Қандай да бір кәсіп адам жүрегінен орын алып, орныққанда ғана белгілі бір нәтижеге жетелейді. Өндірісте еңбек жолын әртүрлі саладан бастап, кейін бағытын өзгерткен азаматтар жетістікке жетіп жатады.
Mен сөз еткелі отырған келесі кейіпкер мектептен – металлургияға бағыт алған азамат. Руслан Естай балқаш мыс балқыту заводында биыл 7 жыл еңбек етуде. Оның алғашқы мамандығы дене шынықтыру және спорт маманы.
Екі жыл мектепте сабақ берген ол, 2017 жылы заводтың конвертор учаскесіне жұмысқа орналасты. Алғаш жұмысқа қабылданғанда бесінші ауысымдағы Мейірхан Мұқашевтің тәліміне келді. Тәлімгерінен өзінің атқаратын жұмысының мән-жайын толық біліп, ол атқарған жұмыстың барысына араласа жүріп, көп істің жай-жапсарын ұғынды.
Қазір Руслан Естайұлы конверторге қара мыс берудің жолдарын меңгеріп алды. Жұмысқа қабылданғанда 3 разрядты маман болса, қазір 6 разрядқа көтерілді. Бұл Руслан Естайдың осы мамандыққа деген ынтасының ерекше екендігін аңғартса керек. Өзінен кейін келген жастарға ағалық кеңестерін де беруден қашпайды. Қазір тәлімгерлігінде Сержан Ашилов есімді жас маман шыңдалып жүр.
Русланның алғашқы мамандығы денешынықтыру және спорт болғандықтан, ол салауатты өмір салтын өмірінің негізіне айналдырған. 2017 жылдан бері балқаш мыс балқыту заводының футболдан құрама командасында ойнайды. Бұл құрама команда бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Жақында металлург күніне орай өткен жарыста І орынды иеленді.
Металлургия саласы жалынды да қайратты жастардың да даңқын шығарарына сенім мол. Жас та болса, еңбегімен көзге түскен Руслан Естайұлы ұжымының мақтанышы.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
БАЛҚАШ.