Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның өндірістік нысандарын аралады. Сапар барысында ол қызметкерлердің еңбек жағдайымен, сондай-ақ 2025–2029 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартта көзделген жұмыскерлерді қолдау шараларымен танысты.
Сонымен қатар министр өндірісте жарақат алған және кәсіптік ауруға шалдыққан жұмыскерлермен кездесті. Әңгімелесу барысында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның Басқарма Төрағасы Нұрахмет Нуриев жұмыс берушінің бастамасымен берілетін ай сайынғы 10 АЕК мөлшеріндегі қосымша төлемді ерікті медициналық сақтандыруға алмастыруды ұсынды. Бұл сақтандыру жұмыскерлерге ауруға шалдыққан жағдайда 2,5 млн теңгеге дейінгі шығынды өтеуге мүмкіндік береді.
Еңбек министрі Светлана Жақыпова зиянды өндірісте еңбек ететін отандастарымыздың еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру бағытында министрлік тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтып өтті.
«Жыланды» кенішінде басқарма төрағасының орынбасары Саят Бакиров министрге инфрақұрылымды жаңғырту, еңбек жағдайын жақсарту және өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған іс-шаралар жоспарын таныстырды.
Сапар қорытындысы бойынша Светлана Жақыпова «Қазақмыс» корпорациясының ұжымдық шарты еңбек қатынастары мен жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты жүйелі әрі жауапты ұстанымын көрсететінін атап өтті.
Ұжымдық шартқа енгізілген жаңалықтардың қатарында мыналар бар: бұған дейінгі шартпен салыстырғанда сәби туғанда төленетін жәрдемақы мөлшері бес есеге арттырылды. Некеге тұратын жұмыскерлерге де осындай төлем қарастырылған. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған жұмыскерлерді қолдау шаралары күшейтілді.
«Қазақмыс» еңбекті қорғау, ерікті медициналық сақтандыру және еңбек әулеттерін қолдау бағытында саладағы ірі бағдарламаларды іске асыратын әлеуметтік бағдарланған компания болып қала береді. Компаниялар Тобының 2025 жылға арналған әлеуметтік бағдарламаларының жалпы бюджеті 12,4 млрд теңгеден асады.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС PR департаменті.