Ұлытау ауданында туристік әлеуетті дамыту бағытындағы нақты істер жалғасуда. Осы орайда, аудан орталығына жақын орналасқан «Тасбұлақ» демалыс аймағында ауқымды абаттандыру жұмыстары басталды. Аталған жобаға «Қазақмыс» корпорациясы демеушілік жасап отыр. Бұл – ірі өндіріс орнының өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға қосып отырған нақты үлесі.
Жобаның алғашқы кезеңінде тротуарлар төселіп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Аумақты жарықтандыру жүйесі тартылып, шағын сәулеттік нысандар орнатылып жатыр. Сонымен қатар, автотұрақ пен арнайы демалыс аймағын жабдықтау жоспарланған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жаңарған демалыс орны тамыз айында толықтай пайдалануға беріледі деп күтілуде. «Бұл – тек абаттандыру емес, өңірдің дамуы мен тұрғындар игілігі үшін жасалған қадам», – дейді жауапты мекеме өкілдері.
Орайы келгенде айта кетейік, аудандық бюджет қаражаты есебінен «Тасбұлаққа» апаратын жол бойында балалар ойын алаңының құрылысы да жүріп жатыр. Бұл нысан 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ел игілігіне берілмек.
Жалпы алғанда, «Тасбұлақ» маңындағы жұмыстар аяқталған соң, бұл аумақ аудан тұрғындары мен туристер үшін тартымды демалыс орнына айналады деген сенім мол.
Ізтай Белгібайұлы.
Ұлытау ауданы