31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл ел тарихындағы ең қасіретті беттердің бірі. Тоталитарлық жүйенің тікелей құрбаны болған жазықсыз жандарды еске алу – бүгінгі ұрпақтың адамгершілік әрі тарихи парызы.
Кейбір деректерге сүйенсек, 1930–1950 жылдар аралығында Қазақстанда 3 миллионға жуық адам аштықтан қырылып, 124 мыңнан астам азамат саяси себептермен қуғындалды. Олардың арасында қазақтың бетке ұстар оқығандары, ел басқарған тұлғалар, ұлттың жоғын жоқтаған зиялы қауым өкілдері болды.
Ұлытау – Жезқазған өңірі де зобалаңнан сырт қалмады. Бұл өңірден шыққан талай тұлғалардың тағдыры тарихтан өз орнын ала алмай, көлеңкеде қалып келеді. Солардың бірі – Құрманғали Сарыұлы Альжанов.
1907 жылы Қарағанды облысы Қарсақбай ауданында дүниеге келген Құрманғали Сарыұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында партия хатшысы қызметін атқарған. 1937 жылы «жапон тыңшысы» деген жала жабылып, НКВД тарапынан 58-бап бойынша айыпталып, Иркутск қаласына 5 жылға жер аударылды. 1942 жылы лагерде зорлық пен қысымнан қаза тапты. Тек 1956 жылы ақталды.
Оның жары Мадиян Нұрланова 1912 жылы Верный қаласында туған. Алматы педагогикалық техникумын бітіріп, өмірін партия және қоғам жұмысына арнаған. Жолдасы тұтқындалған соң, екі баласымен Нарынқолға жер аударылды. Соғыс жылдары аудандық партия комитетінің хатшысы болды, майданды қамтамасыз ету жұмыстарына белсене араласты. Кейін Алматы қаласына көшіп, зейнет жасына дейін кондитер фабрикасында парторг болып еңбек етті. 1980 жылы өмірден озды.
Қарсақбайлық Рысбай Шабатовтың қайғылы тағдыры да сол зобалаң жылдардың өшпес ізі. 1897 жылы Жезді өзені бойында дүниеге келген Рысбай Шабатов – ерте жастан жетім қалып, ауыр тұрмыс кешкенімен, білім мен санаға ұмтылып, Алаш зиялыларының көзқарасымен сусындаған азамат еді. Түркістан, Қарнақ, Троицк медреселерінде білім алды. Қарсақбай зауытында жұмыс істей жүріп, саяси белсенділік танытты. 1928 жылы Қазақстан тілшілер съезінде партиялық сын айтып, сол үшін Голощекиннің нұсқауымен партиядан шығарылып, кейін ату жазасына кесілді. Артында қалған жалғыз ұлы Әділтай жетімдер үйіне тапсырылды.
Мұндай тағдырлар тек жеке адамдардың емес, тұтас халықтың қайғысы. Өткенге тағзым етіп, сол бір зұлмат жылдардың құрбандарын еске алу – біз үшін өнегелі іс. Ел үшін еңбек еткен, әділетсіз жазаға ұшыраған жандардың есімін жаңғырту – тарихи әділдіктің қалпына келуі.
Серік Орал,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.
Астана қаласы.