Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде «Тарихта өз атыңды қалдыр» атты акциясы аясында белгілі әнші, сазгер, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Жақсыкелді Сейіловтің жеке заттарын музей қорына табыстау бойынша «Текті тұлға, бекзат болмыс» атты іс-шара өтті.
Жақсыкелді Сейілов Теректі ауылында 1949 жылы өмірге келіп, 1997 жылы өмірден өтті. Жақсыкелді Уәлиұлы – елімізге кеңінен танымал болған «Қаракөз» вокальды-аспаптар ансамблін ұйымдастырушы. Жезқазған облыстық зағиптар қоғамының төрағасы, «Жезкиік», «Байқоңыр», «Ән – көңілдің ажары» ансамбльдерінің музыкалық көркемдеушісі болды.
Іс-шараға Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларынан келген қонақтар – мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі өнертанушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Мәди Артығалиев, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі Әли Тойжігіт, Қазақстан Республикасы Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қырғыз Республикасының мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі Әшмұхан Жампейісов, Ж. Сейіловтің отбасы, туысқандары, әріптестері, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.
Шаһар басшысы өз сөзінде тұтас бір ұрпақтың сазгердің әндерімен өскенін, оның шығармашылығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіндігін тиек етті. Қатысушылар назарына Жақсыкелді Сейіловтің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнесюжет ұсынылды.
Жезқазған тарихи-археологиялық музейі жыл сайын дәстүрлі түрде «Тарихта өз атыңды қалдыр» атты акциясын ұйымдастырып келеді. Осы акция аясында Ж. Сейіловтің қолданған заттарын музей қорына салтанатты түрде тапсыру мақсатында Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларынан қонақтар келді. Жақсыкелді Сейіловтің қара баянын осыдан ширек ғасыр бұрын Алматының музейлерінің біріне алып барып қоймақ болған Мәди Артығалиев Жақсыкелді Сейіловтің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші журналист Әшмұхан Жампейісовтің қолқалауымен туған топырағына қайтарса, белгілі журналист, сазгердің жанашыр серігі болған Әли Тойжігіт дипломатын табыс етті. Олар Ж. Сейіловтің қазақ ән өнеріне қосқан үлесінің ерекше екендігін баяндады. Экспонаттарды музей қорына музейдің бас қор сақтаушысы Шарапат Әуелова қабылдап алды. Ж. Сейіловке арналған көрме бойынша экскурсияны музейдің ғылыми қызметкері Ақнұр Рахметова жүргізді.
ҚР Ақпарат саласының үздігі Әшмұхан Жампейісов, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Т. Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншісі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Ғалым Мұхамедин, ширек ғасыр Жезқазған музыкалық училищесінің басшысы болған Қуандық Стамбакиев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Береке Көшенов, «Мысты өңір» газетінің директор-бас редакторы Төлеш Асанов, Т. Қалмағанбетов атындағы филармонияның басшысы Нұрлан Хамзин Жақсыкелді Сейілов жайында кеңінен сөз қозғады. Музей қызметкерлерінің Жақсыкелді Уәлиұлының артында қалған мұраларын жинақтап, арнайы қор жасақтап, есімін кейінгі жастарға ұлықтаудағы еңбектеріне сазгердің зайыбы Зейнеп, ұлы Жанбота, інісі Бақыт алғыстарын білдірді.
Шара барысында Жақсыкелді Сейіловтің есімін кеңінен насихаттау мақсатында республикалық деңгейде ән байқауларын тұрақты ұйымдастырып, есімін Жезқазған музыкалық колледжіне беру туралы ұсынысты қайта қарау қажеттігі айтылды.
Сазгерді еске алу кешінде Ғалым Мұхамедин бастаған бір топ Т. Қалмағанбетов атындағы филармонияның әншілері «Жезкиік», «Достық сағыныш», «Неге солай», «Кездесу» әндерін шырқады.
Шара соңында музей басшысы Раушан Қапарова сөз сөйлеп, қонақтарға Алғыс хат табыстады. Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төлеген Бүкіров ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Әшмұхан Жампейісовке Арқаның ардақты азаматтарын насихаттаудағы ерекше еңбегі үшін «Кетбұқа» атындағы төсбелгіні тақты. Кеш Береке Көшеновтің орындауындағы Жақсыкелді Уәлиұлының «Ұлытауым» әнімен түйінделді. Бұл шара сазгердің өмірден өткеніне 25 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.Суреттер автордікі.