірақ, бұл «сылтау» бола қоймас. Түптеп келгенде, замандастарымыз көркем әдебиетті оқымайды емес, оқиын десе кейінгі буынғы жазушылардың сүбелі туындылары олардың қолына жете бермейме деп қалдық.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласындағы кітап сататын жалғыз орын – Төрегелді Шарманов атындағы сауда үйі. Мұнда кіріп-шығып жатқандардың қатары сирек. Кітаптардың рухани азық сыйлайтынын білсек те, азық-түлік дүкеніндегідей сатып алушыларды көрмедік. Қашан барсақ та іші бос.
Қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер қойылған сөрелердің алдына келіп, баспадан жаңадан шыққан кітаптарды іздей бастадық. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Періштелердің өлімі» атты кітабын, 2020 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болған қаламгерлер ДидарАмантайдың «Борхестің кітабы» жинағын, Тұрсынхан Зәкенұлының «Аттила» тарихи романын, Құлтөлеу Мұқаштың «Салбырауын» прозалық кітабын іздеген едік, таппадық. Бұл бөлімге арналған сөрелер қатары өзге бөлімдерге қарағанда көлемі қораштау көрінген. Сәбит Мұқановтан бастап Қабдеш Жұмаділовке дейінгі қазақ әдебиетінің танымал жазушыларының кітаптары сіресіп тұр.
Кітап дүкенінің иесі Гүлбақыт Әкпарқызы Қасымова әңгіме барысында кезінде Жезқазған облыстық кітап саудасы басқармасында қызмет еткенін еске алды. Кітап қоймасына вагон-вагон жаңа шыққан кітаптар келіп жататынын айтқанында «ондай барлық көзден бір-бір ұшты ғой» дегенді аңғартты. Соңғы жылдары оқырмандардың тым азайып кеткеніне шағымданды. Кітап құнының тым қымбаттап кетуіне байланысты сауда-саттық жасауға әркімнің-ақ қалтасы көтере бермейтініне қынжылды.
– Сіз іздеген кітаптар қай баспадан қашан шыққан? – деп сұрағанда мүдіріп қалдық. Ол жағынан хабарсыз едік.
Сөйтсек, бұл кітап дүкені «Атамұра» корпорациясына қарасты екен. Сондықтан да негізінен осы баспадан жарық көрген оқулықтар сатылатынын, біршама көркем әдебиеттер де барын айтты. Бұған қосымша еліміздегі өзге баспалардың да кітап тізімдеріне қарап, қаржы мүмкіндіктеріне орай тапсырыс беріп, алдыртып отырады екен. Сосын бізге «Жазушы» баспасының 2022 жылға арналғантізімін (прайс-лист) көрсетті.
Біздің пайымдауымызша, қалың қаламгерлер қауымының еңбектерін басып шығаратын осы «Жазушы». Алайда әлгі тізімде бар-жоғы жеті-ақ кітап көрсетілгеніне түсіне алмадық. Сонда биылғы жылы осы басылымдар ғана саудаға түспек пе? Жарайды, соншалықты көп емес екен, ол қандай кітаптар екенін оқырмандар назарына ұсына кетелік. Ә.Кекілбаев шығармаларының 6-12 томы, Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Ш. Мұртазаның «Ай мен Айша» және «Бір кем дүние» кітаптары, Ә. Таразидың «Жолы болғыш жігіт», Ж. Шаштайұлының «Аяз би», Қ. Толыбаевтың «Әсет» романдары, Е. Сүйіновтың «Тербеген теңіз әлдиі» мен Ғ. Ахмедовтың «Жем бойында» кітаптары. «Қазіргі қазақ прозасы» деп ат қойып, айдар таққан бөлімдегі көрсетілгені осылар. Ал осының қайсысын алдыртуға тапсырыс берер едіңіз?
Айтар ойын тұздықтай түсу үшін Гүлбақыт Әкпарқызы «Алаң» баспасы ұсынған кітаптар тізімін де көрсетті. Онда 74 басылымның шыққан жылы мен бағасы жазылыпты. Қарап отырсақ, ең әрісі 2013 жылдан бастау тапқан екен. Былтырғы жарық көргені бір-ақ кітап, ол – М. Мақатаевтың «Шығармалар жинағы».
– Осыдан-ақ ұға беріңіз, – дейді ГүлбақытҚасымова – баспалар бізге өтпей тұрған кітаптарын ұсынады. Олардың бағалары арзан болғанын қайтейін, ешкімнің сатып алуға ынтасы жоқ.
Біздің ұққанымызс ол, көркем әдебиетіміздің қазіргі деңгейін, кейінгі толқын жазушылардың шығармашылық ізденісін, бүгінгі заман тынысын аңғартатын туындылар бұл тізімдердің ішінде жоқ. Баспалар ондай кітаптарды үлкен қалалардың кітап дүкендеріне тез сатылып кетуі үшін беретін болар. Мүмкін олар аз данамен шығатындықтан да шалғайдағыларға жетпей қалуы. Ендеше оқиық десек, жаңа кітаптарға қолымыз жетпейді екен.
ӨЗІМ де оқырманның бірімін. Қаладағы кітапханаға барған сайын жаңа кітаптарды сұраймын. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі жазушылардың мақтауға бөленіп жүрген еңбектерін оқығым келеді. Мәселен 1918 жылдың «Әдеби жыл қорытындысы» бойынша дуалы ауыздарға іліккен Бейбіт Қойшыбаевтың «Алашия» трилогиясын, Несіпбек Дәутайұлының «Кісі иесі» кітабын, Жақсыбай Самыраттың «Бұралаң заман» романын, Жәди Шәкенұлының «Бозмұнар» жинағын, Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ» кітабын қолыма ұстағым-ақ келеді. Бүгінгі қазақ әдебиетінің маңдай алды жазушысы аталған Тұрысбек Сәукетаевтың «Желқайық» романын оқығым-ақ келеді. Бірақ барған кітапханамның бірде-бірінен таппадым.
Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің соңғы үш жыл көлемінде сатып алған кітаптары ішінде анна тіліміздегі көркем әдеби туындылары қанша екендігін және қандай дүниелер екенін білмек болған едік. Өкінішке орай ондай деректерді алып, саралауымызға мүмкіндік болмады. Кітап қорын өңдеу және толықтыру бөлімінің меңгерушісі Балбөпе Кәдікенқызы Мусина жылына қалалық бюджеттен бөлінген 3 миллион теңге қаржыға оқырмандардың сұраныстарына орай кітап қорын жаңа кітаптармен толықтырып отыратындарын тілге тиек етті. Иә, мемлекеттік сатыпалудың өзіндік ережесі бар екенін, оның ең басты қағидасы кім тауарды неғұрлым арзан бағаға сатып алып береді – сол ұтатынын да түсінікті. Ал кітап құнының шарықтап бара жатқаны және бар. Ендеше кітапхана қызметкерлерінің: «Кітаптар оқырмандардың сұраныстары бойынша таңдалып алынады», – деп ауыз толтыра айтары күдікті ойға жетелейді.
Мәселен, құнды туындылардың бағасы түспек емес. Сонда кітап дүкендеріндегі жылдар бойы сөреде өтпей тұрған арзан кітаптарды сатып алып жатқанжоқпыз ба?
Тікелей көркем әдебиетке қатысты және бір ойымызды әңгіме барысында Балбөпе Кәденқызына айттық та. Бүгінде әдеби туындыларды насихаттайтын да, құнды еңбектерді талдап бағалайтын да – «Қазақ әдебиеті» газеті. Алкөпшілік бұл басылымды жаздырып, оқи алмайды. Сондықтан да жаңа кітаптар жайлы, оның ішінде көптің талғамына шыға аларлығы қайсысы екенін танып біле алмайды. Қай кітапты оқығысы келетінін ешкім айта алмас еді. Оларды оқырманға ұсыну кітапханашылардың төл міндеті болуға тиіс. Көптің талғамынан табылу баспа басылымдарынан хабары бар кітапханашылардың ісі болса керек. Яки, оқырмандарды тарту, кітап қорына, дәлірек айтқанда, кітап қорын оқылатын кітаптармен толықтыра білуге тікелей қатысты.
Осы тұрғыда қалың оқырмандардың өзімен ой бөліскіміз келіп отыр. Өзіңіз тұратын жердегі кітапханадан сіз оқығыңыз келетін кітаптарды тауып алып жүрсіз бе? Ондағы кітап қоры қаншалықты сіздің көңіліңізден шығады? Әдеби туындыларды оқитындар азайды ма, әлде жаңа кітаптарға қолыжетпей ме? Кітап саудасын қалай жетілдіруге болар еді? Сіз қалай ойлайсыз?
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.