Мыс алыбы, «Қазақмыс» корпорациясы өзінің өндірістік нысандары орын тепкен аймақтарды дамыту бағдарламасының шеңберінде Жезқазған, Сәтбаев қалаларын көгалдандыру мәселесіне жыл сайын көңіл бөлуде.
Осы негізде 2016 жылы «Қазақмыс» корпорациясынын басшыларының қолдауымен, онын ішінде Эдуард Огай және Бақтияр Қрықпышев кен өндірісінен алған жарақатына байланысты жеңіл жұмысқа жарамды бұрынғы корпорация еңбеккерлерінің басын біріктіріп, қос қаланың тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына жауапты «Адал Еңбек» ЖШС кәсіпорнын қатарға қосты. Бұл кәсіпорынның бүгінгі таңда Жезқазған, Сәтбаев қалаларын көгалдандыру мақсатындағы жұмысы жүйелі жүзеге асып келеді.
Мысты шаһардағы жалғыз «Кеңгір» су қоймасының маңайында да көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын нәтижелі жүзеге асырды. Кәсіпорындағы көгалдандыру цехы аталмыш жұмыстарды атқарушы бірден-бір ұжым. Оған Гүлнар Айтубаева басшылық жасайды. Цехтағы 60 еңбеккер көктем шыға тынымсыз дала жұмыстарында жүреді. Биылғы жылы сәуір айынан бастап көгалдандыру цехының жігіттері Сәтбаев қаласындағы «Жеңіс» саябағында, Ерден көшесінде, «Абай» аллеясы мен Ұлытау көшесі мен Мәңгілік ел даңғылы қиылысындағы «Балалық шақ» саяжолын көгалдандыру жұмыстарымен айналысты. Өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, сәтбаевтықтардың демалыс орнына айналған «Жеңіс» саябағында, Ерден көшесінің бойында, «Абай» аллеясы мен «Балалық шақ» саяжолында егілген талдар адалеңбектіктердің адал еңбегінің арқасында жайқалып тұр.
Көрер көзге әсемдік, қоршаған ортаға таза леп беріп тұрған жас көшеттердің баптаушылары күн суытса да талдарды қызғыштай қорып жүр. Цех басшысы Гүлнар Анарбекқызымен бірге жазғы маусымда «Адал Еңбек» ЖШС еңбеккерлерінің атқарған жұмысына куә болып қайттық. Алғашқы бас сұққан нысанымыз «Жеңіс» саябағы болды. Мұнда жаз бойы 24 адам еңбек еткен. Шеберлер Берік Әбішев пен Береке Базаев бастаған еңбекшілер тобының 7 айдан бері атқарған жұмыстары көзге танадай ұрып тұр. Жайқалған теректер күтіп, баптағанның арқасында жайқалып, саябақтың көркіне-көрік қосуда.
Шебер Берік Әбішевті әңгімеге тарқатқанымызда:
– Өзіңіз көріп тұрғандай біз еккен 3000 теректің біреуі де қисаймай, қурамай осы күнге жетті. Бұл біріншіден, біздің жігіттердің өз жұмыстарына деген жауапкершілігініғ арқасы. Екіншіден, күтімнің мол болуы. Саябақты суару үшін «Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС арнайы құбырлар жеткізіп берді.
Ал, кейбір жетпеген жерге кәсіпорын тарапынан су тасу көлігі қарастырылып, жас көшеттер қурамай осы мезгілге жетті. Қазіргі уақытта біз көшеттердің түбін қопсытып, қысқы маусымға шыдас беру үшін топырақпен үйіп, жан-жағын жинастырудамыз. Жас көшеттер күтімнің арқасында жайқалып тұр. Алайда, саябаққа жылқы, сиыр кіріп, талдарға зиянын келтіруде. Жеті ай бойғы атқарған жұмысымыз зая кетпесе екен деп жігіттер жанашырлықпен қарап келген талдарға зақым келсе жанымыз ауырады. Саябақта төрт үлкен қақпа бар. Солар күндіз-түні ашық болғасын жылқы, сиырлар емін-еркін кіреді. Бұл мәселені жергілікті әкімдікке, Полиция бөлімі тараптарына жеткізілді.
Қаламыздың тұрғындары жігіттердің күшімен атқарылған жұмысқа ат үсті қарамаса екен дейміз. Қазақта «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Мұның мағынасы бір талды отырғызып, оны күтіп, баптау – қаншама еңбек. Ал, он тал егу арқылы кесіріміз тиген бір талдың қандай бейнетпен тамыр жайғанын түсіну керекпіз. Біздікі маусымдық жұмыс болса да жігіттер әрбір атқарған жұмысына ерекше көңілмен қарады. Көпшіліктің ақ батасы мен алғысына да бөлендік, – деді.
Цех басшысы Гүлнар Айтубаева осы жоба басталған сәттен бастап қыруар шаруаның басы-қасында жүрген жан. Жаз демей, қыс демей жігіттердің қасынан табылып, үнемі қолдап келеді. Биылғы жылы бұл цехтың жігіттері Сәтбаевта көгалдандыру бойынша біраз шаруаның бетін қайырғаны көрер көзге көрініп-ақ тұр. Осы жұмыстың оңынан жүргізілуінде іскерлік пен басшылықты, ұйымдастыру қабілетімен дараланған Гүлнар Анарбекқызының да өз айтар ойы бар.
– Айналаға көрік беріп, тыныс алып жүрген ауамызды тазар¬тып тұратын тіршіліктің көзі – жасыл желек екені баршамызға аян. Жасыл желектің көл-көсір пайдасын білген дана халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп ұрпағына ағаш отырғызудың маңыздылығын айтқан. Табиғатты аялап, қоршаған ортаға жанашырлық көзқарас таныту адамзаттың басты борыштарының бірі екендігін ұғындырған. Кім өзінің туған қаласының көркейіп, сәулетті болғанын қаламайды дейсіз. Осы цехта еңбек етіп жүрген 60 жігіт те өздерінің туып, өскен мекендеріне жанашырлықпен қарайды. Егілген бір шыбық сынса налып қалады. Бұл өздерінің еңбегін бұлдағаны емес, кейбір адамдардың өз қалаларына деген қамқорлығының төмендігіне реніштері. Мен осы топпен жұмыс жасағанда бізге берілген әрбір аумаққа егілген талдарды балапандай баптаймыз.
Биыл бізге Сәтбаев қаласындағы осы төрт нысан берілді. Куә болғаныңыздай бас аяғы 6000 егілген бір де бір тал құлап не қураған жоқ. Жаз мезгілінде күн сайын суарылып тұрды. Ауа-райының суытуына байланысты қазір талдар аптасына бір-ақ рет суарылады. Аталмыш төрт нысанды біз әкімдікке өткіздік. Жергілікті әкімдік егілген талдардың күтіміне ерекше мән бере қарап, жігіттердің жаз бойына атқарған жұмысына қамқорлықпен қараса деген тілегімізді жеткізгіміз келеді. Сөз басында айтқандай біз баптап, күткен талдар кейін тапсырыс беруші тарапқа өткенде қараусыз қалатын жағдай жиі кездеседі. Бұл әрине өкінішті жағдай.
Осы маусымда «Жеңіс» саябағын көгалдандыру жұмысына қол ұшын созып, сумен қамтамасыз еткен «Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС-нің директоры Ержан Тоқымбаевқа айтар алғысымыз шексіз. Көгалдандыру баршамызға ортақ іс екенін ұмытпайық, ағайын!
«Адал Еңбек» ЖШС еңбеккерлерінің қолымен егілген төрт нысандағы талдарға сіз де қамқорлықпен қарап, жанашырлық жасаңыз. Өйткені, ол туған қаламыз үшін маңызды, – деп сөзін түйіндеді.
«Адал Еңбек» ЖШС кәсіпорны – «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен құрылып, нәтижеге қол жеткізіп отырған ұжым. Биылғы жылы кәсіпорынның тізгінін Арсен Толысбаев есімді азамт қолға алды. Арсен Қайратұлы келгелі кәсіпорынның аумағында жылыжайдың жұмысы қолға алынды.
Тәжірибе үшін көшеттер отырғызылған жылыжайларда көшеттердің бірнеше түрі жайқалып тұр. Көшелер мен саябақтарда қураған немесе сынған талдардың орнына кәсіпорын аумағындағы көшеттер топырағымен бірге егіледі. Өйткені, жердің қаттылығынан құнарсыз жерге тал бірден тамыр жайып кете алмайды. Сондықтан адалеңбектіктер оның да әдісін тауып, көшеттерді түрлі байытылған топырақтармен отырғызудың әдістерін тауыпты.
Тағы бір қызығы, кәсіпорын ешқайда тыңайтқыш іздеп әуре болмайды. Күйген қара топыраққа көшеттер үшін құнарлы деген табиғи өнімдерді қосып, сапалы тыңайтқыш жасаудың да тәсілін меңгеріп алған. Мұны да адалеңбектіктердің мықтылығы демеске амал жоқ…
Аймағымызда суармалы жерлерге су жеткізу тұрмақ ауызсудың өзі өзекті болып тұрған тұста «Адал Еңбек» ЖШС кәсіпорнының жұмысшылары қыруар іс тындырып отырғанын бірі білсе бірі білмес. Қазақта: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Бір кездері жеті қат жер астында қоғам игілігі үшін кен қопарып, ел ырысын тасытқан кеншілер бүгінде туған өлкемізді, қоршаған ортаны көгалдандыру ісіне белсене атсалысып келеді. Бұл жалпы адамзат игілігіне жасалған жақсылыққа балануы керек. Себебі, олардың қолымен егілген әрбір тал келер буынға естелік болып жетері ақиқат. Сондықтан баршамыз ЖШС Адал Еңбекке жанашырлық танытып, қаламызды көгалдандыруға бірге атсалысайық!