Елімізде «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Біздің өңірде бұл штабтық оқу-жаттығу Жаңаарқа ауданына қарасты Қарағаш ауылдық округіндегі Қараағаш орман шаруашылығында өткізілді.
Оның мақсаты – табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою бойынша азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық және салалық қосалқы жүйелерінің дайындығын тексеру, өрт қаупі кезеңінде қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру.
«Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы сағат 10:00-де басталды. Бір топ адам табиғат аясына демалысқа шығады. Сәйкесінше, өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамай сөндірілмеген отты қалдырып кетеді. Бұл жағдай өрттің туындауына себеп болып, жалын орман алқабына тарайды. Ауылға да қауіп төніп тұр. Басқа топ, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Оқиға орнына жедел түрде төтеншеліктер жетеді. Арнайы штаб құрылады. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бірнеше күйік және иіс тию белгілері бар екі зардап шеккен адамды табады, алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Өрт сөндіріледі. Бұл, әрине тек оқу-жаттығу көріністері.
Оқу-жаттығуға Ұлытау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ орман шаруашылығы мекемелері қатысты. Жалпы саны 90 қызметкер мен 26 техника бірлігі жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары, күштері мен құралдары өрт қаупі кезеңіндегі төтенше жағдайлардың салдарын жоюға жалпы дайын екендігі анықталды.